ЖИ дәуіріндегі кітапхана қандай болуы керек?

0
5

ауданыБүгінде халыққа қажетті барлық іс цифрландырылып, уақытты тиімді пайдаланып, істі ілгерілендіру жолға қойылып келеді. Соның қатарында кітапханалар да сандық жүйеге көшіп, қалың оқырман үшін кітаптардың электронды нұсқасын оқуға мүмкіндік беріліп отыр. Кітапханаларды цифрландыру – бұл заманауи ақпараттық қоғамның талабы және мәдени мұраны сақтау мен дамытудың басты шарты. Кітапханаларды цифрландырудың негізгі тиімділігі – ақпараттың қолжетімділігін арттыру, құнды жәдігерлерді сақтау және пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру. Бұл мектеп кітапханалары үшін де тиімді.

Қазір мектеп кітапханалары арасында 19 қазан мен 19 қараша аралығында «Кітапхана, сауаттылық және жасанды интеллект» тақырыбында айлық жүргізіліп жатыр. Аталған айлық аясында Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімі «Кітапхана қызметін цифрландырудың тиімді жолдары» атты аудандық семинар ұйымдастырды. Ондағы мақсат – заманауи ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану дағдыларын дамыту.

Семинарда кітапхана тек кітап сақтап, беретін орын ғана емес, білім мен руханияттың, мәдениет пен тарихтың қазынасы, сондай-ақ қоғамдық пікір мен шығармашылық идеялардың тоғысқан ортасы екенін Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі Гүлбайра Танысхожаева айтты.

– Қазіргі ақпараттық қоғамда кітапхана – білім мен рухани құндылықтардың ордасы болумен қатар оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыратын, шығармашылық қабілетін дамытатын және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағыт беретін маңызды білім беру орталығы. 2026 жылғы халықаралық мектеп кітапханасы айлығының (ISLM) негізгі тақырыбы – «Кітапханалар, сауаттылық және жасанды интеллект» деп белгіленіп, кітап оқуды насихаттауға, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін жауапкершілікпен пайдалануға бағытталып отыр. Жасанды интеллектіні пайдалануда академиялық адалдық пен авторлық құқық талаптарын сақтау ерекше маңызға ие. Оқушылар дайын мәтінді сол күйінде көшірмей, өз ойларын, жеке талдауы мен шығармашылық шешімдерін ұсынуы қажет. Цифрлық жобаларда пайдаланылған құралдардың атауы мен сұраныстарын көрсету, ал алынған ақпаратты сенімді дереккөздер арқылы тексеру ұсынылады.

Кітапхана қызметінде жасанды интеллект адамның орнын алмастыратын құрал емес, білім алуға, ақпаратты жүйелеуге және шығармашылықты дамытуға көмектесетін технология ретінде қарастырылуы тиіс. Кітаптың тәрбиелік, танымдық және рухани маңызы әрдайым жоғары болып қала береді, – дейді Гүлбайра Беделханқызы.

Аталған айлықта мектеп кітапханаларында «Кітапхана, сауаттылық және жасанды интеллект» тақырыбы аясында оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, ақпаратты іздеу және талдау дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын сауатты қолдануға бағытталған танымдық және шығармашылық жұмыстар ұйымдастыру көзделген. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – дәстүрлі кітап оқу мәдениетін заманауи цифрлық мүмкіндіктермен ұштастыру, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын түсіндіру.

Шығармашылыққа жол ашқан цифрлық бастамалар

Бағдарлама аясында оқушылардың жас ерекшелігі мен шығармашылық қабілеттерін ескере отырып, бірнеше танымдық әрі тағылымдық байқау ұйымдастыру көзделген. Атап айтқанда, бастауыш сынып оқушыларына арналған «Болашақтың кітапханасы» сурет байқауы, орта буын білім алушылары қатысатын «ЖИ және менің сүйікті кітабым» эссе байқауы және жоғары сынып оқушыларына бағытталған «Цифрлық креатив» шығармашылық жобалар байқауы жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың заманауи технологияларды тиімді пайдалануына мүмкіндік береді.

Соның ішінде 1-4-сынып оқушыларына арналған «Болашақтың кітапханасы» сурет байқауы бүлдіршіндердің қиялына қанат бітіріп, көркемдік талғамы мен бейнелеу өнеріне деген ынтасын дамытуға бағытталған. Байқау қатысушылары өздерінің арманындағы кітапхананы көз алдына елестете отырып, оны түрлі-түсті бояулар арқылы қағаз бетіне түсіреді. Бірі кітап сөрелері самсаған, оқуға жайлы әрі жайдары ортаны бейнелесе, енді бірі заманауи технологиялармен жабдықталған, электронды кітаптар мен интерактивті құрылғылар қатар орналасқан ерекше кітапхана үлгісін ұсынуы мүмкін. Осылайша балалар кітапхананы тек кітап сақтайтын орын ретінде емес, білім мен жаңалықтың, қиял мен шығармашылықтың тоғысқан мекені ретінде танытады. Мұндай шығармашылық жұмыс олардың эстетикалық көзқарасын қалыптастырып, өз ойын бейнелі түрде жеткізу дағдысын жетілдіреді.

Ал 5-8-сынып оқушыларына арналған «ЖИ және менің сүйікті кітабым» эссе байқауы әдебиет пен жасанды интеллект мүмкіндіктерін өзара сабақтастыра отырып, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуді мақсат етеді. Бұл байқауда білім алушылар жасанды интеллектінің бүгінгі оқу мәдениетіне ықпалы, оның кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудағы мүмкіндіктері мен әдеби шығармаларды танудағы рөлі туралы өз пайымдарын ортаға салады. Сонымен қатар сүйікті кітаптарының мазмұнын талдап, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беріп, көркем туындыдан түйген ойларын жеке көзқарасымен ұштастырады. Эссе жазу барысында оқушылардың сыни ойлау, ақпаратты саралау, өз пікірін жүйелі әрі дәлелді жеткізу қабілеттері дамиды. Ең бастысы, бұл тапсырма жас буынды жасанды интеллектіні дайын ақпарат көзі ретінде ғана емес, таным мен ізденіске жетелейтін көмекші құрал ретінде қабылдауға үйретеді.

Ал 9-11-сынып оқушыларына арналған «Цифрлық креатив» шығармашылық жобалар байқауының мазмұны өзгеше. Мұнда жоғары сынып білім алушылары жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әдеби шығармалар негізінде заманауи цифрлық өнім әзірлеуге мүмкіндік алады. Атап айтқанда, қазақ немесе әлем әдебиетінің классикалық туындыларына жаңа үлгідегі кітап мұқабасын жасау, шығарманың мазмұнын қысқаша таныстыратын буктрейлер тұжырымдамасын әзірлеу немесе әдеби кейіпкерлер мен оқиғаларды комикс түрінде бейнелеу ұсынылады. Бұл – оқушылардың әдеби мұраға жаңаша көзқараспен қарап, дәстүрлі оқырмандық танымды цифрлық шығармашылықпен ұштастыруына жол ашатын бастама. Жоба барысында олар идея ұсыну, ақпаратты іріктеу, көркемдік шешім қабылдау және технологиялық құралдарды орынды қолдану дағдыларын меңгереді.

Аталған үш бағыттың әрқайсысы оқушылардың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырылғанымен, барлығының көздеген ортақ мақсаты – кітап пен оқырман арасындағы байланысты жаңа мазмұнмен байыту. Бірі сурет арқылы қиялын танытса, екіншісі сөз өнері арқылы ойын өрнектейді, ал үшіншісі цифрлық технологияның көмегімен шығармашылық әлеуетін көрсетеді. Осылайша кітап оқу дәстүрі мен жасанды интеллект мүмкіндіктері өзара үйлесім тауып, жас ұрпақтың білімге, ізденіске және шығармашылыққа деген құлшынысын арттыруға негіз қалайды.

– «Кітапхана, сауаттылық және жасанды интеллект» тақырыбы аясындағы жұмыстар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, цифрлық сауаттылығын қалыптастыруға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Заманауи технологиялар мен дәстүрлі кітап оқу мәдениетін үйлестіре отырып, мектеп кітапханасы білімді, ізденімпаз және жауапты ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосады, – дейді Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі Гүлбайра Танысхожаева.

Семинардың теориялық бөлімінде №3 шағын орталықты орта мектебінің кітапханашысы Алуа Сайлаубек «Заманауи технологиялар арқылы мектеп кітапханасының жұмысын жетілдіру» тақырыбында мәлімдеме жасап, өз тәжірибесімен бөлісті.

– Бұл семинарда мектеп кітапханасының жұмысын жетілдіруде заманауи ақпараттық коммуникациялық технологияларды тиімді пайдаланып, кітапхана қызметін цифрландыру арқылы оқырмандарға қолайлы жағдай жасау, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ақпараттық мәдениетін қалыптастыру көзделді. Сонымен қатар кітапханашының кәсіби қызметін оңтайландырып, білім беру үдерісінде кітапхананың рөлін арттыруға басымдық берілді. ЖИ кітапханашыны алмастырмайды, уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Яғни қайталанатын жұмысты құралға беріп, адамға қажет шешімдерге көбірек уақыт қалдыруға сеп болады. Қайталанатын мәтін, іздеу және жинақтау жұмыстарын жеделдетеді. Ал кітапханашы іріктеу, тексеру, кеңес беру және оқырманға бағыт көрсету істерін атқарады. Мұнда әр құралды нақты міндетке сай таңдау маңызды. Жасанды интеллект бізге тақырыбымызға қарай қысқа да нұсқа мәтін дайындап, қажет болса сызба сызып, соған сай келетін суреттер дайындап та береді. Бір идеядан бірнеше формат жасап, кітап көрмесіне арналған бір мазмұнды әр арнаға бейімдеуге көмектеседі. Бірақ әр форматтың мақсатын сақтауымыз керек. Мысалы айталық, афишаға көрмеге келуге шақыратын қысқа нұсқа, әлеуметтік желіге бір ой, бір әрекетке шақыру, оқуға ыңғайлы мәтін, экран слайдына үлкен тақырып, аз сөз, анық көрінетін композиция дайындаған дұрыс.

Ұйымдастырған іс-шараңыз қызықты болу үшін жасанды интеллект арқылы түрлі ойындар ұйымдастыруға мүмкіндік мол. Кітапханаға оқырман тарту мақсатында жасанды интеллект арқылы оқушылар қызығарлықтай интеллектуалды ойындар, квесттер, құрастырмалы пазл ретіндегі ойындар дайындауға болады.

Алайда, жасанды интеллектпен жұмыс істегенде қауіпсіздік ережесін сақтау аса қажет. Себебі, жылдамдық сапа мен құпиялылықтың орнын баспайды. Оқырманның аты-жөні, байланысы, оқу тарихы және жеке құжаты секілді жеке деректерді ашық AI сайтына енгізуге болмайды. Құпия немесе ішкі құжатты жүктемес бұрын мектеп саясатын тексеріп алу керек. Факт, дәйексөз, автор, сілтеме және жасалған суретті адам тексеруі керек. Құралдың не істей алатынын ғана емес, не істей алмайтынын да білу қажет.

Заманауи технологиялар арқылы мектеп кітапханасының жұмысын жетілдіру – уақыт талабы, білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану кітапхана жұмысын жеделдетіп қана қоймай, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыруға, ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуге және оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Бүгінгі мектеп кітапханасы тек кітап сақтайтын орын емес, ол білім мен ақпараттың, жаңашылдық пен шығармашылықтың орталығы. Сондықтан әрбір кітапханашы заман талабына сай ізденіп, жаңа технологияларды меңгеріп, өз тәжірибесіне тиімді енгізуі қажет. Біздің басты мақсатымыз – дәстүрлі кітапхана құндылықтарын сақтай отырып, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы білімді, ізденімпаз, кітап оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеу. Ендеше, технологияны құрал, кітапты рухани қазына, ал оқырманды басты құндылық ретінде қарастырып, мектеп кітапханасын заман талабына сай дамыта берейік, – дейді ол.

Аталған тақырыптық айлық аясында кітапханашылар мен педагогтерге арналған «Жасанды интеллект заманындағы мектеп кітапханасы: жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбындағы практикалық семинар да ұйымдастырылды. Семинар барысында жасанды интеллект сауаттылығы, ақпараттық қауіпсіздік, жалған ақпаратты анықтау, нейрожелі жасаған мәтіндер мен суреттерді сыни тұрғыдан бағалау мәселелері қарастырылды.

Практикалық бөлімде қатысушылар жасанды интеллект чат-боттарына дұрыс сұраныс (промпт) құрастыруды, әдеби квест тапсырмаларын әзірлеуді және сынып сағатының жоспарын дайындауды үйренді. Бұл жұмыстар кітапханашылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге және кітапхана қызметін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етері анық.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.