Меркіліктердің мерейі үстем болды

0
144

«Діни экстремизм мен терроризмге, нашақорлыққа қарсы» деген девизбен, қараша айының соңғы күндері Т.Рысқұлов ауданында көкпардан Жамбыл облысының турнирі өтті.

Біріншіден ат спортын дамыту, екіншіден экстремизмге қарсы ұйымдастырылған байрақты бәсекеге он жеті команда қатысты. Турнир Т.Рысқұлов ауданында өтіп жатқандықтан сайысқа осы ауданның өзінен сегіз көкпаршылар командасы, Сарысу ауданынан, Мойынқұм ауданынан және Қордай аудандарынан Шу, Меркі аудандарынан үш-үштен сайыпқыран додашылар қатысты.
Негізі мақсат жоғарыда айтылғандай, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, үлгі ету, сонымен қатар Ұлтық ат спорты ойындарын дамыту, спорт және салауатты өмір салтын насихаттау, жалпы жастар мен ерексектерді спортқа, денешынықтыруға үндеу, сол сияқты ауылдық округтердегі денешынықтыру спорт саласының жай-күйін таразылау, бағамдау, шынайы бағасын беру.

Қалай дегенмен де Қамбар Ата түлігінің құлағында ойнаған, тұлпарды ер азаматтың сенімді серігіне, жігіттің қанатына санаған тас түлек жігіттер «сен тұр, мен атайын» дегендей көрермендерді риза етті. Әсіресе Сарысу, Шу, Мойынқұм аудандырының көкпаршы жампоздары, жарыс көрігін қыздырып, тай қазандай қайнатты. Ат құлағында ойнаған «бота тірсек, бура санды, бұқа мойынды» жігіттер көкпардың айла-тәсілімен жетік меңгергендерін көрсетті. Тіпті есеп айыруға лайық Шалқұйрықтар екенін көрсетті.
Он жеті команданың ішінен іріктеліп шыққан төрт көкпаршылар командасы, атап айтқанда Сарысу, Т.Рысқұлов және Меркі ауданының екі бірдей көкпаршылары ақтық сынға өтіп, кім мықтыны анықтады.
Жеребе бойынша Сарысу мен «Меркі-1» командасының арасындағы тартыс, Республика, облыс деңгейінде олжа салып жүрген Меркі-1 көкпаршыларының пайдасына шешімді меркіліктер сарысулықтарды 5:0 есебімен ойсырата жеңді.
Т.Рысқұлов ауданы көкпаршылары мен «Меркі-2» командаларының да арасындағы бәсеке 1:4 есебімен Меркі ауданының көкпаршыларының пайдасына шешілді.
Ақтық сынға шыққан Меркінің қос командасы өзара бақ сынасты. Қалай дегенмен де бір ауданның, бір Ақтоған ауылының командасы болғанымен әріптестерін «Меркі-1» 6:2 есебімен жеңіп кетті.
Сонымен бірінші орынды «Меркі-1», екінші орынды «Меркі-2», үшінші орынды сарысулықтарды тізе бүктірген Т.Рысқұлов ауданының сайыпқырандары олжалады.
Жарыс жеңімпаздарына арнайы кубок пен, дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.
Турнирдің үздік ойыншысы болып «Меркі-1» командасының ойыншысы Н.Бейсенбаев танылды.
Ия, облыстық турнир шын мәнінде ұлттық ат спортымызды танытуға, дамытуға үлкен әсер етері даусыз. Әрі бұл турнир тұрақты өткізіліп тұратын болып шешім қабылданды.

Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.