Жаңа жылда, жаңа отауға

0
23

Ақтоған ауылында жаңа жыл қарсаңында көп балалы Талғат Садығұловтың отбасы ерекше қуанышқа кенелді. Олай болатыны шет елден қонақ келсе де ұялмай апарып, көрсететін, іргетасы да биік, еңселі, суы, газы жарығы да кіргізілген, эвро стильде соғылған, 100 шаршы метрден асатын отау, шын мәнінде көз қуантып, жүрек жылытады.

«Әлхисса» деп сөз бастасақ со-о-о-нау екі мың сегізінші жылдан ақтоғандықтар өздері, қариялары, жастары болып бастаған «Асар» игі іс-шарасы жалғыз басты, үйінің шатырының, төбесінің жартысы құлап қалған Нұрия Жылқаманованың үйін соғудан басталған игі іс, әлі күнге жалғасын тауып келеді. Осы үй, ақтоғандықтар іргесін көтеріп, тіптен өртеніп кеткен үйді қалпына келтіруден басқа, бой көтерген он төртінші отау екен.
Жалпы Ақтоған ауылының ынтымағын, бірлігін қалай мақтаса да жарасады. Көшелері түп-түзу, асфальттандырылған, жарықтандырылған. Жарықтандырылған дегеннен шығады. Аудан көлемінде ауыл тұрғындары бірінші болып көшелерді өздері қаржы жинап самалдай жап-жарық етті. Бір, екі жылдай әр көше есептегіш қондырғыларын орнатып, электр энергиясының да шығынын өздері көтерді. Суы жоқ, газы жоқ көшелерге де көп болып көмектесіп, су да газ да жеткізілді. Сол кездегі ауыл әкімі Олжабек Қосубаев Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» бағдарламасына барып, бүкіл республикаға үлгілі ауыл екенін дәлелдеді.
Ауылдағы 300 орындық мешіт те, осыншама орындық асхана да ауыл меценаттарының, жастарының, тұрғындарының күшімен ел игілігіне қызмет етуде. Қайта күрделі жөндеуден өткен спорт, би залымен бірге Мәдениет үйі де, дәрігерлік амбулатория да, Қазақ Дихан бөлімшесінен бой көтерген 120 орындық мектеп те, мешіт те, табиғи газ да, жап-жарық көшелері де фельдшерлік пунк те ауыл сәніне сән қосып тұр. Осының бәрі ауылдың атпал азаматтарының, ғұлама қарияларының, түйсігі жоғары жастарының, ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындарының арқасы екеніне ешкім дауласа қоймас.
Хош деңіз. Сонымен жаңа жыл алдында он төртінші отау өз тұрғындары Талғат Садығұловтың отбасына есігін айқара ашты. Жаңа хансарайындай үйдің ашылу салтанатына, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рақымбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі, алқызыл лентасын қиды, өз қалтасынан байғасысын да берді.
Ақ отаудың ашылу салтанатында ауыл қариясы Асқанбай Медетбеков, ауыл имамы Асқар Тұрпанов, эксәкім Олжабек Қосубаевтар қуанышты сөз сөйлеп құтты болсын айтты. Ауыл әкімі Данияр Әбдіразақ жүрек жарды сөзін айтып, осы үй құрлысына білек сыбана кірісіп, жан тәнімен еңбек еткен, отау иесі Талғаттың жан достарына рахметін айтып, округ әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады (суретте).
Көңілді музыка ойналып, қуаныш шашуды шашылды. Сөйтіп Ақтоған ауылында тағы бір бақытты отбасының түңдігі түріліп, есігі айқара ашылды. Отбасының үш бірдей бүлдіршінің жүзінде қуаныш, ернінде күлкі. Біз де осы көрініске толқымай, қуанбай қарай алмадық.
Отау құтты болсын!

Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.