Шынықсаң шымыр боласың…
Үстіміздегі жылдың сәуір айының алғашқы аптасында аудан орталығындағы өткен жылы ғана пайдалануға берілген Спорт кешенінде Балалар жылына орай «Діни экстремизм мен терроризмге, жемқорлыққа қарсы» еркін күрестен 2010-2014 жылы туылған жасөспірім оқушылар арасында ауданымыздың ашық біріншілігі өтті. Оған аудан мектептерінен 165 балғын палуандар қатысты.
Халқымызда «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген қанатты сөз бар. Дәл жас спортшылар мерекесі деп айтуға әбден болатын еркін күрес бәсекесіне аудан әкімі Нұрсипатов Руслан Маратұлының бастап алып жүруімен Қазақстан Республикасы Әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік инспекторы Кенжеахметов Ғали Қуанұлы келіп, балғын спортшылардың өнерін тамашалады.
Аудан әкімі Руслан Маратұлы кешенде бір мезгілде 250 спортшыға дейін кіші футбол, волейбол, баскетбол, бокс, күрестің екі-үш түрімен жастармен қатар ересектер де келіп жаттығып, кесте бойынша спортпен айналысуға мүмкіндіктері бар екенін алға тартып, болашақта ауданға осындай 2-3 спорт кешені қажет екенін алға тартып, мүмкіндік болса қол ұшын беруді өтінді. Сөз орайы келгенде мәртебелі қонақ кешенді түгел аралап, танысып, көмек көрсетуге ниет білдірді.
Ал сайыстың қызығына түскен жас еркін күрес шеберлері кәнігі спортшылардай сайыс көрігін қыздырды. Көз тартатын күрес кілемі де, безендірулер де, спортпен айналысуға үндейтін көрнекі құралдар да өз орнын тауып, көңілдің ажарын ашады. Жарыстың ұйымдастырылуы да жан-жақты ойластырылғаны көрініп тұр.
Сонымен он салмақ дәрежесінде өткен байрақты бәсекеде 23 кг салмақ дәрежесінде №5 ОМ оқушысы Байдәулет Қайсар, сол сияқты 26 кг, 29 кг, 32 кг, 35кг, 38 кг, 42кг, 46 кг, 50 кг және 55 киллограмнан жоғары салмақ дәрежелерінде, тиісінше Аслан Амантай-№17 мектеп, Ислам Эрғалиев-№5 мектеп, Ерасыл Байболат-№9 мектеп, Сулейман Доғдырбай-№18 мектеп, Нұрқадір Бақтыбекұлы-№5 мектеп, Мәулен Ербосын-№5 мектеп, Айсұлтан Медаралы-№20 мектеп, Алихан Дүйсенқұл-№20 мектеп палуандары бірінші орынды иеленіп, аудан біріншілігінің чемпиондары атанды. Чемпиондарға да, екінші, үшінші орын алған балауса палуандарға да арнайы дипломдар тапсырылып, сый көрсетілді.
Бір айта кетерлігі №5 Ақарал ауылдық округі орта мектебінің бес палуаны 23 кг салмақта Бақдәулет Қайсар, 29 кг салмақ дәрежесінде Ислам Эрғалиев, 32 кг салмақта Нұрқадір Бақтыбекұлы және 46 кг салмақ дәрежесінде Маулен Ербосындар сарапқа түскен он бірінші орынның бесеуін қанжығаларына байлап «айды аспанға шығарды» десе болады. Бұл көрсеткіш ауданда үздіктер қатарындағы №5 орта мектепте «күрес секциясы тиісті жолға қойылған» деген жақсы үмітке жетелейді, сонымен қатар жаттықтырушылары Нұрлан Нуриевке үлкен алғыс айтқымыз келеді.
Ия, қариялар «Шынықсаң шымыр боласың» деп басынан сипап немерелерінің ертеңінен үлкен үміт күтетін. Біз де балғын спорт сүйер ұландарымыздың арасынан Қазақстан, Әлем, Олимпиада чемпиондары шықса екен деген ыстық ықыласымызды, тілегімізді білдіреміз.
Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»