Меркі петроглифтері (тастағы таңбалар)

0
154

Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтама-сы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Жер шарының түрлі халықтары түрлі тарихи дәуірлерде қол жеткізген мәдениеттің ұлы жетістіктері тарихи ескерткіштерде көрініс тауып, бүгіндері дүниежүзілік маңызы бар мұраға, мақтанышқа айналуда.
Қазіргі таңда Қазақстандықтарға Қырғыз Алатауы мен Жамбыл облысы Меркі ауданы аумағында сақталып қалған ортағасырлық Қазақстан көшпелілері мәдениетін әлемге танытып, мақтан тұтуға әбден болады.
Дала мәдениетінің бір ерекшелігі, адам мен табиғат арасындағы тылсым қарым-қатынасында. Қазақ даласын мыңдаған жылдар бойы қоныстанған халықтар өзінің туып-өскен жерін қызғыштай қорып, кие тұтқан. Міне дәл осындай тарихы терең, табиғаты тамаша, қасиетті өңірдің бірі – Меркі жері. Осынау өлкені бағзы замандардан бері мекен еткен ежелгі тұрғындардың артында тұрмысы мен тіршілігінен хабар беретін ескерткіштер қалған.
Жетісудағы түркілердің мемориалдық ғажайып ескерткіштері қатарында жерлеу объектілерінің комплекстерін, шағын храм-ғибадатханаларды атауға болады. Олар мыңдаған жылдар бойы түрлі салт-дәстүрлерді өткізу орны болды. Меркі өзенінің жоғарғы бойындағы биік таулы шалғынында орналасқан түркілер ғибадатханасы баз қалпында сақталған деуге болады.
2000 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология және этнология институтының экспедициялық топқа жетекшілік жасаған Айман Досымбаева «Меркі 8» деп аталған жаңа діни-нанымдық кешенді тапқан болатын. 2001 жылы ескерткіштің құжаттары заңдастырылып, мемлекеттік тізімге енгізілді. Меркі өзенінің жоғарғы ағысында тас мүсіндері бар түркі ғибадатханасы территориясында және Ойтал өзенінің сол жағалауында, сондай-ақ Меркі ауылының шет жағындағы бөктерден петроглифтер, таңбалар және руникалық жазулар табылды. Бірнеше таңбалардан тұратын көне түркі руникалық жазуын профессор А.С.Аманжолов оқып, онда «Менің өлімім – қайғы» деп жазылған деген тұжырымға келді.
Кешен облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.
Орталық Азияның далалық мәдениетіне тән жерлеу орындары мен қайталанбас өнер туындылары түрік халықтарының ерекше культтік және мемориалдық ескерткіштері болып табылады. Бұл таңғажайып туындыларды дүниеге әкелген жергілікті халықтың бір жағынан ата-бабалар рухына деген құрметі болса, екінші жағынан олардың дүниеге деген көзқарасы және өздері өмір сүріп отырған қоршаған табиғатпен байланысын байқатады.
Ежелгі түріктер заңғар көкті, жер мен суды тіршіліктің көзі деп білген. Олар бар болса молшылық та бар, ал оның құдайы Ұмай деп құрмет көрсеткен. Барлық қоршаған орта тау, бұлақ, ағаш, жан – жануарлардың рухы бар деп саналып, табыну нысандары болды. Сондықтан олар тіршілігіне жайлы мекенді киелі жер санап, құрмет тұтты. Ата-бабаларының құрметіне арнап тас мүсіндер мен балбал тастар орнатты. Ол жерде табиғи және өмірлік циклдің қайталанып келетін уақыттарда, жыл мезгілі ауысқан кезеңдерде мейрамдар өткізіп, осы бір ерекше сәттерді еске саларлық суреттер салған. Кейін осы жерге келіп салт-жоралғылар өткізіп, еске алған.
Өткен тарихымыздың заттай деректері болатын бұл археологиялық ескерткіштерді болашақ біздің ұрпаққа аман-есен жеткізіп, мұра етіп қалдыру біздің мойнымыздағы аманат.

Талғат Сұлтанов,
Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы

Comments are closed.