Спорт денсаулық, әрі мәртебе
Ауданымызда бірнеше жылдан бері ардагерлер арасында округаралық волейболдан әр түрлі жарыс, турнир, кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Спорт шындап келгенде бір жағынан денсаулық, қызықты кәсіп, әрі табыс көзі деуге болады. Дені сау, денсаулығы мықты адам ғана табысты еңбек етіп, өнімді іс атқарып, сапалы өнім өндіре алады. Спорт бір жағынан жаны таза адамның хоббиі десе де болады.
Жақында Жамбыл ауданының Аса ауылында волейболдан халықаралық турнир өтті. Оған Қырғызстанның Талас облысынан, Алматы қаласынан, Меркі, Байзақ, Сарысу, Тұрар Рысқұлов және Жамбыл ауданынан ардагерлер командалары қатысты. Меркі ауданынан екі команда, оның бірі Ерсайын Ақылбаев бастаған, құрамында Сержан Исмайлов, Сәкен Сугуров, Көлбай Урбишов, Қайрат Жосеев және Ерлан Намазбаевтар бар Меркі командасы болса, екіншісі үздік ойындарымен жанкүйелерді қуантып жүрген Ақермен ауылының командасы.
Шынын айтқанда бәсеке өте тартысты өтті. Әсіресе Алматы қаласы мен Қырғызстанның Талас облысынан келген қонақтар ерекше ойын өрнегін көрсетті. Солай десе де бас жүлдені Байзақ ауданы волейболшылары жеңіп алып, арнайы дипломдарымен және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Үйлесімді ойын көрсеткен, тәжірибелі, бірнеше жыл облыс деңгейінде алдыңғы орынды иеленіп жүрген, танымал Меркі ауданы командасы сүбелі екінші орынды, жарысты ұйымдастарушы Жамбыл ауданы спортшылары жүлделі үшінші орынды иеленді.
Барлық халықаралық турнирге қатысушыларға тиісті марапаттар жүлделер, медальдар, бағалы сыйлықтар мен Дипломдар, турнир кубогі салтанатты түрде табыс етілді.
Меркі ауданы командасының, мүшесі Ерасайын Ақылбаев турнирдің үздік үйлестірушісі номинациясымен марапатталып, арнайы дипломға ие болды.
«Меркі Ақиқат»