ЖЕРЛЕСІМІЗ ЕЛ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТТІ
Меркілік жас спортшы Еркін Бегенов әлемдік додаға түсіп, Абу-Даби қаласында өткен аралас жекпе-жектен жастар арасындағы Әлем біріншілігінен үшінші орынды алып, қола жүлдегер атанғанда барша аудан жұртшылығы ерекше қуанышқа бөленді.
Бүгін спорт кешенінде аудан әкімі Руслан Маратұлы Нұрсипатов, спорт ардагерлері, спорт сүйер қауым және жастар Еркін Бегеновке құрмет көрсетті.
Аудан әкімі Руслан Маратұлы Еркін Бегеновті әлем біріншілігінен алған жүлдесімен құттықтап, өз сөзінде: «Спорт елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала екені анық. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтатып жүргені бәрімізге мәлім. Осы орайда, жастар арасында жекпе-жектен өткен әлем чемпионатынан жүлделі орынмен оралып, ел намысын қорғап, мерейін биікке көтеріп, қуаныш сыйладыңыз. Сондықтан да, аудан спортының дамуына қосқан үлестеріңіз бен салауатты өмір салтын қалыптастырудағы ел игілігі үшін атқарып жүрген абыройлы істеріңізге алғысымды білдіремін», – деп Еркін Бегеновке өзінің Алғыс хатын беріп, шапан жауып, сыйақы табыстады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев те жас чемпионды жеңісімен құттықтап, ел намысын әлемдік ареналарда лайықты қорғап жүрген Еркіннің жеңістері көптеген жастарға үлгі екенін атап өтті.
Әрмен қарай, Еркіннің алғашқы жаттықтырушысы Марат Сексенбаев құттықтау сөз сөйлеп, оның жетістіктері туралы баяндады.
Еске сала кетейік, Еркін Бегенов бұған дейін ережесіз жекпе-жектен Азия біріншілігінің жеңімпазы атанып, ел біріншілігінің екі дүркін чемпионы атанған еді.
Аудан әкімдігінің Баспасөз қызметі