Арғы жағы Еділдің, бергі жағы…

0
71

Ия, «Меркі әуендері» осыдан 30-40 жыл бұрын Пәкістанға мәдени іс-сапармен барып, олжалы қайтып, лауреат атанғанда біздің екі замандасымыз, екі дауыспен қосыла «Арғы жағы Еділдің, бергі жағы, жағасында жайқалған жасыл бағы» деп халық әнін құбылта шырқағыны әлі естен кетер емес.

Ал, бүгінгі әуен мүлдем басқа. Біз бүгін «Арғы жағы Стадионның, бергі жағы Стадионның» деп қуана емес, қынжыла әндетіп келеміз.
Шартты түрде айтқанда, бұл «халық» әнінің сазгері де, сөзін жазған «ақыны» да еңбек ардагері, қоғам белсендісі, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, тура айтып туысына жақпаған Нұрсұлтан Жәнібеков.
Әлқисса! Әңгімені осылай бастағанымыз Нұрсұлтан мырза орталық стадионның батыс жағындағы алақандай жердегі ботаның қос қарашығындай қос бұлақтың «қылқынып», тұншығып, булығып жатқаны, ондағы 60-70 жыл бойы бой көтеріп тұрған қара ағаштардың «қартайғаны», құлап, жүргіншіні басып қалуы мүмкін екені, қоқыстан өзегі өртеніп жатқанын айтып, дабыл қаға жазған материалы біздің «Меркі Ақиқат» газетінің №63-64 санында жарияланғанынан газет оқырмандары хабардар деп ойлаймыз.
Газет дабылынан соң ғана сең орнынан қозғалды, үлкендер, кішілер, жастар, Меркі ауылдық округі болып бұлақтардың көзін ашып, тал-дарағын бұтап, бұтақтарын жинастырып, қоқыстарын шығарып, айта жүрерліктей іс тындырды. Өзектің өрлеу тұсынан адамның 362 қан тамырындай тарам-тарам болып, шыпшып шығып жатқан майда бұлақ сулары, қос қайнардың суына қосылып, сыңғырлап күліп ағып жатыр. Әлі де атқарылар іс баршылық болса да, қуанып қалдық. Осы Н.Жәнібековтың жанкештілігінің арқасында іске асқан, жарықтандырылған, жаяу жүргіншілер жолымен жүргендер риза боларлықтай кейіпке еніпті.
– Енді,-дейді Нұрсұлтан қария, – Күз, көктем айларында мына 30-40 метр биік
ескі қара ағаштарды үш метрдей етіп қысқартып, жасартсақ, құба-құп болар еді.
Ия, осылай деген Нұрекеңнен «Сіз бұл стадионның шығыс жағын көрдіңіз бе?» деп сұрадық. Ол кісі «жоқ» деген жауап берді.
Содан ерінбей орталық бас стадионның күншығыс жағын барып көрдік, көрдік те жүрегімізді ұстадық. Құдды бір Құрама Штаттағы жабайылардың өмір сүретін «Джунглиіне» келгендей әсер кештік. Мұнда да бұлақ сулары батыс жағындағы бұлақтардан он есе көп болып, сарқырап ағып жатыр, кішігірім өзен деуге болады. Ал, қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Қалай болса солай өскен, қираған, құлаған, ең бастысы екі қолдың саусағының саны жетпейтіндей кесіліп, көсіліп жатқан мырза теректерден (суреттерде) көз сүрінтеді.
Атшаптырым жерді «ме-нікі» деп қоршап алған «Бекжомарт» саябағының ішінен
ағып өтетін бұлақ суы да айналасына өскен тікен, қурай, түйе жапыраққа малтығып жатыр. Оларға да «қой дейтін қожа, әй дейтін әже» жоқ.
Содан шіркін жақсы бір сазгер болса, «Стадионның батыс жағы, шығыс жағы» деп «әдемі» ән шығарар еді-ау деп ойладық. Ойладық та, ой сандықтың қақпағын аштық.
… Меркі ауылдық округі аудандағы ең үлкен округтердің бірі. Округ әкімінің жұмысына сан жетпейді. Солай десе де ауданның айнасы деуге болатын «Бас Стадионның аржақ, бержағына көз салып қоюға болар еді-ау»,- деп мұңға баттық. Ол ол ма? Бұрынғы Коммунистический атанып, бүгіндері Мұсабеков ағамыздың атындағы орталық көшеден бұрыла салғанда оншақты тал-дарағы бар елу шақты метр жердегі қоқыстан жүрегіңіз айниды. Осы ауылдың таныс тұрғындары болғандықтан, сол ағаштардың көлеңкесіне көлігімізді қоя барғанымызда, сол тұстағы үш-төрт үйдің тұрғындары өре түрегеліп өтініштерін айтты.
– Ұлтарақтай жер, мына талдардың көлеңкесі ішкіштердің «кафесі» болды, ішеді, құсады, төбелеседі, сариды, қоқысқа толтырады. Мына мәжнүн талдың үлкен бұтағы желден сынып құлағанына бір айдан асты. Қоғамдық ақылы қызмет істейтіндер келіп, сөзімізге де құлақ аспай кетті. Иттің өлігі де, малдың әкеліп тастаған терісі де сасып, өкпені қабады, қол ұшын беріңіздер, қоршап қойса тіпті жақсы болар еді,-дейді.
Тіпті осы Ысмаилов атамыздың атындағы «Жастар ресурстық орталығы» орналасқан ғимараттың алды таксишілердің тұрағы. Ондағы қоқыс жинайтын мына шелек ауданның еш жерінде жоқ, аудан орталығында ғана бар «шедевр» екеніне дау жоқ.
Содан амалсыз «Ертістің арғы жағына» бұрынғы тұрмыстық қызмет көрсету орнының бергі жағы да қосылып тұр. Бұған Меркі ауылдық округінің атқа мінерлері не дер екен?! Жауап күтеміз.

«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.