Шекара – ел егемендігінің символы. Кез-келген елдің бастау алатын нүтесі – мемлекеттік шекара. Шекарамыз берік болса, елдің тыныш, бейбіт өмірде алаңсыз күн кешетіні мәлім. Осындай жауапкершілігі мол қызметті атқарып жүрген шекарашыларымыздың еңбегі ерен.
Биыл Шекара қызметіне 30 жыл толып отыр. Міне, осы уақыт ішінде мемлекеттік шекарамыз шегенделіп, құрлықтағы және судағы барлық шекарамыз айқындалды.Жылдар бойы ел тыныштығын қамтамасыз етіп, шекараны берік ұстап отырған шекарашыларымыздың айтулы мерекесі аудандық мәдениет үйінде кең көлемде аталып өтілді. Аталған іс-шараға Меркі ауданының Шекара басқармасына қарасты барлық қызметкерлер мен сарбаздар қатысты.Салтанатты шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев алған сөз сөйлеп, шекара қызметінің маңыздылығы мен жауапкершілігі туралы атап өтті. Ол өз сөзінде барлық аудан аумағында көрші мемлекетпен шекараны қорғап отырған шекарашыларды мерекемен құтттықтап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі. Одан соң Меркі аудандық Шекара басқармасының бастығы, подполковник Саят Ахтанов барша шекарашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі-тілегін білдірді. Меркі ауданы шекаралық аймақта орналасқандығын атап өтіп, көрші Қырғыз Республикасымен 267 шақырым бойына шекарамыз шектесетінін, шекара басқармасының аумағында 8 шекара бөлімшесі мен 2 өткізу пункті жұмыс жасайтынын тілге тиек етті.
Одан кейін, Шекара қызметінде ел тыныштығын күзетуде еселі еңбегімен еленген бірқатар шекара қызметкерлері аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «АMANAT» партиясының аудандық филиалының және Меркі аудандық шекара басқармасы бастығының «Құрмет Горамоталарымен», Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, тағы бірнеше шекарашыға мерейтойлық төсбелгі табысталды.
Атап айтсақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметәнің майоры Ринат Смагулов, аға лейтенант Меирбан Шайхынбеков, аға лейтенант Мақсат, Асқарбай, аға сержант Талант Жетпісбаев, Ардақ Көлән, аға сержант Абзал Сүлеймбеков, ефрейтор Серік Естемес мерейтойлық төсбелгілермен наградталды.
Сонымен қатар, Меркі аудандық Шекара басқармасының бастығы, подполковник Саят Ахтанов аудан әкімі Ж.Баубековке, Меркі ауданы ҚР ҰҚК бөлімінің бастығы С.Тұрғынбаевқа пен Меркі аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Тулақбаевқа да арнайы мерекелік төсбелгілерді табыс етті.
Басқарма басшысы аудандағы өзара әрекеттесетін бөлім басшылары мен мекеме басшыларына Алғыс хаттар табыс етті. Осы орайда аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудан прокуроры, аудандық екі газет редакторлары мен бірқатар азаматтар үлкен құрметке ие болды. Марапаттау салтанатынан соң аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік әншашу тарту етті.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»