Малдың жайын баққан білер

0
77

Қазақтың тұрмыс-салты төрт түлік малмен тығыз байланысты. Әсіресе, ілкіде көшпенді өмір сүрген халықтың әлеуметтік жағдайы қорасындағы мал санымен өлшенетін еді. Жаз – жайлауда, қыс – қыстауда мал басын аман сақтап қалған жұрттың еңсесі – биік, мақсаты – айқын. Себебі, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дегенді құлаққа құйып өскен елміз.

«Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Адам баласы кез келген кәсіпке барын салса, нәтижесі де көңілге қонады. Әсіресе, мехнаты көп атакәсіп – мал шаруашылығын дамыту әуелі тәуекелді қажет етсе, екіншіден тынымсыз еңбекті талап етеді. Мал шаруашылығымен тіршілігі жанданған қазақтың көктем шықса болды «Қой қоздап, қорада шу…» деп келетін сөзі құлақта жаңғырады. Әдетте көктемгі мал төлдету маусымында бұл тіркестің мәні ерекше жылы естіледі. Төрт түлік төлі көбейіп, мал басының артуы құт-берекенің бастауы деп бағамдайтынымыз да ақиқат. Малшылар жыл бойы төрт түлікті қаптата жайып, төлін көптеп өргізу үшін әрекет етеді. Осы орайда ауданындағы «Жылы бұлақ-Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысымен орта құмдағы жағдайымен танысып қайттық.
Шаруашылық аудандағы төрт түлікті малды өсіретін ірі шаруашылықтың бірі. Серіктестікте 21 мыңнан астам бас меринос қойы, 200 бас ірі қара, 500 бас жылқы, 62 бас түйе бар. Мұнда 76 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік зоотехнигі Уалихан Керімқұлов өзінің шаруашылықта он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келгенін айтып, бүгінгі таңдарғы шопандар жағдайын баяндап берді.
– Биыл ауа-райы жақсы болды. Өрісіміз кеңейді. Құм жайылымы мал шаруашылығына өте қолайлы. Төрт түлік малымыз төлдеп жатыр. Әр жүз бас қойдан 105-110-нан қозы алып жатырмыз. Шопандарымыз көпжылдардан бері мал бағумен айналдысып, әбден қыр-сырын меңгеріп –ақ алды. Өздері онша-мұнша мал ауруларын емдей береді. «Мал баққанға бітеді» демекші біз серіктестік мүшелері шопандарға жағдайдың бәрін жасап жатырмыз. Шаруашылық 32 отар қойды қыста қыстауда, жазда жайлауда бағуда. Отын суы уақытылы жеткізіліп отырылады. 32 отар басында соншама отбасы отыр. Бәрін айлық ақымен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеміз. Үй-жайларының да жағдайы жақсы. Аккумулятор тоқ желісі арқылы теледидар да орнатып бердік. Мал төлдету бірнеше күннен соң бітеді. Қырқынға барып, ары қарай жайлауға — тау бөктеріне қарай шопандар көшуді бастайды, -деді шаруашылық зоотехнигі.
Биыл «Жылы бұлақ» ЖШС Шу қаласынан асыл тұқымды қошқардың бірнеше басын сатып алып, отарға қосқан. Бұл шопандардың асылдандыру жұмысына ерекше мән беретінінің көрінісі. Қазақта «ақ қой» деп аталып кеткен меринос қойы жүні биязы, еті дәмді. Ветеринар дәрігерлер шаруашылық малын тұрақты тексеріп, тиісті ем-домын жасап тұрады.
Тоқтағұл Рахманқұлов төрт жылдан бері осы шаруашылық малын бағын келеді. Білікті шопан биылғы сақпан сәтті әрі өнімді өтіп жатқанын айтты.
– Төрт түлік малдың қыр-сырын біліп алдық қой. Өзімді тәжірибелі маманмын деп санаймын. Шаруашылық басшылары мал бағуға барлық қолайлы жағдай жасап беріп отыр. Бізге тек малды жақсы қарау ғана міндет. Уайым-қайғымыз жоқ. Қарнымыз тоқ, — деп қысқа қайырды.
Тағы бір шопан Берік Мәдешев:
– Биылғы қыстың кәрін айтпаса да білесіздер. Қаншалықты қиын тисе де көктемге есендікпен жеттік. Мал төлдету маусымының жалпы нәтижесі қыстың жайлы-жайсыздығына байланысты болады, десек те біз әр 100 саулыққа шаққанда қозы есебі басына бас болады деп болжаудамыз, – деген ойын білдірді.
Меркі ауданының экономикалық жағдайы ауылшаруашылығына тікелей байланысты десек болады. Соңғы жылдары ауданда мал басы көбейіп, халықтың тұрмыс жағдайы көтерілуде. Бұған себепші әрі көмек болып отырған жобасы да бар. Былтыр ауданда «Ауыл аманаты» бұл пилоттық жоба жақсы нәтиже көрсеткен еді. Бұл Үкіметтен қолдау тауып, қазіргі таңда облыс аумағында нақты іске асырылуда. «Ауыл аманаты» деп аталатын жобаға Меркі ауданынан үш ауылдық округ еніп, алдағы уақытта тағы екі ауыл енеді деген жоспар бар. Бағдарлама аясында ауылдықтар мал басын көбейтіп, егіс егіп, еңбек етуде.
Ал, жылыбұлақтықтар еңбектің тайқазанын қайнатып, өрісін малға толтырып отыр.

Ләззат Серікбай,
аудан әкімдігінің Баспасөз хатшысы

Comments are closed.