Электронды темекі шегуге бола ма?

0
30

Электронды темекі-ішінде сұйықтығы, арнайы ауыстыратын картриджі бар, өкпеге тыныс алу жолдары арқылы никотин жеткізетін темекінің жаңа түрі.
Қоғам жастары есеюдің көрінісі десе, енді бірі бүгінгі таңның сәні ретінде күнделікті өмірде кеңінен пайдалануда. Ғалымдардың пайымдауынша, электронды темекі кәдімгі темекіге қарағанда зияндылығы тұрғысынан аздау. Десе де, электронды темекі құрамында 30-дан астам улы заттар бар. Олар: никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар және т.б. Негізгі міндетті компоненттері-глицерин және полипропилен химиялық қоспасы. Электронды темекі денсаулыққа зиян, қауіпі зор бәлекет.
Бұл жайында нақты дәлелдер келтірер болсақ, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, темекі шегу салдарынан әлемде 8 млн адам қаза табады, соның ішінде 7 млн-ы темекі шегетін немесе бұрын тастап кеткендер. Ал темекі түтініне булыққандар саны-1,2 млн.
Бүгінде электронды темекілердің қауіпсіздігі толық зерттелмеген. Адамға «темекі тастауға көмектеседі» дейтін тиімділігі де дәлелденбеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіштерді қолданбауға кеңес беріп отыр. Жарнамасына да тыйым салу қажет дейді.
Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпке ресми түрде тыйым салынды.
Қазақстан электронды темекіге тыйым салмақ:
Биыл қазан айында денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті никотині бар өнімдерге қатысты техникалық регламентті әзірледі. Оған сәйкес, Қазақстан нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, сондай-ақ никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді.
«Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді», — делінген бұйрықта.
Бұдан бөлек, электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтарды қаптамасынсыз айналымға шығаруға тыйым салынады. 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды.
Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының 2019 жылғы зерттеуіне сәйкес, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе артқан.
Темекіні алмастыратын зат па?
Кейбірі электронды темекіні жай темекіден арылу мақсатында қолданады. Дегенмен мамандардың пікірінше, бұл жалған ақпарат. Себебі Лондондағы шылымның денсаулыққа әсерін зерттейтін орталықтың маманы Амонда Сэрфордтың айтуынша, электронды темекі құрамында никотин бар. Ал никотин адамды шылымға үйір қылады. Шылым түтінін өкпеге тартқанда денсаулық одан көбірек зиян шегеді. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Бұған дәлел ретінде, Қырым федералды университетінің ғалымдары электронды темекіден немесе вейптардан шығатын бу өкпе тінін бұзатынын айтады. Тіпті никотин қосылмаған құрылғының өзі де адам ағзасына аса зиян. Егеуқұйрыққа жүргізілген эксперимент нәтижесінде сұйықтығы құйылған жануардың өкпесі 40 күннен кейін іри бастаған. Бұл дәлел шылым шегушілер арасында кең тараған «электронды темекінің зияны аз» деген пікірді жоққа шығарады.
Шариғат жағынан ҚМДБ-ның пәтуасында:
Темекі шегуге қатысты ғалымдар арасында бірнеше көзқарас бар. Бірқатар ғалымдар темекінің денсаулыққа зиян әрі ысырап екенін алға тартып, темекі шегуді харам деген. Алла Тағала Құранда:
وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ
«Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер…», – дейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ
«Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», – деп ескерткен.
Имам Тахтауи ән-Нәжму әл-Ғазидің мына сөзін келтіреді: «Темекі Дамаск қаласында XV ғасырда пайда бола бастады. Ол мас қылмаса да адамның әлін кетіретіндігі үшін харам болады. Умму Саламадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір мас етуші және әлді кетіруші нәрсеге тыйым салды», – делінген.
Ханафи мәзһабының ғалымы шейх Мухаммад әл-Айни: «Төрт нәрсеге байланысты темекі тарту харам болады. Олар:

  1. Денсаулыққа зияндығы;
  2. Есірткінің бір түрі әрі адамның әлін кетіретін нәрсе болғандығы;
  3. Жағымсыз иісінен темекі шекпейтін адамға зияны тиюі;
  4. Ысырапшылдық.
    Ханафи мәзһабының кейбір ғалымдары темекі тартуды мәкруһ тахрими деп санайды. Әл-Мәусуғату әл-фиқһия атты кітапта: «Темекі тарту кейбір адамның денсаулығына, ақылына зиян болатыны нақтыланса немесе темекіге жұмсаған қаражатқа өзі және отбасы қатты мұқтаж бола тұра сарп етсе, харам болады. Ал бұдан басқа жағдайда мәкруһ саналады», – делінген.
    Дегенмен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және ислам медицина ғылымдары ұйымы ғылыми тұрғыдан электронды темекінің, калянның және басқа да шылымның түрлері адам баласының денсаулығына зиян екендігін нақты түрде айтқан. Сондықтан электронды темекіні қолдану харам деп саналады. Себебі электронды темекінің зияны әдеттегі темекіден асып түспесе кем емес.
    Мысыр, Иордания елінің пәтуа комитеті электронды темекіге тыйым салған.
    ҮКІМ:
    Электронды темекі адамның денсаулығына зиян болғандықтан және ысырапқа жататындықтан – харам. Оны қолдануға болмайды.

Меркі аудандық
«Меркі ата» мешіті

Comments are closed.