Түйе палуандар күш сынасты
Жақында ауданымыздағы «Аула» клубында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін Меркі ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Бұхаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» X-шы республикалық іріктеу турнирі өтті.
Оған аудан бойынша 90 келіден жоғары, бота тірсек, бура санды, бұқа мойынды, сегіз округтен, сегіз үміткер қатысты.
Бұл байрақты іріктеу турниріне шынын айтқанда, коронавирус талаптарын сақтай отырып, «Аула» клубы қызметкерлері тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Төрешілер де,палуандар да жарыс ережелерін сақтап, мерекедегідей спорт залын безендіріп, билбордқа тапсырыс беріп, сән-салтанатымен «Қазақстан Барысы» сынын өте тартымды өткізді.
Әсіресе алғашқы орынға, екінші, үшінші орындарға деген текетірес тартыс Жамбыл Тұрғаналиев, Ерасыл Әзімхан, Еркебұлан Алданов, Ислам Жаңабай араларында өтті.
Еркебұлан мен Ерасыл арасындағы бәсеке өте қызықты, мәнерлілігімен дараланды. Бұл жартылай финалда Ерасылдың жұлдызы жоғары болып, ақтық сынға жолдама алды. Бұл финалдық кездесуде оны Жамбыл Тұрғыналиев күтіп тұр еді.
Андастың апайтөс палуанымен Ерасыл кәдімгідей-ақ арпалысты. Қалай дегенмен күші де, айласы да басым Жамбыл нағыз батырлықтың үлгісін көрсетіп, қарсыласын алып ұрды. Сөйтіп облыстық іріктеу турниріне жолдаманы қанжығасына байлады, бас жүлдеге де ие болды. Екінші орынды Жамбыл ауылдық округі үкілеп бәйгеге қосқан Ерасыл Әзімхан, ал үшінші орындарды ақтоғандық Ислам Жаңабай мен Тұрар Рысқұловтық Еркебұлан Алдановтар бөлісті.
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Кәсіпкер Мақсат Медетбеков қаржылай жүлде тағындап, тартулады.
Сол сияқты біз андастық Жамбыл Тұрғыналиевтің облыстық турнирде жеңіске жетіп, Республикалық бәсекеде жағары көрсеткішке жетуіне тілектестік білдіреміз.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»