ӨМІРІ ӘСЕМ МУЗЫКА

0
26

немесе «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, «Үздік ұстаз», Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатын алған білікті музыка маманы Манат Әбдірешова туралы бір үзік сыр.

Манат Самайылқызы Жалағаштағы теміржолшы Смайыл ағаның ең кенжесі. Есімі Қызылордаға танымал атақты теміржолшы, облыстық мәслихаттың депутаты болған Смайыл Әбдірешовтің балаларының бәрі оқыған. Осы Манаты ғана өміріне музыканы серік еткен. Өзі Жалағаштағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте оқып жүріп-ақ, музыкадан дәріс беретін Тынымкүл әпкейінің аузынан шыққан әр әуезін айнытпай қағып алатын. Әрине өзіне әліппе үйреткен Қатша апайын да ұмытпайды. Сынып жетекшісі Қиназар Қосжановтың, математик Қымбат Исқақованың дәрістері санасынан әлі күнге дейін шыққан емес. Дегенмен №1-ші музыка мектебі, ондағы өзін ең алғаш домбыра тартуға үйреткен күйші Қали Ибраевтың сабақтары жадында мәңгі сақталып қалыпты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші ол осы оқу орнын үздік бітірді.
Осыдан соң Манат Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәмбетова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде оқыған үш жылды да ешқашан санасынан шығарып көрген емес. Өйткені ол музыка әлеміне еніп, өзіне бұрын беймәлім болған дүниені ашты. Домбыра класындағы білімін Көпбай ағайы одан әрі қарай дамытса, Наталья Григорьевна Бубнова фортепиано аспабы арқылы оған сырлы сандықтың кілтін ұстатқандай еді. Училище қабырғасында жүріп оркестрге қатысты. Ол сондай-ақ, тайтұяқ, сылдырмақ, асатаяқ, баян сияқты аспаптарды да жақсы меңгерді. «Нұргүл» және «Алтын арай» ансамбльдерінің белді мүшесі болды. Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, лауреат атанды. Оқу бітірген жылы Жалағаштағы бала бақшада бүлдіршіндерге дәріс берді. Үш жыл ұстаздық ете жүріп аудандық байқаудың жеңімпазы атанып, Құрмет Грамотасына ие болды.
1984 жылы ол ЖЕНПИ-дің музыка факультетіне түсіп, оқуын одан әрі қарай жалғастырды. Бұл кезде Манат музыкаға түгелдей тәуелді болып қалған. Оның ойынан жатса-тұрса жақсы әуез, әдемі күй кетпейтін. Ол осы жоғарғы оқу орнында өзіне дәріс берген Жібек Шерниязованың, Қайырлы Ислямовтың дәрістерін ұмытпайды. Өйткені ең алғаш оркестрде домбыра аспабында ойнап, көзге түсті. Институтты бітірген жылы оған музыка пәнінің мұғалімі, хор және қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері мамандығы берілді. 1988 жылы Манат Смайылқызы жолдамамен Ұзынағаштағы Мыңбаев ауылына келді. Сөйтіп, музыкадан шәкірттерге дәріс бере бастады. Ауылдағы бала бақшада бүлдіршіндерге музыка пәнінен жетекшілік етті. Бұл кезде оның үйленгеніне тоғыз жыл болып қалған. Үш баласы бар ұстаз үшін, ауыл мектебіндегі азын-аулақ жалақы тұрмысын жеңілдете қоймады. 1991 жылы оны Алматыдағы «Бөбек» қоры №1-ші балалар үйіндегі №5-ші арнаулы мектепке музыка мен безендіру ісі бойынша жетекші жұмысына шақырды. №5-ші мектеп-интернаттағы есту қабілеті нашар балалармен (сурдопедагогикалық) жұмыс істеу өте қызық болды. Сөйтіп ол 1998 жылы Меркіге қоныс аударды.
Алғашқы кезде №18-ші Ақкөз батыр Қосанов атындағы мектепте, одан соң сегіз жыл ұдайы Сыпатай батыр мектебінде музыка және өнер пәнінен оқушыларға сабақ берді. Манаттың білімі мен тәжірибесіне директорлар қызығатын, сондықтан болар ол бір мезгілде Ақерменде, Трубицинде дәріс беріп жүрді. Қайда жүрсе де жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз ұстаз көзге түспей қоймайды. Мәселен, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде үрмелі аспапты меңгерсе, Ақкөз мектебінде жүргенде «Сұлтан Бейбарс» атты спектакль қойып, облыс бойынша бас жүлдеге ие болады. Осы жетістігі үшін оған аудандық білім бөлімінің, кәсіподақтардың және «Атадан мұра» қоғамдық қорының Құрмет Грамоталары табыс етілді. Сөйтіп, ұлағатты ұстаз талай дарынды баланың өнерге деген құштарлығын оятты. 2001 жылы Б.Қылышбеков екеуі бірігіп, «Ақкөз бабам» атты мектеп гимнін жазды. 2005 жылы оның «Желтоқсан құрбандарына» арнаған өлеңі жарыққа шықты. Осы туындыға сазгер Қалия Сейітхалықова ән жазып, осы ән «Далам менің» атты жинаққа енді.
Ұстаз тәрбиелеген шәкірттер де көзге түсе бастады. Мәселен, шәкірті Шалқар Ерсайын «Абай мұрасы» танымдық порталы ұйымдастырған «Көңілімнің санасы» байқауында бірінші орынға ие болды. Сол жылы ұстазға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хаты берілді. 9 сынып оқушысы Нұрым Қыдырбеков «Дәстүрлі әндер» онлайн байқауында бірінші орын алды. Сондай-ақ, Айжан Мырзахан, Динара Қалмаханбетова, Ерқали Мейіржан, Жалғас Асқанатұлы, Көркем Айдархан, Әсел Тоқтанбек, Мәншүк Әлім, Аяулым Медералы сынды шәкірттері оның мерейін өсіріп жүр. Педагог халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып ерекше көзге түсті. «Тәуелсіздік бақытым» атты әндер жинағын жарыққа шығарды. Педагог осы кезде облыстың ағартушылар қауымына кеңінен танымал бола бастаған еді. Ол облыстық «Музыка пәні мұғалімдерінің панорамалық сабақтары»байқауында бір көзге түссе, артынша «Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына» арналған сыныптан тыс іс-шараларда өзінің терең теориялық, кәсіби шеберлігін көрсетіп, тіпті өзінің жазған өлеңдерін оқып, байқаудың үшінші дәрежелі дипломына және заттай сыйлығына ие болды. №16-шы мектептің тарихына ұстаздың «Асыл мектебім» атты әнұраны енсе, оның «Музыка пәнінлегі сатылай кешенді талдау технологиясын пайдаланудың тиімділігі» тақырыбына жасаған баяндамасы үшінші дәрежелі дипломмен аталып өтті. Оның «Ұстаздар туралы ең үздік шығарма»атты байқаудағы, сондай-ақ семинар-практикум, конференциялардағы жасаған баяндамалары көпшіліктің көңілінен шықты. Бәлкім сондықтан болар ол «Жыл мақтанышы – үздік мұғалім» дипломымен марапатталды.
Қазір ол Екпінді орта мектебінде ұстаздық етеді. Тәлімгер-ұстаз ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған өнегелі отбасының иесі. Оның петагогикалық еңбек өтілі биыл 38 жылға толады. Манат Смайылқызы Әбдірешова Желтоқсан оқиғасының да куәсі. Желтоқсан ардагері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ол өзінің бос уақытын өлең жазып, ән шығарумен, сурет салып, спортпен шұғылданумен өткізеді. «Тәуелсіз елім – бақытым» патриоттық әндер жинағы оның шалқар шабытынан туған творчествосының жемісі дер едім. Егер оның омырауында «Музыка пәнінің үздік мұғалімі» төс белгісі, «Желтоқсан көтерілісіне – 35 жыл» медалі жарқырап тұрса онда бұл марапаттар ұстаздың жүріп өткен жарқын жолының айғағы болғаны ғой.
С.Қожеке.
Меркі ауданы, Екпінді орта мектебі
Суретте: «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, «Үздік ұстаз», Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатын алған білікті музыка маманы, желтоқсан ардагері Манат Әбдірешова.

Comments are closed.