Аспан астындағы кинотеатр
Меркі ауданы жыл санап емес, күн санап дамып, көркейіп келе жатқанының бәріміз куәгері болып жүрміз. Ауданда жаңа кәсіпкерлік нысандар, ойын-сауық орындары көптеп ашылуда. Жақында ғана аудан орталығындағы саябақта аспан астындағы кинотеатр ашылды. Біреу білер біреу білмес. Сіздерге театрдың жұмысы туралы айтуды жөн көрдік.
Кинотеатрды жас кәсіпкер Нұрдаулет Ақкөз өз қаражатына ашқан. Ол Еуразия Университетін тәмамдаған соң, магистратурада білім алуды жалғастырады. Кейіннен Алматы қалалық әкімдігінде мемлекеттік қызметте жұмыс жасайды. Жылдардың жүзі өткен соң анасы Анаркүл Бейсембетоваға келіп өзінің аз қаражатқа жұмыс істегісі келмейтінін айтады.
Баласының райынан қайтпайтынын сезген ана шағын несие алып, Нұрдаулеттің бастамасына қолдау білдіреді.
- Алматыда аспан астында мұндай кинотеатрлар көп. Мен өзімнің туған жерім Меркіде де осындай жаңашылдық болғанын қаладым. Ойымды іске асырдым. Саябақтан жалға орын алдық. Жалға беру ақысы көп емес. Өйткені бұрынғы сахна қараусыз қалғандықтан, әжетханаға айналған. Біз бұл жерде жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Электр энергиясын тарттық. Қаладағы театрларға ұқсатып, жұмсақ жастықтар әкеліп қойдық. Жалпы кеткен қаражат аз емес. Дегенмен биылғы жылы алған несиені жабуды көздеп едік. Карантинге байланысты адамдар аз келуде. Мүмкін меркіліктер дұрыс қабылдамауда ма?!
Менің ойымша әрбір жаңа бастамаға халық үйренуі керек. Бұл маусымдық кәсіп.
Келесі жылы басқаша болар деген үміт бар. Менің бұдан басқа да бизнес жоспарларым бар. Ол әліге құпия. Бастамасында бірге боларсыздар, -деді Нұрдаулет.
Анасы Анаркүл өзінің отбасымен баласының кәсібіне қолдау білдіріп, кешке жұмыс басталғанда осында көмектесіп жүретінін айтты. - Қызым, өзім, отағасы екеуміз осында демеу болып жүреміз. Әзірге бастамасы жаман емес. Мемлекеттік жұмыста аз айлық алушы еді. Енді өз дегеніне жетті. Жоба жоспарлары бар. Оны да іске асыруға барымызды саламыз, — деді анасы.
Ендеше іске сәттілік тілейміз. Ауданда кәсіпкерлер саны артып, демалыс орындары көбейе берсін.
Ләззат Серкібай,
«Меркі Ақиқат»