Қоғам үшін үлкен қауіптің бірі – сыбайлас жемқорлықтың дендеуі

0
186

Ел Президенті Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес өткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айта келіп, аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сыбайлас жемқорлық елдің экономикасына кері әсерін тигізіп, дамуына тежеу болып қана қоймай, халық мәдениетінің төмендеуіне, адами қасиеттің, ар-ұяттың жойылуына себепші болады. Материалдық қана емес, рухани тоқырауға түсіреді. Яғни жемқорлық – қоғамдағы ең үлкен кертартпа күш. Сондықтан да онымен күрес ешқашан тоқтаған емес.
Сыбайлас жемқорлықтың не екеніне тоқталсақ. Бұл – жең ұшынан жалғасқан жымысқы жүйе. Ол жылдар бойы жүйеленіп, әрі әрдайым түрленіп отырады. Сондықтан мұқият зерделеу, әрі жылдам әрекет ету маңызды. Барлық саланы шырмауықша шырмап алған жемқорлықтың тамыры бірден үзілмесі анық. Дегенмен, соңғы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді жобалар жүзеге асып жатыр. Ал заңға келер болсақ, жемқорлықтың салдарымен емес, оның негізгі себептерімен күресу маңызды деп ойлаймын.
Яғни, қылмыскерді қамағаннан гөрі, сол қылмыстың алдын алуға, болдырмауға көп күш жұмсау қажет.
Қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың және осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемелекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

Айжан Спанкулова,
№23 Тескентоған ЖОББМ директоры

Comments are closed.