Танымды, тағылымды, торқалы той

0
30

Ия, бұған дейін тәттілік жерлестері дүбірлетіп өткізген Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойының негізгі жалғасы, Асекеңнің дәл туған күні 15-қыркүйекте, аудан орталығындағы, мерекеге орай көріктендірілген Ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды.

Салтанатты облыстық мәслихат хатшысы Махметқали Сарыбеков ашып, елдің ерен тау тұлғасы, мемлекеттің дарабоз ұлы Асанбай Асқаров сияқты дара тұлғаның даңқы арта беретініне тоқталды.
Астанадан, Алматыдан, Тараз, Шымкент, Түркістан облыстарынан келген жайсаң қонақтар, гүл қою рәсіміне соның ішінде мерейтой иесінің үлкен қызы Шолпан Асанбайқызы қатысып, барша жұршылыққа, Жамбыл облысы әкімдігіне, Меркі жұртшылығына, төркіндеріне, аудан басшылығына жүректен шыққан алғысын айтып, басын иді. Сол сияқты кемерінен асқан қуанышты рәсімде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев той иесінің өмірінен кейбір шрихтарды айтып, көпшілікті ауданның барша жұрты өткізіп жатқан 100 жылдық тойымен құттықтады.
Бұдан соң мәртебелі қонақтар №1 жаңадан Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың аты берілген орта мектепте, мерейтой иесінің бюсті ашылып, «Туған жерге туын тіккен биік тұлға» атты ғылыми практикалық конференция өтті.
Тағылымды ғылыми басқосуда филология ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбден баяндама жасады. Сол сияқты қоғам, мемлекет қайраткері Амалбек Тшанов, ҚР «Орталық мемекеттік архиві» РМ директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сабит Шілдебаев, профессор, академик Хангелді Әбжанов, Қансейіт Әбдезұлы және басқа да ғалымдар Асекеңнің бейтаныс, көпшілік біле бермейтін қырларынан сыр шертті.
Сәбит Шілдебаев өз сөзінде 1953 жылға дейінгі, одан соң осы күнге дейінгі Мәскеу архивінде сақталған Асанбай Асқаров туралы құжаттар негізінде екі томдық «Асанбай Асқаров» атты кітап туралы баяндап, жалпы желтоқсан оқиғасына қатысты, ұйымдастарды деп жаламен қамалған Асанбай Асқаровтың қамалуына, Кеңес Орталық Комитетіне түскен төрт томдық арыздар себеп болғанын баян етті. Сол сияқты «Мемлекет басшысы болады-ау» деген күдікпен Әуелбековтің үстінен жазылған арыз бір том екендігінен хабардар етті.
Конференцияда аталған кітаптың тұсаукесері өтті.
Сол сияқты Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтың құттықтауын Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы мектептің директоры М.Бексұлтановаға салтанатты түрде табыстап, мектепке А.Асқаровтың портрет-кілемшесін сыйлады.
Тойдың жалғасы аудандық мәдениет үйінде тартуланған Шымкенттік жазушы-драмматург Мархабат Байғұттың сценарийі бойынша облыстық Асқар Тоқпанов атындағы драма театры сахналанған «Асанбайдың аққайыңдары» атты спектакльімен жалғасты. Бұдан бір күн бұрын аудан әкімі
Жорабек Баубеков құттықтау сөз сөйлеп ашқан Республикалық ақындар айтысынан келесі турға оза шауып шыққан төрт жұптың айтысы “Көккөл” мейрамханасында арнайы құран оқылған астан кейін, аудандық мәдениет үйінде түс ауа қайта жалауын көтерді.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын Мемлекет басшысының көмекшісі Отарбаев Мәлік Нұрханұлы зал толы көрермендер алдында аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлына көпшіліктің қол шапалағы аясында салтанатты түрде табыс етті. Сахнаға бірінші болып маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев пен Т.Рысқұлов ауданының жампозы жас ақын Айтбек Тұрсынбаев шықты.
Сөз алған Айтбек “Мерейлі Меркіде көсіліп бір күн жатып тұрдым, қызыққа, мол думанға батып тұрдым, келесі турға өттің деген кезде орнымнан қуанғаннан атып тұрдым” деп нөсерлетіп, Нұрлан ағасына “жасың кеп қалды, айтысты қоймайсың ба?” дегеніне Нұрлан “Жастар келсе қумайсыңдар, кәрі келсе шулайсыңдар, жөн білмейтін кейбіреудей, Бауырға ерді алып тулайсыңдар” деп жауап беріп, “Меркіде төгіліп тұрған шуақ, сарқырап аққан суат, одан аласың қуат, Меркі мерейлі жұмақ” деп Асанбай ағасының қоғамға сіңірген еңбегін мөлдірете термеледі.
Жалпы бір күн бұрын өткен он бір жұптың да олқысы болмады. Дайындалып жаттап келген өлең емес, қолма қол сұрақ, қонымды жауап болды. Кезінде облыстық ақындар айтысына қатысып, Аяз Бетбаевпен, Шырын Мамасеріковамен, Үміт Битеновамен және алпысқа келсе де осы айтыста бой көрсеткен Айтмұхамбет Исақовпен сөз сайыстырған осы материалдың пұшаймен авторы, айтыс өнерінің облысымызда өсіп кеткенін, талантты жас ақындар қаулап өскеніне риза болды.

Екі ақын да көптің көңілінен шығатын орынды әзілді де, салихалы дуалы сөзді де қой тоғытқандай тоғытып, көрермендердің шынайы алғысына бөленді.
Түркістандық Дәурен Ақсақалов бен байзақтық Дархан Әбдіманаптың да ойлы, ойнақы айтыстары айтыс сүйер қауымның ілтипатына ие болды. Дәурен “Меркі Түркілердің астанасы, тарихы терең Меркі қамалы, құпиялы, құпиясы ашылмаған Аспарасы” деп шырқады. Ал Дархан, “кеше Олжасты жеңсең, бүгін Дарханың олжасына айналасың” деп олжалы сөз айтты. Әрі өзінің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін нығырлады.
Айтыстың айта жүретін тұсы қарағандылық Ботагөз Мұхитдинова мен жуалылық Қанат Мырзаханның арасында өтті. Жарты сағаттан астам уақыт бақ сынасқан қыз бен жігіттің айтысы көрермендерді күлкіге қарық қылды. Қанат тау тұлға ағасын аспандата өлеңмен әспеттеп, Ботагөзді әдемі әуенмен, әсерлі суреттеді. “Сені кешегі очкилі әріптесің сияқты емес, мен сені очкисіз-ақ жақсы көремін” деп тұспалдап ойын білдірді. Бұған Ботагөз “Очкисіз көремін деп, көрерменнен очко жинадың ғой, Саған бақ қонды, жеті жігіттің ішінде Ботагөзге тап болдың ғой” деп өрнектеді. “Бұл айтыстан көп нәрсе түйіп кетем, Меркі топырағыңды сүйіп, ризалықпен еске алып, басымды қадіріңе иіп кетем” деп немесе, “айтыста жағалайсың, сыртта қарамайсың, мені қырғыздың көлігіне теңедің, сен оған шопыр болуға жарамайсың”, “Қанат өзіңнен-өзің кеуіп отырсың, құлақтан теуіп отырсың” деп айтыстың он бойында тапқырлық танытты, ал Қанат “Өлеңнің тұлпарын қырға салам, мен құлақтан теппеймін, құлағыңа сырға салам”, “арықтың қабырғасын санап жатқанша, жуан қарынды сипап жатқан жақсы”, “мен мерседеспін” деген қызға “Онда мен күніне үш рет бензин құйып тұрар едім, ертелі-кеш сипалап жуар едім, құлпына алдымен кілт сұғар едім, сонан соң тексерер ем пробегін” деп жауап қайтарды. “Дарын қарынмен өлшенбейді, Қанат кілтің сай келмейді» деген аруға “мен қалай, қалай босып жүрмін кілтіміздің көлемін қайдан білдің” деп әдемі айтыс сыйлады.
Қызылордалық Нұрмат Мансұров пен байзақтық Рай Дөңбайдың айтыстары да айшықты, әзілге, тұрлаулы сөзге, ойнақы ойға, Асанбай ағаға деген ілтипатқа толы болды.
Сонымен екі күндік сүбелі, жүйелі айтыс өз мәресіне жетті. Айтысты айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков қорытындылады. Үшінші үш орынды байзақтық Рай Дөңбай, қызылордалық Нұрмат Мансұров және маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевтар еншілеп, 300 мың теңгелік сертификаттарға және Күләш Ахметованың көлемді “Отан” жыр жинағына ие болды.
Екінші 500 мың теңгелік орынға қарағандылық Ботагөз Мұхитдинова мен жуалылық Қанат Мырзахандар лайық деп табылып, марапатталды.
Бірінші орынды түркістандық су төгілмес тайпалған жорға, сөзді қиыннан қиыстырған, дәурені жүріп тұрған Дәурен Ақсақалов ие болып, 700 мың теңге жүлдені олжалады. Ал, бір миллион теңгелік бас бәйге байзақтың жас пері Дархан Әбдіманапқа бұйырды. Қалған қатысушылардың бәрі 100 000 теңгелік сертификаттарға ие болып, мерейлі Меркінің көркі мен ынтымағына, Асанбай Асқаровтай тұлғасын ұлықтаған тұғырлы ісіне, қайта-қайта алғыс айтып, қимай қоштасты.
Серік Нұрманұлы,
“Меркі Ақиқат”

Comments are closed.