Сәлемдесу мәдениеті

0
113

Адам баласының рухани түп қазығы сәлемдесу әдебі болып табылады. Аллахтың Адам атаға және оның ұрпақтарына үйреткен есендік сөзі «сәлем», араб тілінен аударғанда «амандық,есендік» деген ұғымды білдіреді емес пе? Олай болса, адамдардың бірінің – бірі амандығын біліп, қуанышын бөлісуі,тілдесуі барынша ізеттілік пен инабаттық нышанын білдіруі осыған дәлел.
Мұсылмандар кездескенде қал-жағдай сұрамастан бұрын сәлемдесуі әдептілік міндет болып саналады.Сәлеміне қарап адамның кім екенін байқауға болады. Амандасу-әр халық мәдениетінің қайнар бұлағы десек, артық айтқандық емес. Әр елдің әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігіне, салт- дәстүріне байланысты сәлемдесу түрлері де өзгеше болып келеді.Қай халықтың болмасын, қай ел болмасын бір-біріне жылы мейір мен кішіпейілділікті, достықты, өзара жақындықтарын білдіріп, амандық-саулық сұрасып,өзінің аман екенін білдіруі-сәлемдесуінде. Халық арасында «Сәлемің түзу болсын» деген сөз текке айтылмаған. «Әр елдің салты басқа иттері қара қасқа» дегендей, әлем елдерінде сәлемдесу рәсімдері әртүрлі. Кейбір елдер әдеттегі қол алысумен қатар, үлкен сәлемдесу салтанатын өткізеді.Осы тақырыпқа көңіл аудару тарихқа үңілу ғана емес, болашағына дұрыс жол салу, білім, парасат деңгейін көрсету деп айтуға толық негіз бар.
Халқымызда ақ сақалды атаны, ақ жаулықты ананы, жалпы үлкенді сыйлап, алдынан қия өтпей сәлем беру — ата дәстүріміз десек, бүгінгі жасөспірімдердің амандасуына да көңіліміз толмай жататыны ащы шындық.
Үлкен адамға сәлем беру- кішінің міндеті.Сәлем беру-инабаттылық, имандылық, көрегенділік, мәдениеттілік белгісі екенін жастардың санасына сіңіру басты міндетіміз. Бір- біріне ашық жүзбен, жылы шыраймен амандасып жатқан жандарды көргенде көңілің жадырап сала береді.Қазақта «Сәлемі түзу» деген сөз бар. Бұл да бекер айтылмаған, өйткені сәлемдесуден адамдардың бір-біріне деген көңілі сәлемінен аңғарылып тұратыны анық. Бір сәт айналамызға мән беріп, назар аударып қарасақ сәлемдесуге ерекше мән беріп жатпайтын жандарды да байқар едіңіз. Күнде көріп жүрген өзіміздің адамдар ғой» деп сүлесоқ, бейжай амандасатын бетіңе қарап үнсіз тұра беретін жандарды да кездестіресіз.Бұларды әдептілік ережесін білмейтін адамдар деп қабылдайтынымыз анық.
Сондықтан бүгінгі күнде мектеп өмірі де білім алушыларына жан-жақты тәрбие беруден кенде болып жатқан жоқ.Атап айтсақ, №35 жалпы білім беретін мектебінде «Сәлемдесу-тәрбиенің бастауы» айлығы аясында ұйымдастырылған акция, челлендж, викториналық сұрақтар, дөңгелек үстел, сынып сағаттары, эссе жазу, бейнероликтер дайындау әр баланың жүрегіне «Сәлем- сөздің анасы, білгені жөн әр қазақтың баласы» дегенді еске салып, үйретері көп тәрбиелік шаралар.
«Сәлемдесе білгенім-бабамның сөзін ілгенім» демекші, атаны сыйлау, ата- бабаны, елді сыйлау, әжені құрметтеу-өмірді құрметтеу басты парымыз емес пе? «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» дегендей, білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алатындығын ұмытпай, бабамыз салған дара жолдан танбайық.

Г.А.Олжабаева,
№35 жоббм қазақ тілі пәні мұғалімі

Comments are closed.