Туған жерге, туынды тік Мерейлі Меркі – Арайлы аймақ

0
3712

«Халқымызда туған жеріңе ту тік» деген қанатты да қасиетті сөз бар. Туған жерге ту тігу үшін, оның қадір-қасиетін сезіну, барын бағалап, жоғын түгендеп, кетігін бүтіндеп барып, ой түйіп, оны сүйіп, аялап туың тігуі керектігін әр азамат білуі керек, түйсінуі керек, көз қаритын сұлулығына сүйсінуі керек деп білеміз.
Міне осы бағытта, ауданның бастамашыл азаматтарының, аудан басшылығының  түрткі, ынталы болуының арқасында екі ай шамасы бұрын «Merke News» сайты арқылы «Алтын аймақ шақырады» атты «Әулие Көл» – Көк Көл» – Қарақыстақ тау жайлауына ауданда туристік саланы дамыту мақсатында жорық-экпедиция ұйымдастырылатыны жарияланған еді. Оған жүзден аса адам ниет білдіріп, соның ішінен облыстық туризм басқармасы, облыстық туризм индустриясы ассоциациясы  өкілдері бар, «Jambul»,  «Qasahstan» Ұлттық арнасы тілшілері, «Меркі Ақиқат», «Арай» облыстық жастар газетінің журналистері, аудан кәсіпкерлері, аудан басшысы, білім, спорт бөлім, қоғамдық ұйымдар өкілдері, әр саланың мамандары бар, қырық адамға жуық қатысушысы бар экспедиция сенбі, жексенбі демалыс күндері сырлы «Сандық» киелі «Қарақыстақ» жайлауына мақсатты іс-сапарға шықты.
Жорық мақсаты Меркі ауданында туристік саланы дамыту, оны аталған табиғаты тұнық, суы шипа, ауасы жанға дауа, аты аңызға айналған, бар құпиясын әлі де бауырына басып жатқан, халық «Әулие көл» деп атап, бас иіп, тәу етіп келген «Көк Көлді», кіші «Әулие Шоқы», Үлкен «Әулие Шоқыны» көзбен көріп, жалпы «Сандық» жайлауы мен «Қарақыстақтың» туристік әлеуетін бағамдау, оған қандай инфра-құрылым, қай бағытты қалай дамытса, ел игілігіне жаратса, болады. «Меркі-Қасқасу-Қарақыстақ», «Меркі – Құлан – Сандық» «Меркі – Ойранды – Қарақыстақ – Сандық»  жолдарының жай-күйін, сапасын, тиімділігі мен жұмысының шама-шарқын т.б анықтау, сонымен қатар әрине таза ауа жұтып, табиғатын тамашалап, бар нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстап бағамдау.
Сонымен Меркіден шыққан алғашқы, салихалы, әр түрлі өз мамандықтарының білгірі, туған жерін «пірім» деп түсінетін экпедиция мүшелері Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылынан басталатын, қыста қары жарты күн жатпай еріп кететін, барлық төрт түлік мал қыстай қолға қарамай өз тұяғымен жайылып, қоңын жоғалтпай, төлін түлетіп шығатын, қой қоралаған қотанның құмалағын жиып, суырып, кешке темір пешке жағып, асын әзірлеп, шәйін терлеп-тепшіп сараптап ішіп отыратын атақты «Қарақыстақ» жайлауына ат басын түзеді. «Көк Көлге» дейін асып-саспай жүрсе бес сағатта жетуге болады екен. Асу асып, жүз бір шақырым жерді басып келген жорықшылар, осында «Ақ тастыдан» алтын кенін қазып жатқан кеншілер салған қара жолмен тура «Көк Көлдің» басына келіп, «жүктерін» түсірді.
Ия, айнала көк шалғын. Ілгеріде аталарымыз «Құдайдың құдіретін көрем десең, тауға бар» деген екен. Міне соған өзіміздің де көзіміз жетіп отыр. Тау шатқалына кіре бере бізді күтіп алған «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің қорықшылары бастап алып жүріп, жол-жөнекей мал бағып, кәсіп жасап отырған малшылармен, әр сайдың атауымен, олардың ерекшелігімен барынша таныстырып, «Қарақыстақта» кезінде егін де еккенін, бір емес екі мешіт, тіптен балаларды оқытатын медресе де болғанын, кәзір де арпа, жоңышқа, картоп, көкөніс т.б. егіп отырғандар бар екенін қорықшы. Азат Еренсіз, жан-жақты білгенінше жеткізіп, айтып келді. Саяхат барысында жоғарыда айтылған орындарды көріп, естелікке суреттерін де түсірдік.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасы жасалып, бүгіндері еліміз бойынша туған жермен танысу, оны насихаттау барынша жанды жүргізіліп келеді. Біздің де алғашқы таныстығымыз жас ботаның көзіндей мөп-мөлдір болып, тұп-тұнық, тып-тымық боп жатқан «Көк Көлден» басталды. Әрине, айтулы әулие көл туралы аңыз әңгімелер де, көздерімен көргендердің баршаны қызықтыратын жайттары да көп. Ол өзінше бір хикая. Ал айналасы түгел тау-төбе, қазандықтағыдай көлдің ерекше қасиеті – еш жақтан су ағып келмейді, суы ағып кетпейді, сонда да деңгейі өзгермейді, қыста қатпайды, суы борсымайды, айналасы түгел тал-тарақ, арша, шырша, сансыз өсімдік, гүл өсіп тұрса да бірде-бір тал жапырақ бетінде жатпайды…    Өйткені арнайы барған топ  биіктен түсіру үшін дрон ұшырып түсірмек болғанда «ақылды» қондырғы көл жақты түсіре алмады. Тіптен ол жаққа қарай ұша да алмай дал болды. Төрт көзі түгел қадалып тұрған экскурсанттар да бұл құпияға қайран қалды. Дрон түсірмек тұрмақ, белгілі бір қабырғаға тірелгендей белгілі жерден әрі аса алмады. Оны өз көзімізбен көріп, таң қалдық. Ойға баттық…
Кезінде Анатолий Печерский деген ағамыз, жеміс-жидек кеңшарындағы мектеп балаларынан «Жас натуралистер» үйірмесін құрып, бірнеше рет аталған көлге саяхат ұйымдастырғанын, ол Мәскеу мен Алматыдан шығатын газет-журналдарда жарияланғанын, тіптен аудандық газетте де шығып тұратынын жақсы білеміз. Ел арасында «Ақ бураның көлі», ақ бураның, түйенің дауысындай дауыс шығады, айдаһар да көрінеді дегенді естігенбіз, оқығанбыз. Сол әулие көл моп-момахан, тымырсық күйінде, желмен жәй ғана тербеліп жатыр…
Фотоаппараттарын, жол қапшығын арқалаған табиғатты қызықтаушылар айнала мүлгіген тыныштыққа, таза ауаға көкірегін кере демалып, түріне сан жетпейтін, біз өмірі көрмеген өсімдік пен гүлдерге тамсана қарап, «Сары көлді», «Жасыл көлді», «Бұзылған көлді», «Астау көлді» көріп, аралап, айналып, әр тасын сипап өтті десе болады.
Қорықшылар алты сара ала қаз бірнеше жыл осы көлдерді мекен етіп келе жатқанын, енді олардың қатарына қара Дегелек қосылды дегенін естігенде құлағымыз елең ете қалды. Біз тек жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың «Ақ дегелек» деген әнінен, отбасына сәби сыйлайтын ақ дегелекті ғана білетінімізді жасыра алмадық.
«Қарақыстақтың» көркін, сәнін, көз тартатын келбетін, сырлы сымбатын, самал желмен тербелген, жұпар исі аңқыған сан түрлі гүлдерін санап та, танып та білу мүмкін емес.
Қар басқан шыңдар, сілем-сілем шатқалдар, аспанмен тірескен арша, шырша, қарақыстақ өзенін байлай өскен тал, теректер де, аталарымыз уық жасайтын, тек қана осы жерде өсетін сәмбі талдар көз жауын алады, жаныңды тербетеді, көңіліңді қуанышқа бөлейді. «Міне, біздің еліміз, көрікті жеріміз, темірқазығымыз, алтын аймағымыз, ақ бұлағымыз, мөлдір шуағымыз, тұғырлы тұрағымыз», деп жар салғыңыз келеді. Оны көре бергің келеді, аралай бергің келеді. Осы құштарлық жорықшыларды кіші «Әулие Шоқыға» бастады. «Арайдың» фототілшісі Алтынбек Қартабай бастаған бір топ күн батыс жақтан, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлерден құралған топ теңіз деңгейінен 3610 метр биіктегі  «Әулие Шоқының» басына екінші жағынан шығып бағындырды. Биіктен «Қарақыстақ» бассейіні алақандағыдай көрінеді. Оңтүстіктен қырғыз ағайындардың «Қара қорым» ауылы мен – мұндалап тұр.
Ия, бабаларымыздың ен жайлауы, кең жайлауы болған жер бізді де таңқалдырмай қоймады. Ертеде төрт құбыладан батыстан, шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен шыққан бұлт, «Әулие Шоқыда» тоқайласып, бір айналмай өтіп кетпейді» дейді екен. Сол құбылыс та саяхатшылар лагерьге жетер-жетпесте қайталанып төрт жақтан қоршаған бұлт «Әулие Шоқы» басына келіп түйісіп, сіркіреп жауын болып жауып, бұршақ пен соңы қарға айналып барып тоқтады.  Жорықшы қыздардың бір айтқандай аспаннан «мұз» да жауды.
Түс аумай экпедицияға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен құрылған «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жедел тобының» басшысы, табиғатты қорғау облыстық кеңесінің төрағасы Ерназарбек Жантаев бастаған топ келіп қосылып, ұйымдастырылып жатқан іс-шараның мән-мағынасын арттыра түсті.
Сыйластары Ертан деп атап кеткен Ерназарбек мырза облыс әкімінің бастамасымен орман және жан-жануарлар дүниесін, қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән беріліп келе жатқанын, құрылған кеңес пен тікелей облыс басшысына есеп беретін «Сапсан» – «SapSan» жедел тобы да бұл іске айтулы үлес қосып жатқанын, соның негізінде жаңа ереже дайындалғанын, бүгінгі таңда облыс көлеміндегі фауна-флора, аңшылық мәселелері оңды шешімін тауып, іс оңға басып келе жатқанын шынайы жанашырлықпен, қуана жеткізді.
Табиғат ананы өз анасындай көретін, 40 жылдан аса атқарған өз мамандығын жанындай сүйетін азаматтан Меркі аймағында бірді – екілі болса да сілеусін, 5-6 қар барысы пайда болғанын, аң мен арқар, тау ешкісі, тау текесінің, шіл, кекілік, ұлардың, елік пен қабанның т.б. саны артып келе жатқанын естіп біз де қуанып қалдық, қуандық та ризалығымызды білдірдік. Сонымен қатар бұл салада атқарылатын шаруаның өзі шаш етектен екеніне көз де жеткіздік.
«Сандық» жайлауына бет алған экспедиция қиындығы ерекше, бірнеше серпантиннен тұратын асудан асып, жол-жөнекей асуда қарсы кездескен 6-7 жүрдек машинамен «Қарақыстаққа» – «Көк көлге» бет алған отызға тарта туристпен жүздесіп, туризимнің жайлап болса да дамып келе жатқанына қуандық. Кейін анық-қанығына көз жеткізсек, бұлар тараздық туркомпаниялар арқылы ақылы қызмет көрсетіп, ол үшін әр туристен 30000 теңге алып, апарып, әкелетін кәсіп иелері екен.
Жорықшылар «Сандық» пен «Шәйсандықтың» да айтып жеткізе алмайтын табиғи кереметтігіне тәнті болды. Осындағы он бірінші ғасырда батыс түрік қағанатының орталығы болған Сандықтаудағы бірден, екіден, тіптен бір қорықта үштен тұрған бал-бал тастармен танысты. Осында жайлаулап жатқан «Меркі» қой зауытының шопандарының жай-күйімен танысты. «Жолы болатын жігіттің, жеңгесі алдыңнан шығатыны сияқты» ақермендіктер өткізіп жатқан «Серне» тойының да үстінен түсіп, Сайлау мен Рабиғаның той дастарханынан дәм татып, игі тілек тілеп, руникалық жазба тастарға бет түзеді. Қысы ұзақ, қары қалың, тасы аз, тегіс асудың күнгей жағына демалыс, шаңғы, шана,  ат спортын дамыту, мұнда келетін жол сияқты мәселелерді зерделеп, оның нақты іс-жоспарын жасау керектігіне  көңіл бөлінді.
Ендігі сапар «Қарақыстақ – Ойранды – Меркі» жолымен ауылға қарай ойысты.
Ойранды асуы да өзінің әсем көркімен, сансыз сылдыраған бұлағымен тәнті етті. Осында аңыз бойынша Мұса Пайғамбар ұстаған асатаяқ жасайтын тіп-тік өскен қасиетті ағаш түрі көпшілікті өзіне ерекше тартты. Жорықшылар бұлақ көзін ашып, андыздап кеткен тау суын негізгі арнаға да бұрып, игілікті іс те атқарды.
«Ақсарай» жайлауына жетіп, елді мекендердің қарасы көрініп, ұялы телефондар іске қосыла бастаған сәтте экспедиция ат басын тартып, тыныстаған кезеңде, екі күнге созылған ең басты жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі Мейірхан Өмірбек шын мәнінде осы іс шара барысында алға қойған туризмді дамыту туралы  танымдық мақсаттар шын мәнінде жүзеге асқанын, оған қатысып, үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, алдағы кезеңде нақты жобалар жасалып, зерделеніп, ең бастылардың бірі – хауіпсіз жол мәселесі, туристердің қауіпсіздік жағдайын қарап жүзеге асыру кезең-кезеңімен қолға алынатынын  ойластырып отырғанын сеніммен айтты.

  • Дана халқымызда «жүз рет естігенше бір рет көзбен көрген артық» деген сөз бар, – деді аудан әкімі. – «Қарақыстақтың» да, «Сандық» жайлауының да жақсы жақтарын да, қиындықтарын, мәселелерін де өз көзімізбен көрдік. Енді дәйекті жұмыс жүргізіп, зерделеп, сараптап, тиімділігі жоғары шаруаны қолға алуға ниеттіміз.
  • Менің ұсынысым, – деді экпедиция мүшесі, «Арай» газетінің белгілі фототілшісі Алтынбек Қартабай. – Республикамызда фототілшілер қауымдастығы бар. Енді солардың басын қосып «Фотоэкспедиция» ұйымдастырсаңыздар одан да ұталарларыңыз көп болар еді.

Бұл ұсынысты қабыл алған аудан басшысы айтулы фотожурналистің еңбектерін, Альманах альбомын шығарысуға құлықты екенін білдіріп, бірлесе қимыл жасауға шақырды.
Өз кезегінде жорық барысында түйген ойларын ортаға салған облыс әкімдігінің туризм департаментінің бас маманы Салтанат Тулекова шын мәнінде Меркі ауданының туризм саласына көңіл аударғанына қуанышты екенін, бастаманың тиімді екенін айтып, сонымен қатар «Қарақыстақ», «Сандық» жайлаулары, табиғаты терең де құнды тарихы бар, туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасап тұрғанына ерекше назар аударды. Сапарды өте тартымды, жоспарлы, мақсатты, сәтті ұйымдастырған меркіліктерге ерекше ықыласын білдірді. Сол сияқты бұл істі әрі қарай дамыту керектігіне, әрі, осы жорыққа қатысқандардың айтулы шараға ұйымдасқан түрде қатысқанына, үлес қосқанына шынайы алғысын білдірді.
Ал бастамашыл топтың ұйымдастырушыларының, демеушілердің бірі Қанат Шайхиев Турцияда, Америкада, Белоруссияда, Қытайда т.б шет елдерде туристік сапармен болғанын, ондағы жағдайды баяндай келе:

  • Мына екі күнгі туристік саяхат мен үшін шетелдегіден екі есе қызықты өтті. Мына тележурналист Сәбит Әлдебаевтың шырқаған әндері, термелері неге тұрады?! Волейбол ойнап кәнігі спортшы екендеріңізді дәлелдедіңіздер.Үлкен Рахмет. Жаңа келе жатқанда көлігінің доңғалағы жарылып әуреге түсті. Мен «Jambul» телевидениесінің көлігіне төрт дөңгелек сыйлаймын. Қанаттың бұл сөзі қызу қуаттау мен қолшапалаққа ұласты.

Ия, екі күнгі  іс-сапар өте тартымды, өте тиімді, пайдалы өтті десек қателеспеспіз. Алған әсерден, көрген кереметтерден, табиғаттан алған күш, қуатта да, кеудені кернеген қуанышта да  шек жоқ. Экспедиция мүшелері мұндай іс шараны жиі өткізіп, жиі саяхатқа шығып тұруға уағдаласты.
Ал, осы сапарды ұйымдастыруға мұрындық болғандардың бірегейлері, дала асханасында дәмді ас әзірлеген, келушілерге қалтқысыз қызмет еткен Дулат Мұратұлы мен Еркін Бәкірбайға айтылған алғыста шек болмады.

 

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Серік Құралбай
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Меркі ауданы

Comments are closed.