Бірыңғай цифрлық платформаға (БЦП) енгізудің 3-кезеңі: мейрамханалар, СОО, қонақ үйлер және қызмет көрсету саласының иелері нені білуі маңызды?

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП / QAZCOPYRIGHT) енгізудің үшінші, ең ауқымды кезеңі басталады.
Бұл кезең контентті коммерциялық мақсатта пайдаланушылардың шамамен 90 пайызын: кафелер, мейрамханалар, сауда ойын-сауық орталықтар (СОО), қонақ үйлер, фитнес-клубтар, кинотеатрлар және басқа да бизнес пен қызмет көрсету саласының нысандары қамтиды.
Цифрландырудың заңнамалық негізі – зияткерлік меншік мәселелері бойынша ҚР Заңына енгізілген түзетулер (2026 жылғы 25 қаңтарда күшіне енді) және ҚР Әділет министрінің 2026 жылғы 29 қаңтардағы №100 бұйрығымен бекітілген Бірыңғай цифрлық платформаны басқару қағидалары.
Үшінші кезеңнің басты мақсаты – бизнес, құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдары (ҚҰБҰ) және авторлар арасындағы өзара іс-қимылды толық ашық цифрлық ортаға көшіру, осылайша ашықтығы қамтамасыз етілмеген қолма-қол ақшалай алымдарды және делдалдардың негізсіз талаптарын жою.
Коммерциялық мақсатта пайдаланушылар үшін негізгі өзгерістер
1. Бірыңғай жеке кабинет және ЭЦҚ
Бизнес пен ҚҰБҰ арасындағы барлық әрекеттер БЦП платформасындағы Жеке кабинетке өтеді. Кіру және авторизациялау ЖСН/БСН бойынша ЭЦҚ арқылы немесе «цифрлық үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылады. Лицензиялық шарттар мен сыйақы төлеу туралы шарттардың 100 пайызы тікелей платформада электрондық нысанда жасалады.
2. Пайдаланушылардың мемлекеттік тізілімі
Платформа пайдаланушылардың ашық тізілімін қалыптастырады, онда бизнестің атауы, БСН/ЖСН, қызмет түрі, пайдаланудың нақты нысандарының мекенжайлары (мейрамханалар, залы, СОО) және қолданыстағы электрондық шарттар тіркеледі. БЦП-да тіркелген шарттың болуы кәсіпкерді басқа ұйымдардың талап-арыздарынан қорғайды.
3. Сыйақы төлеу мерзімдері мен тәртібі
Авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін (фондық музыканы қоса алғанда) пайдаланғаны үшін төлемді пайдаланушылар ай сайын – есепті айдан кейінгі айдың 10-нан кешіктірмей жүзеге асырады. Барлық төлемдер қатаң түрде қолма-қол ақшасыз нысанда ҚҰБҰ арнайы есепшотына аударылады.
4. Пайдаланылған шығармалар бойынша ай сайынғы есептер
Әр айдың 10-нан кешіктірмей кәсіпкерлер БЦП-ғы жеке кабинеті арқылы пайдаланылған шығармалар туралы есепті (туындылардың, орындаушылардың атауын және ойнатылу санын көрсете отырып) ұсынуға немесе оны платформа құралдарымен қалыптастыруға міндетті. Егер бизнестің бірнеше нысаны болса (мысалы, дәмханалар желісі), есеп әрбір есепке алу нысаны бойынша бөлек беріледі.
5. Автоматты есептеу және қорғау кепілдіктері
БЦП авторлар мен орындаушыларға сыйақыны пайдаланушылардың есептері негізінде ойнатылу санына пропорционалды түрде автоматты түрде есептейді. ҚҰБҰ шарт талаптары тиісті түрде орындалған жағдайда құқық иеленушілердің пайдаланушыға мүліктік талаптарын реттеуге ресми кепілдік береді. Бұл ретте ҚҰБҰ-ның өз шығындарына ұстап қалулары заңнамалық түрде жиналған соманың 30 пайызынан аспайтын мөлшерде шектелген.
Кәсіпкер үшін дайындықтың қадамдық чек-парағы
• 1-қадам. ЭЦҚ рәсімдеу – ҚР Ұлттық куәландырушы орталығында басшының немесе уәкілетті тұлғаның атына.
• 2-қадам. Жеке кабинетті тіркеу – БЦП (QAZCOPYRIGHT) платформасында.
• 3-қадам. Электрондық шарт жасасу – платформа интерфейсі арқылы тиісті аккредиттелген ҚҰБҰ-мен.
• 4-қадам. Фондық музыканы есепке алуды жолға қою және ай сайын (10-на дейін) Жеке кабинет арқылы ойнату есептерін жіберіп отыру.
• 5-қадам. Ай сайынғы төлемдерді уақтылы аудару – қолма-қол ақшасыз тәртіппен.
Ерлан БАЙМОЛДАЕВ,
облыстық әділет департаментінің
бөлім басшысы.

















