Волейболдан ашық турнир

0
108

Жамбыл облысы, Меркі ауданында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорттық іс -шаралар тұрақты өткізіліп тұрады.

Жуырда ардагер спортшы Ахилбаев Ерсайын Сраилұлының 60 жас мерейтойына арналған Меркі ауданының волейболдан ашық турнирі болып өтті. Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп — лицейінде турнирдің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өткізілді. Ұйымдастырушылар ардагер спортшы Ахилбаев Ерсайын Сраилұлының спорт саласына сіңірген еңбегі туралы айта келіп, ашық турнирдің мақсатымен, барысымен көпшілікті таныстырып, сәттілік тіледі.

Асанбай Асқаров атындағы жалпы орта білім беретін мектеп- гимназиясының акт залында, №9 колледжде өткен ашық турнирге облысымыздың көптеген аудандарынан онға тарта команда қатысты. Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Сарысу, Байзақ аудандарынан, Шу, Алматы қаласынан келген командалар бірден жоғары дайындықпен келгендерін байқатты.
Волейболды сүйіп ойнайтын спортқұмар командалардың ойындары өте тартысты, әсерлі болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші нағыз майталман командалардың ойыны әділ бағаланып, лайықты марапатқа ие болды. Әділ қазылар алқасының шешімімен І орынды «Меркі Ардагер» командасы, ІІ орынды «Алматы» командасы, ІІІ орынды «Меркі Ақермен» командасы иеленді. Бұл командалар шапшаңдығымен, шеберлігімен топ жарып, көп ұпай жинап, алға суырылып шықты.
Турнирге қатысқан барлық командалар арнайы сыйлықтарға ие болды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсті.

Сержан Исмаилов,
№44 ЖОББМ директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары

Comments are closed.