Ақпарат саласының ақтаңгері

0
115

И.Трубицын атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында қазіргі қазақ журналистикасының бас ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының, Меркі ауданының «Құрметті азаматы» — Намазалы Омашұлының рухани мұрасын насихаттау мақсатында, арнайы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің салтанатты ашылуы мен «Ақпарат саласының ақтаңгері» атты шығармашылық кеші өтті.

Іс-шараға Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы М.Өмірбек, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Б.Абжапаров пен ардагер ұстаздар, ауданның зиялы қауымы, мектеп оқушылары қатысты.
Намазалы Омашев – еліміздің көрнекті ғалымдарының бірі. Ол — 13 монографияның, 3 оқулықтың, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 9 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың, қырыққа жуық кітаптардың авторы. Оның жетекшілігімен 6 докторлық, 18 кандидаттық диссертация қорғалды. Н.Омашевтың ғылыми еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де үлкен резонанс тудырған.
Ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, білікті ұйымдастырушы, қаламы қарымды публицист, сөз өнерінің жанашыры, сонымен бірге өнердің өзге де түрлерінен «бар таласым» деп, биіктерді бағындырып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы Намазалы ағаның қаламынан туындаған кітаптары да жеткілікті.

Намазалы Омашевтің ғылыми еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде Лас-Вегаста, Парижде, Монреальда, Канадада, Ресейде және т.б. халықаралық конференцияларда жоғарғы кәсіби бағаға ие болды.
Намазалы Омашұлы -1995 жылдан бастап ЮНЕСКО жанындағы ОРБИКОМ ұйымының мүшесі. 2001 жылы Кембридждің Халықаралық өмірбаяндық орталығының «Жыл адамы» атағы берілді. Сонымен бірге осы ұйым ХХІ ғасырдың аса көрнекті тұлғаларының тізіміне енгізді. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп академиясының толық мүшесі, Қазақстан журналистика академиясының академигі және журналистика саласындағы ерен еңбегі үшін “Алтын самұрық” төсбелгісіне ие болды.
2003 жылы “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төс белгісі, 2004 жылы «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
2012 жылы отандық ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Еуразия жұлдызы» атағымен марапатталды.
2013 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанды. 2019 жылы «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты болды.

Әлқисса! Әдеби танымдық, тарихи мәні, маңызы бар айтулы іс-шара, мектеп алдында заманауи үлгіде, қонақтар, ата-аналар мен оқушылар ес алып, тынығып, бой жазып отыратын демалыс орнының ашылу салатанатымен басталды. Шағын саябақ деуге келетін орнынның тұсау кесерін оңтүстік Астана Алматыдан келген құрметті ғалым Намазалы Омашев пен облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков қиды. Мектеп оқушыларынан құралған домбыра оркестрі «Балбырауын» күйін балбырата орындады. Толғанысты сәтте сөз алған Намазалы Омашұлы мектеп ұжымының ерен ісіне ерекше алғыс айтты. Содан соң екінші қабаттан орын алған Намазалы Омашев атындағы кабинеттің алдында, мектеп оқушыларынң ғылыми жұмыстары, ізденістері, робототехника, жел электр энергиясын алу, мектеп оқушыларның «Біздің жетістіктеріміз» атты көрмесі тартуланып, қонақтарға сый жасалды.
Арнайы кабинетті облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков пен аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров тұсауын кесіп, шынайы ризалықтарын білдірді.
Кең де самаладай жарық, шетелдік үлгіде жиһаздалған, көркемделген кабинетте Намазалы Омашұлының портреті, ғылыми жетістіктері, ЮНЕСКО-дан бастап алған марапаттары сап түзеп, көздің жауын алады.
Атағы алысқа кеткен, ғалымның кабинетінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Б.Әбжапараов жүрекжарды құттықтау сөз сөйлеп, айтулы ғалымның журналистика саласында Елімізде алатын жоғарғы орнын айта келе, жерлес ғалымға мектепте кабинет қана емес, мектеп атын берсе де, университеттің атын берсе де, жарасымды екенін баса айтты. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков бұл №17 мектепте ашылып отырылған кабинет шынайы ризалыққа лайық екенін, жалпы гимназиялық мектептің тарихы тереңде, одан ұшып, түлеп, темірқанат қыран болып шыққан шәкірттер сан салада еңбек етіп жатқанын тебірене баяндады. Сол сияқты өзінің Шымкентте өткен пән олимпиадасында жүлде алған 17 жас ұрпақтың білімге түбегейлі бой ұрғанын, өздерін ұстауы да, сөз саптауы да салауатты азаматтардай екенін, тіптен «бізге халықаралық дәрежеде сабақ беретін ұстаздар керек» дегендерін шынайы көңілмен, таңданыспен жеткізіп, осындай игі бастамны қолға алып үлгі болатындай ауқымды шара өткізіп отырған мектеп басшысына, педагогтік ұжымға, оқушыларға үлкен алғысын білдірді.

Салихалы кездесуде Намазалы Омашевтің шәкірті, «Меркі Ақиқат» газетінің редакторы осы жолдардың авторы Серік Құралбай да сөз алып, Ұстазының ЮНЕСКО-ның профессоры атағын алған бірден-бір қазақстандық екенін, оның жетекшілігімен Қазақ Мемлекеттік Университетінің шетелдік жоғарғы оқу орнымен байланысты дамығанын, ОРБИКОМ мүшесі ретінде әлемнің отызға жуық мемлекетін аралап, лекция оқығанын, сонымен қатар өзі де үлкен тәжірибе жинақтаған айта келе, тіптен Кембридж Халықаралық өмірбаяндық орталығының «Жыл Адамы» атағын алғандығын мақтанышпен тілге тиек ете келіп, осындай танымдық тәрбиелік мәні бар кабинет ашып, оқушылардың ғылыми жобалармен жұмыс істеп, зерттеулермен айналысуына бастамашы болған ұстаздарға айрықша алғысын білдірді.
Мектепте Намазалы Омашев туралы 3-8 сынып оқушылары арасында ғылыми жобаға конкурс жарияланып, оған 150 оқушы қатысыпты. Оның ішінен 50 шәкірт дара шығып, жүлделі орындарды сарапқа салыпты. Аламан бәйгеде 4 «т» сынып оқушысы Кәусар Нұрхожа, 4 «д» сынып оқушысы Аделя Абдібай, 5 «б» сынып оқушысы Алмира Кубиева, 8 «в» сынып оқушысы Дияра Курбанахуновалар үшінші орынды, 6 «ә» сынып оқушысы Айару Нуридин, 7 «т» сынып оқушысы Кәусар Қойшы, 3 «ә» сынып оқушысы Ердәулет Абаевтар екінші орынды, ал 4 «б» сынып оқушысы Нұрания Бейсенбай бірінші орынды, бас бәйгеге ие болыпты.
Сол жеңімпаздар интерактивті тақта арқылы өзін жеңіске жеткізген жобаларымен, кабинет толы қонақтарды таныстырып, ерекше ілтипатқа ие болды.
11 «е» сынып оқушысы Ұлдана Қозықан «Аласармас тау тұлға» атты 11 «а» сынып оқушысы Айым Ерікқызы «Намазалы атама» деген арнау өлеңдерін оқып, қошеметке бөленді.
Сондай толғанысты кездесуде Намазалы Омашев сөз алып, өзінің еңбегіне соншама мән беріп, ғылыми зерттеулер жүргізіп, тіпті өзінің ұмытыңқырап қалған сәттерін еске түсіргенін айтып, оқушыларға, әсіресе ізденімпаз, білікті оқушыларға, олардың осындай шәкірт дайындаған, тәрбиелеп жатқан оқытушыларға, осындай игі бастаманы қолдаған аудандық білім бөліміне шексіз алғысын білдіріп, кеудесіне қолын қойып, шынайы алғысын білдіріп, бұл өз өміріндегі қимас сәттерінің біріне айналғанын тебірене жеткізді.
Аталған іс-шара өз жалғасын аудандық Мәдениет үйінде оқушылардың өнерлерін тамашалаумен басталып, мектеп жеткіншектерінің мерекелік концертіне ұласты. Онда Н.Омашевтің «Алаш көсемдері» 10 томдық кітап жиынтығынан «Алаш көсемдері» туралы көрініс қойылып, монографияларына шолулар жасалды.
Сахнада сақадай сай төрт жүргізушінің бірі: -Армысыздар, алқалаған әлеумет! Ұлт ұландарына ұлықты ұғындыруға ұмтылып, ғұмырын ғылымға арнаған ғибратты ұстаздар десе, екіншісі: -Елі үшін еңсегей бойын тік ұстап, ұлты үшін ұланғайыр далама ұран тастай алар ел ағалары,- деп аспандатты, үшіншісі: -Тәуелсіз Қазақстан – жаңа, рухани өркениеттің бесігі. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты.
Қазақстан –бар асылым,
Көзімдегі қарашығым.
Бақыттымын байтақ жерде
Бейбіт елдің баласымын-, деп жорғалатты, ал төртінші жүргізуші Тәуелсіз Қазақстан — ерекше құштарлықпен, сарқылмас сүйіспеншілікпен айтар, ардақ тұтар асыл сөз. Еліміздің туы тігілген үлкен үйіміз де, алтын әрі биік шаңырағымыз да – осында, деп зал толы көрермендерді бір тебірентті.
Аудандық мәдениет бөлімінің үлкен сахнасындағы әдеби шоу мектептің 50 оқушысы мың бұрала билеген биімен басталды.
Сахнада ретро әндер де, патриоттық әндер де аспандата шырқалды. Намазалы Омашев пен төрт кітаптің авторы, журналист, ғалымның жары Клара Хамзақызының өмірінен қойылымдар да тартуланды.

Жалпы гимназиялық мектеп оқытушылары да, оқушылары да кәсіпқой әншіден, кәсіби күйішіден, актерлық тұрғыдан да еш кем еместіктерін дәлелдеп, көрсете білді.
Әдеби көрсетілім «Мен қазақтың ұлымын» әнімен қорытыланды. Аудан әкімінің орынбасары, ақынжанды азамат Бақытхан Әбжапарұлы де айтулы іс-шара «айыпкері» Намазалы Омашев та тебірене, толғана сөйлеп мектеп ұжымына, аудандық оқу бөліміне шынайы алғыстарын білдірді.

Серік Құралбай,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.