Абылай ханның Жауғаш батырға берген жеңіс туы
Бүкіл қазақ ордасың ұлы ханы Абылай ханның әскери қолбасшысы, сенімді серігі, елшісі болған Жауғаш Қырбасұлының қазақ тарихында алатын орны ерекше.
Жауғаш Қырбасұлы ұлы жүз құрамындағы ботбай руының Қоралас аталығынан шыққан. Абылай хан оның ерлігін жоғары бағалап, “Жаралы жолбарыс” деп атаған. 1733 жылы күзде қазақтар жеңіске жетіп, жоңғарлар қашқан Аюлы, Арқарлы тауларындағы шайқас кезінде туғандықтан әуелгі қойылған есімі Жауқашты екен, анасы Қоңырбике еркелетіп Жауғаш атанып кеткен. Әкесі Қырбас 18 ғасырдың 1-жартысында жоңғарлармен болған бірқатар шайқастарға қатысқан, Аңырақай шайқасында ботбай қолын басқарған Сәмен батыр әскерінде мыңбасы болған. Жауғаш 15 жасында атқа қонып, қасындағы Қарпық, Майлыбай сияқты серіктерімен ел еркіндігі жолында Алатаудан Арқаға барып, Абылай ханның орда сарбаздарының қатарына қосылған. Абылай хан өмірінің соңына дейін жанында болып, айнымайтын тірегі саналған Жауғаш батырға жоңғарларға қарсы соғыстарда көтерген қасиетті жеңіс туын аманат етіп тапсырған. Сол ту мен тағы да басқа жәдігерлерінің батырдың ұрпақтарының қолында күні бүгінге дейін сақталып келгені қазақ тарихына деген құрметі деп білемін. Қазақтың жалпақ тілінде «аманат» деген ұғым бар. Бұрынғы ата-бабаларымыз аманат ұғымының астарында сарқылмас сауап пен тарқамас жақсылық жатқанын жақсы білген. Сондықтан да Жауғаш батыр атамыздың ұрпақтары аталарымыз «аманатқа қиянат жүрмейді» дейтін бұлжымас қағиданы өз өмірлеріне темірқазық етіп ұстанған. Көпшілікке көрсете бермейтін осы баға жетпес құнды жәдігерлерді араға біраз жыл салып үлкен ас беріп, сақтаулы сандықты ашады дегенді хабарды естіп біз де айтулы шараға қатысып қайттық. Үлкен асқа бата берілген соң, іші қазына толған сандықты ортаға алып шығып, келген қонақтардың назарына ұсынды. 3 ғасырлық тарихы бар Қазақтың ұлы ханы Абылай ханның Жауғаш батырға жоңғарларға қарсы соғыстарда көтерген қасиетті жеңіс туын, Жауғаш батырды жаудан қорғаған сауытының құрамдас бөліктері мен найзаның ұшын тағы да басқа жәдігерді көзіміз көріп, қолымызға ұстау бақыты бұйырған екен. Осы айтулы шараға келгендегі біздің мақсат жоғарыда аталған жәдігердің тарихын насихаттау болатын. Тараз қаласынан арнайы реставратор, зергер Ержан деген маманды шақыртып, Жауғаш батырдың мұраларының өлшемдерін қағаз бетіне түсіріп алып, фото, видео түсірілім жасап, жәдігерлердің көшірмесінің жобасын жасату жұмыстары әзірленді.
2023 жылы Жауғаш батыр атамыздың 290 жылдық мерей тойы қарсаңында барлық жәдігерлердің көшірмесі жасалып, Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясына қойылса, аудан тұрғындары мен келген қонақтардың осы керемет жәдігерлерді тамашалайтын мүмкіндігі болатын еді.
Талғат Сұлтанов,
Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы