NVIDIA компаниясы Higgsfield-ке қолдау көрсетуде

0
4

Ақордада NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесудің екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан үлесіне ризашылық білдірді.

– NVIDIA компаниясымен ықпалдастыққа соны серпін беру тұрғысынан сапарыңыздың мәні зор. Серіктестігімізді нығайту жолындағы және Қазақстанның игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтқым келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық ретінде атады, сондай-ақ биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салды. Мемлекет басшысы NVIDIA мен Higgsfield компаниялары арасындағы әріптестікті қуаттайды. Оның айтуынша, халқымыз аталған компанияның отандық технологиялық жобаларға атсалысқанын құп көреді.

NVIDIA жетекшісі Президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады. Бұл бастама жасанды интеллектіні дамытуға және оны кеңінен енгізуге бағытталған. Бұдан бөлек, компания басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды. «Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті», – деді Дженсен Хуанг.

Сондай-ақ ол NVIDIA компаниясының елімізбен ықпалдастығы аясында кейінгі жылдары елеулі табысқа қол жеткізілгеніне, технологиялық компаниялармен байланыстар нығая түскеніне назар аударды. «Соңғы жылы өзара қарым-қатынасымыз өте нәтижелі болды. Біз қазақстандық, соның ішінде Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» компанияларымен серіктестік байланыстарды дамыта бастадық. Сонымен бірге Қазақстанның алғашқы технологиялық сыңармүйізі саналатын Higgsfield компаниясына қолдау көрсетеміз. Бұл жоба жаһандық технологиялық экожүйеде ойып тұрып орын алды. Бірге атқарған жұмыстарымызға дән ризамын. Бұл біз еңсеретін жолдың басы ғана. Еліңіздің компаниямызбен ынтымақтастық орнатқанына қуанамын», – деді компания жетекшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін Дженсен Хуангты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

МҰНАЙ-ГАЗ,

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДАҒЫ

БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мұнай-газ саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысына екі елдің ұлттық мұнай-газ компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.

Тараптар мұнай-газ, энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады. Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, энергетика саласындағы бірлескен жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Жиында тараптар мұнай жеткізу көлемін ұлғайту, мұнай құбырларының өткізу қабілетін кеңейту, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын кеңейту, мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыру және жаңа энергетика бағыттарындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру, қолданыстағы келісімшарттардың мерзімін ұзарту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешу жолдары қаралды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жеделдетудің, өзекті мәселелер бойынша өзара тиімді шешімдер қабылдаудың, қол жеткізілген уағдаластықтардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР ГЕРМАНИЯ

НАРЫҒЫНДАҒЫ ПОЗИЦИЯСЫН НЫҒАЙТПАҚ

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайке Пайчпен кездесіп, тараптар өнеркәсіптік кооперацияны, инвестиция тартуды және бірлескен жобаларды дамытуды қосқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективасын талқылады.

Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық әріптесінің бірі болып қала береді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,5 миллиард доллар болып, 13,4 пайызға өскен. 2005 жылдан бері неміс инвестициясының жиынтық ағыны 8 миллиард долларға жетті. Қазақстанда неміс капиталы бар 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Одан арғы ынтымақтастық қазіргі өндірістерді кеңейтуді, жергіліктендіруді арттыруды және қазақстандық жеткізушілерді тартуды көздейді. Маңызды міндет – қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту және қазақстандық өндірушілердің Германия нарығындағы позициясын нығайту. Бұл жұмыстың негізі – 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы.

Тараптар Орталық Азияның өңірлік байланыстар мен халықаралық сауданы дамытудағы рөліне ерекше назар аударды. Хайке Пайч Германия мен Еуропа елдерінің сауда бағыттарын кеңейтуге және жаңа нарыққа шығуға жол ашатын аймақтағы ынтымақтастықты нығайтуға деген мүдделілігін білдірді. Серік Жұманғарин Орталық Азияның болашағы оңтүстік бағыттағы көлік қатынасының дамуымен байланысты екенін атап өтті. Қазақстан бағыттарды әртараптандыруға және аймақтағы елдермен байланысты нығайтуға мүдделі. Хайке Пайчтың айтуынша, мұндай бағыттардың дамуы тек Орталық Азия елдері үшін ғана емес, Германия үшін де қызығушылық тудырады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселесі бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және Қазақстан – Германия қатынасының өзекті бағыттары бойынша тұрақты диалогті қолдауға келісті.

Comments are closed.