Ардагер теннисші-арамызда

0
539

Ауданымыздағы Гранитогор ауылында тұратын Иванов Валерий Васильевичті аудан жұртшылығы тани бермейді.Себебі ол Алматы қаласынан 2015 жылы қоныс аударып келген.Бала кезінен үстел теннисі спортымен айналысатын ол осыдан біраз жыл бұрын жолы түсіп Гранитогор ауылына келіп, сол кезде осы жердің табиғаты қатты ұнағандықтан ойланбастан үй сатып алған екен.

-Мен Ресейдің Чита қаласында туып, өстім. Бала кезімнен спорттың осы түріне қызығушылығым басым болды. 12 жасымнан бастап мектепте түрлі спорттық байқауларға, кейіннен студенттер арасында өткен жарыстарда көзге түсіп ,жеңістерге жеттім,-дейді ардагер.

Чита қаласындағы құрылыс техникумын аяқтап, мастер, прораб, инженер қызметтерін абыроймен атқара жүріп , теннисті де еш тастамаған жас жігіт 30 жасқа келгенше көптеген чемпионаттарда жеңімпаз атанады. Кейіннен тұрмыс жағдайына байланысты спортпен айналыспай кеткен ол 1965 жылы Алматыға көшіп келген соң қайтадан теннис добын қолына алады.

Соңғы он жылда Алматыдағы түрік фирмасында инженер, техникалық бақылаушы болып еңбек еткен Валерий Васильевич өзінің негізгі кәсібінің де шебері екен.

Зейнетке шыққан соң да еңбектен қол үзбеген ардагердің арманы орындалып осыдан төрт жыл бұрын табиғаты керемет тау баурайына орналасқан Гранитогор ауылына көшіп келеді.Себебі 2015 жылы жол апатына түсіп ,жарақат алып денсаулығы сыр бергендігіне де байланысты тыныш өмір сүргісі келгенімен ,табиғатынан еңбекқор ардагер ,жасы 77 келгеніне қарамастан әлі де өзінің өмірінің мәніне айналған хоббиінен қол үзбей, ардагерлер арасында өтетін жарыстарға қатысуда. Айтатын болсақ, Алматы қаласында ардагерлер арасында өткен халықаралық турнирде-ІІ орынды иеленсе, Ақтауда өткен  Қазақстан Республикасы ардагерлер арасында өткен  чемпионатында І –орын жүлдегері атанды.Одан басқа да республикалық біріншілігінде бірнеше дүркін І-орынды  иеленген ардагер ауданның спорт саласына да белсене араласып,түрлі жарыстарда алдыңғы орындардан көрінуде.Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық, ҰОС –дағы Жеңістің  73 жылдығына орай ұйымдастырылған аудан біріншілігінде үстел теннисінен бірінші орындарды жеңіп алған ардагер спортшы бүгінде  — маусымда Маңғыстау қаласында өтетін Қазақстан біріншілігіне дайындық үстінде.

-Спортпен айналысып, кәрілікке бой бермеу керек.Сондықтан да қатарластарыма айтарым, ешқашанда енжарлыққа салынбай ,ылғи қимыл-қозғалыста жүрсеңіздер неғұрлым ширақ боласыздар.Спорт-менің өмірімнің мәні,-дейді ардагер теннисші.

 

 

                             Мейіркүл Әбжанова, «Меркі Ақиқат»

Comments are closed.