Халықаралық спорт мерекесі
Өткен аптаның сенбісі күні ауданымызда, өткен жылы пайдалануға берілген Спорт кешенінде, А.Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында алматылық спорт ардагері, Пархоменко Александр Петровичтің бас демеушілігімен ардагерлер арасында, атап айтқанда елуден асқан волейболшылар арасында волейболдан Халықаралық турнир өтті. Оған Алматы, Тараз, қалаларынан Байзақ, Шу, Жамбыл, Меркі аудандарынан және Қырғызстанның Талас облысының Манас ауданынан ардагер спортшылар қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Меркі ауданының «Құрметті Азаматы» ардагер волейболшы, «Меркі Ақиқат» газетінің Директор-Бас редакторы Серік Құралбай сөз сөйледі. Ол өз сөзінде «Спорт денсаулық кепілі», ал денсаулық ұзақ ғұмыр кешудің де кепілі екеніне тоқталып, Халықаралық әдеби сыйлықтың иегері, ақын-жазушы Мұхтар Шаханов, Асанбай Асқаров пен Дінмұхамбет Қонаев екеуіне «Бір таудың Қос шыңы» деп баға бергенін айта келе, жарысқа келген ардагерлерге құтты қадам тіледі. Сол сияқты ауданымыз әділ Би, ержүрек, көзсіз Батыр Сыпатай Әлібекұлының, ауданда 18-маусым күні өткізіліп жатқан 240 жылдық мерейтойының құрметті қонағы болуға шақырды.
Ал Манастық ардагер Боолот Абдурахимов екі ел достығының беріктігін айта келіп, спорт достықтың алтын көпірі екеніне тоқталып, сонымен қатар осы турнир күні шекара ашылып, екі ел тұрғындары емін-еркін өтіп жатқанына тоқталып, турнирді ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Сол сияқты сөз алған Пархоменко Александр Петрович Асанбай Асқаровтың уағында, Алматы қаласында, облысында спортқа ерекше көңіл бөлінгендігін айтып, волейбол спортын дамытуға өз басы қала, облыс басшылығынан үлкен-үлкен қолдау көргендігін, сондықтан Асекеңнің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, аяулы бауырындай, әкесіндей болған кісінің туған жерінде турнир ұйымдастырып, бас демеуші болуды шешкенін жеткізді.
Сол сияқты Спорт кешенінде аталған турнирді ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіріп, рахметін айтты.
Турнирдің ашылу салтанатында еліміздің әнұраны орындалып, көк туымыз көтерілді.
Сонымен командалар екі топқа бөлініп, бір топ Спорт кешенінде, екінші топ №9 колледждің спорт залында байрақты жарысты бастап кетті.
Біздің Ерсайын Ақылбаев бастаған ардагерлер командасы колледжде Шу және Қырғызстандық Манас ауданының волейболшыларымен турнир жүлдесі үшін доданы бастап кетті. Жерлестеріміз шулықтармен болған бірінші ойында, қызықты текетіресте 7:7, 20:20, 24:24, 25:25 деген есепке дейін тартысып, 25:27 есебімен шулықтарға жол берді.
Екінші сетте ардагерлеріміз «естерін жиып» ә, дегеннен есепті 6:0-ге жеткізді, сол қарқынмен екінші кездесуде жеңіс тойын тойлады.
Ал үшінші кездесу де тартысты өтіп, ойынды байланыстырушы болып жүрген Ерсайын Ақылбаевтың қадап ұрған бір добымен жеңіс біз жаққа ауды.
Ал, оңай қарсылас емес манастықтарды да жеңген командамыз шулықтарды жеңген манастықтармен бірге жартылай финалға жолдама алды. Алайда бірінші топтан үздік шыққан алматылықтарға төтеп бере алмай 2:0 есебімен жеңіліс тапты.
Бірінші топтан оза шапқан Жамбыл ауданының командасымен Қырғызстандық конақтар кім мықтыны анықтады. Үш сеттен тұратын ойында жеңіске жетіп, тіптен финалдық ойында алматылықтарды ойсыратып ұтқан Талас облысы, Манас ауданының командасы турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды жарысты ұйымдастырушы Пархоменконың оғландары иеленді, үшінші жүлделі орынды біздің меркілік ардагерлер иеленді.
Жүлде қоры төрт жүз мың теңге болатын турнирде Александр Пархоменко мырза жарыстың түскі, кешкі асын да, тіптен төрешілерге де ақшалай сый таратып, баршаны риза етті. Ал аудан спорт комитеті атынан, ауыспалы кубок, медальдар тапсырылып, грамоталар иелерін тапты. Жетпіс екі жастағы алматылық Ермек Дауылбаев турнирдің үздік ойыншысы атанды.
Осы орайда «Өз мецанаттарымыз неге үнсіз жатыр?. Неге олар бастамашы болып ағамыздың, абыройын асқақтатпайды» деген ой жүрегімізді мазалады.
Сонымен турнир аяқталды. Ол достықтың көпірі екенін дәлелдеді, қартаң тартқан, бірін-бірі бұрынан білетін тарландар құшақтасып қауышты, көздері жасаурап, «келер жолы кездескенше» деп қол бұлғасты. Ең бастысы халқының қаһарман ұлы Асекеңнің, Асанбай Асқаров ағамыздың абыройын асқақтатты.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»