Сайлаушылармен кездесу өтті

0
199

Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Айдапкелов Серғазы Өмірзақұлы ауданға іс-сапармен келіп, 20-ақпан күні болатын Сарымолдаев ауылдық округі әкімінің сайлауына дайындық барысын назарға алды.

Серғазы Өмірзақұлы Сарымолдаев ауылдық округі әкімінің сайлауына кандидат болып тіркелген азаматтармен кездесіп, оларға сайлау туралы заң бойынша қойылатын талаптарды түсіндіріп, кандидаттармен пікір алмасты.
Сайлауға алғашында бес үміткер өздерін ұсынған болса, оның біреуі өз ұсынысын қайта алған, екіншісі мемлекеттік тексеруден өте алмай қалған. Бүгінгі таңда үш сайлаушы 9-ақпаннан бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Үміткерлер Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Сабит Бабижанов, «QAHARMAN QAZAQ» ЖШС-ң бас директоры Ербол Балтабай және «Атамекен» ҰКП-ның Жамбыл облысы Меркі аудандық филиалының «Бастау бизнес» жобасының кеңесшісі Талғат Садырбаев.
Кездесуден соң облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Сарымолдаев ауылдық округіндегі №№280, 281, 282, 283, 478 сайлау учаскелерінде болып, сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Сайлау күні өткізілетін іс-шаралар, сайлаушылардың сайлауға қатысу мәселелері, кандидаттардың сенімді өкілдерімен және сайлау күні сайлау учаскелерінде болатын байқаушылармен жұмыс істеу тәртібі, сонымен қатар, сайлау учаскелеріндегі карантин талаптарының қатаң сақталуы мен санитарлық жабдықтармен қамтамасыз етілуі сынды сайлау комиссиясының міндеттері туралы айтты. Сайлау комиссиясы мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Жергілікті қауымдастық өкілдерімен де кездескен Серғазы Айдапкелов ауыл әкімдерінің сайлауы Қазақстан Республикасында жалпы сайлау жүйесін жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты. Ол ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдап, әрбір тұрғынның өзі таңдаған үміткеріне дауыс беруге құқылы екенін жеткізді.

«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.