Теңдессіз спорт кешені

0
1053

Өткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының қатысуымен, облыстың кез-келген ауданынан кездесе бермейтін балалар мен жасөспірімдер «Үміт» сарайының жанынан бір мезгілде 120 адамды қабылдай алатын қос қабатты Спорт кешені ашылды. Оған ауданның зиялы қауымы, спортшылар, жаттықтырушылар қатысты.

Кешеннің салтанатты ашылуына келген мәртебелі қонақ, аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлын аудан әкімі Руслан Нұрсипатов бастап алып келді.
– Құрметті Меркіліктер,- деді облыс әкімі кешеннің ашылу салтанатында. – Спорт әрқашан денсаулық кепілі ғана емес, ел саясатының басты тіректерінің бірі. Спорт еліміздің есімін әлемге танытады. Бүгіндері Жапонияның Токио қаласында төрт жылда бір өткізілетін жазғы Олимпиада ойындары өтуде. Сол байрақты бәсекеде Жамбыл облысының тумасы, жерлестеріңіз дзю-додан қола медаль жеңіп алып, еліміздің көк байрағын аспандатты.
Міне бүгін Сіздердің аудандарыңызда жаңа үлгіде салынған спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Бұл еліміздің Салауатты өмір салтын қалыптастыруға үздіксіз қамқорлық жасап келе жатқанының жарқын көрінісі. Қажетті нысанды сапалы аяқтаған «АгроСпецСтрой» құрылыс компаниясы басшылығына үлкен алғысымды білдіремін.
Спорт кешкені бос тұрмауы керек. Жастар, үлкендер де спортпен, физкультурамен айналысуы керек. Дені сау, денсаулығы мықты адам ғана жемісті жұмыс істеп, сапалы өнім өндіре алады.
Бүгін шынында үлкен қуаныш. Сол қуанышпен бүкіл меркіліктерді құттықтаймын. Жаңа спорт кешені игіліктеріңізге жарасын.
Бұдан соң сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев алыстан ат арылтып келіп, қуанышқа ортақтасып отырған облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа меркіліктер атынан алғысын білдірді. Сол сияқты спорттың өмірде алатын орны, Елдің Көк туы әлемдік деңгейде екі жағдайда, Ел басшысы іс-сапармен барғанда және әлемдік додада спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізгенде көкке көтерілетінін айтып, меркіден де олимпиада чемпиондары шыға берсін деген игі тілегін білдірді.
Мерекелік басқосуда асық атудан өз құрдастары арасында аудан, облыс және Республика чемпионы Жамбыл Тұрғыналиев сөз алып, өз жетістігін айтып, Меркіден олимпиада чемпиондары шығатынына сендірді.
Жаңа спорт кешенінің тұсауын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татығұлова, еңбек ардагері, қоғам белсендісі Базаркүл Әлмейізовалар қиды.
Қонақтар, бірінші қабатта орналысқан шағын футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын залдармен, шешінетін, жуынатын, сантехникалық барлық жағдай жасалған бөлмелермен, спорт залында жаттығып жатқан спортшылармен кездесіп, әңгімелесіп, аймақ басшысы волейбол, футбол ойнайтын доптардың ондаған түрін тартулады.
Екінші қабатқа орналасқан екі боксшылар рингімен, екі күрес кілемдері төселген күрес залымен, ондағы боксшылар және палуандармен кездесті.
Облыс әкімінің боксшыларға «чемпион болу үшін, не істеу керек» деген сұрағына, балғын боксшы «пахать» деп жауап беріп, көпшілікті күлкіге кенелтті.
Шын мәнінде 530 миллиондай қаржыға соғылған Спорт кешені көп көңілінен шықты. Жылыту жүйесі газға қосылған, суы, ауасы таза спорт кешенінде спортшыларға барлық, заманауи жағдай жасалған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі спортшылардың да жағдайы ойластырылған. Ең бастысы барлық спорт құралдары түп-түгел ине-жіптен шыққан, жап-жаңа.
Ия, бұл меркілік спортшыларға Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі алдындағы үлкен тарту болды. Ал аудан әкімі Руслан Маратұлы осындай спорт кешенінің тағы біреуі келер жылы бой көтеретінін айтып, спортшыларды тағы да бір қуанышқа бөледі.

Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.