Киелі Меркі туризмінің көкжиегі көрікті

0
134

Он екі, он үш ғасыр Меркі есімін жоғалтпаған ортағасырлық Меркі қаласының атын иемденген Меркі ауданы кезінде 90 жылдығын тойлады. Сол кезде келген қонақтар Жібек Жолы бойындағы Меркі қаласы, Меркі қамалы, 1404 жылы Ақсақ Темірдің Қытайға жасағысы келген соңғы жорығында, атты әскерінің тұрағы болған Аспара қамалы мен Аспара бекінісіне арнайы барып, тамашалап, тәу етіп, тарихқа тағзым етіп, жеке кәсіпкер Ахан Сәрсенбиевтің өзі тұрғызған сілтеме Монументпен танысып, 1965 жылдары осы жерде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде жауырынға жазылған жоқтау, бес-алты шумақ өлеңнің мәтінінен де хабардар болды.

Бізге жеткен белгілі деректерге сүйенсек Темірлан осы Аспара қамалында қатты ауырып, еліне қайта қайтып Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңында 1405 жылы қайтыс болып, Самарқандқа жерленіпті.
Егер сәл шегініс жасап Аспара қаласы туралы сілтеме-мағлұмат бере кетсек, бұл тарихи орын ЮНЕСКО-тарапынан да зерделеніп, зерттеліп жатқандығы. Белгілі археолог-ғалым Айман Досымбаеваның бастауымен бірнеше ғылыми экпедиция Меркі, Аспара қамалдарында болып жәй-күйімен танысты. Соның ішінде 30-ға тарта елдің ғалымдары бар, атап айтқанда Түркия, Иран, Пәкістан, Өзбекстан, Израил, Катар, Ресей, Болгария, Кавказ т.б. халықаралық экспедиция мүшелері, мүйізі қарағайдай тарихшы ғалымдар Аспара бекінісі Орта Азияда бірден бір жақсы сақталған, қайта қалпына келтіруге әбден болатын тарихи орын екендігін айтып, таңдайларын қағып кеткендігі. Тіптен одан соң да шамамен 10-12 жыл бұрын арнайы маман, ғалымдар, екі әйел бір ер азамат келіп, қамалдың барлық өлшемін, топырақ құрамын зерттеп, бекіністің бастапқы қалпының қандай болғанын анықтап, қайта қалпына келтіруге болатынын айтып, үш-төрт ай сызба жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми сараптама жасап кеткендігінен журналистік қызығушылықтың арқасында, жиі-жиі барып біраз мәлімет алғанымыз бар.
Олардың айтуынша қамал Аспара өзені суымен екі айнала қоршалған, солтүстігі мен оңтүстігінде есіктер болған, атты әскер дайындық, жаттығу жасайтын алаңы болған. Ол алаң бүгіндері балалардың футбол стадионы.
Бұлардың бәрін айтып, жіпке тізбелеп отырғандағы мақсатымыз, Егемен Еліміз өркениет бағытытында жаңа қадамдар жасап, өткен-кеткенімізді таразылып, өшкенімізді қайта өркендетіп, тарихымызды түгендеп, бет-бедерін анықтауға, соған қоса шежірелі салт-дәстүрімізді таныстыру үшін туризм саласына да ерекше мән беріп отырғандығын айшықтау.

Ал тарихы тереңдегі Жібек жолы бойындағы, Қытай жазбаларындағы Мыңбұлақ деп аталатын Меркі, облысымыздағы тұнып тұрған табиғаты да, орналасқан жері де, тап-таза таңғы шықтай ауасымен көпшілікті қызықтыратын орын екеніне ешкім де дау туғыза қоймас.
Өйткені бұл уәждерді Қытайдан қоныс аударып келген жазушы, журналист тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің профессоры Тұрсынхан Зәкенұлының «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің 1-желтоқсандағы 208-номерінде «Он оқ Ордасы» деген сенсациялық тарихи мақаласында, Киелі Меркі өңірі 6-7 ғасырда Батыс түрік қағанатының астанасы болғандығы, ол қағанат батысқа қарай дамығаны, тасқа таңба басқандай болып айтылады, шегеленеді.
Онда автор «Меркі Батыс түрік қағанатының, Он оқ тайпаларының құнарлы қонысы болған. «Он оқ» сөзі өз кезінде бүтін бір елдің атына айналған. Орхон бітік тастарында «Он оқ бұдыны», «Он оқ жұрты» деп аталған. Оның шығысына-бес дулу, батысына-бес нүшеби тайпалары қоныстанған. Жалпы он тайпадан құралған Түрік қағанатының берік символдық мәнге ие атауы бұл! Бастапқы мағынасы іштеріңнен тұтамдалған он жебедей берік болыңдар, сыртқы жауға «он жебедей қарсы атылындар дегенге саяды» дейді.

Ал Қытайдың әйгілі будда монахы Суан Цзанның естелігінде де «Сұяб қаласынан батысқа қарай 400 лиден астам жол жүріп Мыңбұлаққа жеттік. Оның оңтүстік жағы қарлы тау. Бұл өңір құнарлы да ылғалды, ну орман-тоғайлы болып келеді. Жазғытұрымғы түрлі-түсті дала бәйшешектері құдды гүлді шағиға ұқсайды. Бұл жерде мыңдаған тұма бұлақтар мен көлшіктер мол болғандықтан Мыңбұлақ деп аталған» дейді.
Сонымен қатар ауданның «Қарақыстақ» деп аталатын, қыс болмайтын, қар жауса әп-сәтте еріп кетіп, суы да қатпайтын кең жайлау әлемге әйгілі «Әулие Көл» деп аталатын «Көк көлімен» көз жауын алатын емдік шөптерімен қатар, тал-тарағымен, сан-алуан қош иісті гүлдерімен, аңызға толы Әулие Шошағымен, Мүкті көл, Сары көл, Бұзылған көл, Астау көл, Тамырлы көл деген көлдерімен көп көңілінен шығатын орындарды, Шайсандық жайлауы да одан бетер құлпыртып тұр.
«Сандық платасы» деп ғалымдар атау берген Сандық саржайлауы да тұнып тұрған тарихтың өзі.
Жиырма жылға жуық зерттеу, қайта қалпына келтру, жұмыстарымен айналысып, екі кітап шығарған археолог-ғалым Айман Досымбаева көне түріктердің Меркі-Мыңбұлақ ғибадатқанасында 64-ке жуық бал-бал тастар, тас мүсіндер бар екендігін тауып, ашып, оны жарыққа шығырып қойды. Шөлсай, Белсаз, Шайсандық, Қасқасу, Көржайлау, Ұлысай, Аралтөбе, Қарасай, Қоралас сазы, Ақтас, Сұлусай, Тоғансай т.б. сияқты түгін тартсаң майы шығып, ауасы аңқып тұрған Сандық жайлауы қай турист, қай шетелдік болса да көзін ашып-жұмып қарап, жіпсіз байланып қалатын орындар. Оған дәлел іздеп жату артық әурешілік деп білеміз.

Оған себеп Қарақыстағы сақ дәуірінен қалған қорымдар, аңыздағы тас боп қатып қалған көк қошқар (суретте), «аспаннан түскен» киіз үй тас, жоңғарлардың соңғы ханы-батыры жерленді деген бірде-бір тасы жоқ аңғарда, жоңғарлардың жаназаға келгендерінің бір-бір тас әкеліп қоятын салтының айғағы ретінде 60х80 шаршы метр жерде жиналған қорым тас, Сандықтағы буддалық дәуірде аспан тәңіріне табынып құрбандық шалатын тас, сол сияқты аумағы 3х5 метр болатын құпиясы әлі ашылмаған, бетіне су құйса «Әлем картасы» шығатындай, шет-шетінде 7-ден, 9-дан түйе тауықтың жұмыртқасы сиып кететіндей бәрі бірдей, бір өлшемдегі, теп-тегіс әдемі ойықтар да нені білдіретіні де құпия таңбадай көрінеді. Сандықтағы 33 ер адамның, 31 әйел адамның, кей қорымда бірден, кейбірі екіден, кейбірі үштен бал-бал тастар да саяхатшыларды бей-жай қалдыра алмасы анық. Ал Тоғансайдағы екі-үш қабатты ғимараттардай жартастардағы петроглифтер де көпті қызықтырары даусыз.
Қарақыстақтағы жаудан қорғанатын тас қабырғалар да, мешіттің, моншаның орны да, қой тоғытатын орындар да, әсіресе құпиясы ашылмаған «Әулие көл» туралы аңыздар да көп әңгіменің арқауы болары даусыз.
Меркі көркем, әсем табиғатымен бірге тұнып тұрған тарих. Оның бір ғана дәлелі 1728 жылдары Шымыр тайпасынан шыққан Болтай Батыр қалмақ әскерлерін, жер аты айтып тұрғандай Молалысай шатқалында тас-талқан етіп жеңіп, қалмақтармен соғыстың соңғы нүктелерінің бірін қоюы Меркінің мерейін асырып, абыройын асқақтата түседі.

Оған осы Алатауымыздағы «Қалмақ қырған сай», «Божбан қашаған», «Қалмақ қия» т.б. жер атаулары куә. «Ойранды» шатқалындағы Ақсарай сайындағы тас үңгірлер әлі де зерттеуге, зерделеуге мұқтаж.
Міне осы құныдылықтардың өзі Меркіні туризм орталығы ету өзінен-өзі сұранып тұр. Оған инфрақұрылым, қомақты инвестиция, қаржы керек,кешенді жоспар, мемлекет қолдауы қажет.
Егер Үкімет тарапынан қолдау болып, оған «Жасыл Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Меркі тарихи Ұлттық паркін құруды қолға алып жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО тарапынан, ауданда арнайы комиссия құрылып қолдау болса Аспара қамалы қалпына келтірілсе, Меркі нағыз жұлдызы жанған әлемдік туризм орталығы болар еді.
Кезінде Батыс Түрік қағанатының Астанасы болған Меркі, туризмнің де көкжиегі дамыған, маңдайы жарқыраған астанасы да болар еді.

Серік Құралбай,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты

Comments are closed.