Оқуға құштар оқырман

0
416

Меркі аудандық білім бөлімінің қосымша білім беру мекемесі Оқушылар «Үміт» сарайының педагогтары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Бати Дармира, Ахметжанова Гульмира, Көлбаева Мөлдір оқушылардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру, әрі «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» бағдарламасын іске асыру, президент Қ.Тоқаевтың тапсырған 30 кітабын оқыту аясында «Бір мезетте оқу» іс-шарасын өткізді. Кітап оқуға бала кезден баулу, баланың әдебиетке деген махаббатын ояту, мектеп қабырғасында басталатыны белгілі. Кітап оқу арқылы демалатындар да бар . Бұл жолы Үміттіктер жазушы Шерхан Мұртазаның «Қара Маржан» романын оқып, Нәртас — Шұғыла, Қаратау, Жаңатас қойнауында өткен оқиғалардың куәсі болды. Жас инженер Нариман мен бойжеткен Мәрзия арасындағы мөлдір махаббаттың, достар арасындағы іштарлық, қызғаныштың, Ахан ақсақалдың, түрлі қасиеттерін, берекелі ауыл өмірінің тіршілігіне қызыға отырып, түсіне оқыды. Шығарманың идеясына, жазушының ұлы мұратына талдау жасалынды. Ахан қарияның тал-дарақ өсіру, бау-бақша күту, түйетауық бағу сияқты меңгерген түрлі кәсібін , бір әулет, арысы бір ауылды бағып — қағуға жетер ұйыған тіршілігіне куә болды. Арқарды қолға үйретіп, қант беріп, есік алдында емін-еркін жүруіне жағдай жасап, курд келініне түйетауық етінен «бозбаш» қуырдағын жасап, қонақ күткенін романды оқи отырып білді. Роман тақырыбымен өзектес шығармалар көптеп саналады. «Зерде» үйірмесінің оқушылары «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Баян Бекетованың поэзиясына үңіліп, әдемі жыр жолдарын , көңілге қонымды шумақтарын оқып, «ақын болу оңай ма?» деген пікір — алмасуымен жалғастырды. «Үміт құсын үркітпеші, өтінемін, Тәтті арманның ұшына енді жетіп ем» деп жыр жазыпты ақын. «Сағынғанда Ақмаржан» деп әнші Заттыбек Көпбосынов айтатын әннің де авторы Баян Бекетова екенін біліп, оқушылар қуанып қалды. «Құстай ұшып саған қазір жетер ем, сезім ғана көгершін боп самғасын…», «Арманымды биіктеткен, Тәңірім сені маған сүйікті еткен» сияқты тіркестерді оқып, мәнерлеп оқып, жыр сүйер қауымға танымал ақынның таныс емес жыр жолдарына шолу жасады. Бір сәт, ақын апайларына ұқсап, өлең жазғылары келіп, жаңа оқу жылында ақынды онлайн кездесуге шақырмақшы. Сөздік қорларын молайтып, поэзия мен прозаның әлеміне еніп, әдеби тілде сөйлесе білді. Жазушы мен ақынның табиғат көріністерін, дала гүлдері мен тау беткейлерінде өсетін өсімдік түрлерін , өз тілдерінде бере білген құдіреттіліктеріне таң қалысты. Бірі Мыңбұлақты сөзбен шебер суреттесе, екіншісі Боралдайды жырға қосыпты. Үміттік оқушылар да «Мерейлі Меркімізді неге жазбасқа» деген кішкентай үміті тұтанып, қолдарына қалам алды…

Ә.Боранқұлова
Оқушылар «Үміт» сарайы

Comments are closed.