Үздік стартаптар мен инновациялық жобалар анықталды

Тараз қаласында өтіп жатқан «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» халықаралық форумы аясында үздік стартаптар мен инновациялық жобаларды анықтауға арналған Pitch Battle байқауының финалы өтті. Жас стартапшылар мен инноваторлар өздерінің тың идеяларын ұсынып, технологиялық шешімдерінің әлеуетін таныстырды.
Форумның маңызды бағдарламаларының бірі – «Ақылды өңір: пилоттық жобадан ауқымды өндіріске дейін» тақырыбындағы панельдік дискуссия болды. Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған кездесуде университет ғалымдары, IT-мамандар және EPAM Systems, Aviata.kz, «Банк ЦентрКредит» АҚ, Tomorrow School мен өңірлік IT-хаб өкілдері пилоттық IT-шешімдерді ірі өндірістік секторға енгізу жолдарын талқылады.
Қатысушылар цифрлық технологияларды өндірісте қолдану, инновациялық әзірлемелерді коммерцияландыру, стартаптарды дамыту және олардың ауқымын кеңейту мәселелеріне назар аударды. Сарапшылардың пікірінше, ғылыми әлеуетті, заманауи технологияларды және бизнес мүмкіндіктерін тиімді ұштастыру өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Панельдік дискуссиядан кейін форумның ең тартысты кезеңдерінің бірі – жас стартапшылар мен инноваторлардың Pitch Battle финалы өтті. Байқауға EdTech, MediaTech, FinTech, GovTech, GameDev бағыттары және жасанды интеллект негізінде әзірленген өнімдерін ұсынған жас мамандар мен стартап-командалар қатысты.
Қатысушылар белгіленген уақыт ішінде өз жобаларының бизнес-модельдерін, технологиялық жаңалықтарын, коммерциялық әлеуетін және өңірлік экономиканы дамытуға қосатын үлесін таныстырды. Әрбір команда өз шешімінің өміршеңдігін, нарықтағы сұранысын және болашақта ауқымын кеңейту мүмкіндіктерін дәлелдеуге тырысты.
Байқау қорытындысын шығарған қазылар алқасының құрамына венчурлық инвесторлар, Astana Hub пен өңірлік IT-хаб өкілдері, облыс әкімдігінің сарапшылары және креативті индустрия көшбасшылары енді. Сарапшылар жобаларды бағалау барысында олардың бәсекеге қабілеттілігіне, технологиялық ерекшеліктеріне, масштабтау мүмкіндігіне және коммерцияландыру деңгейіне басымдық берді. Нәтижесінде үздік стартаптар мен инновациялық бастамалар анықталды.
Айта кетейік, Тараз қаласында өтіп жатқан «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» халықаралық форумы – өңірдің креативті экономикасы мен заманауи технологиялар саласын дамытуға бағытталған ауқымды іс-шара. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бес күндік форум жаңа идеяларды қолдауға, тәжірибе алмасуға және ғылым, бизнес пен IT саласы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.














