Жауғаш батырдың туы

0
33

Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы мен тарихи жәдігерлерді зерттеуші Сәки Қайрат Ұзақұлы Жауғаш батырдың жәдігерлерін көріп, тәу етіп қайтты.

Қайрат Сәки араб елдерінің ортағасырлық тарихында елеулі із қалдырған, түркі тайпалары тақырыбын зерттеумен айналысады.
«Пирамида үстіндегі киіз үй немесе Байбарыс туралы» (2000, Астана), «Қыпшақ мәмлүктер» (2006, Астана), «Бағдаттағы Жалайыр билігі» (2007, Алматы), «Мәмлүктер – соғыс өнері» (2015, Астана), «Ер қаруы – бес қару» (2020, Астана), «Юрта на вершине пирамиды» (2020, Астана) кітаптарының авторы. Үстіміздегі мамыр айында толықтырылған «Сұлтан Байбарыс» кітабы қайта жарық көрді.
Сәки Қайрат Ұзақұлы бүгіндері Жауғаш батыр турасында тарихи жәдігерлерді зерттеп, кітап жазуда.
Әр жеті жылда бір рет қана ашылатын туды Жауғаш батырдың тікелей ұрпақтары қонақтарға қуана көрсетті. Жауғаш батырдың өмірі, тудың қалай берілгендігі туралы баяндап берді.
Кездесу соңында батырдың ұрпақтары көрегендіктерін көрсетіп, қонақтарға ыстық лебіздерін білдіріп шапан жапты.
«Жауғаш, Жауғашты Қырбасұлы — қазақ батыры, Абылай ханның әскери қолбасшысы, елші. 1733 жылы Іле Алатауы етегінде дүниеге келіп, Меркі жерінде қайтыс болған. Жауғаш батыр Ұлы жүздің Дулат тайпасы Ботпай руынан шыққан. Әкесі Қырбас ХVIII ғасырдың 1-жартысында жоңғарлармен болған шайқастарға қатысқан, Аңырақай шайқасында Ботпай қолын басқарған Сәмен батыр әскерінде мыңбасы болған. Жауғаш 19 жасында атқа қонып, қасындағы Қарпық, Майлыбай сияқты серіктерімен Алатаудан Арқаға барып, Абылай ханның орда сарбаздарының қатарына қосылған. Жауғаш Абылай ханның тапсырмаларын тиянақты орындап, сенімді серіктерінің біріне айналған. 1754-1756 жылдары Абылай ханның арнайы әскери қолын басқарған.
1756 жылы қытайлармен болған шайқаста Абылай хан жараланғанда, ұрыс даласынан ханды аман алып шығып, құтқарып қалған. Бұхар жырау жырларында Абылай хан «Іздесем де табылмас, Жауғашжан, сендей құбаша ұл» деп мадақтаған Жауғаш батыр осы. Ол Қытаймен арадағы қатынастарды реттеуге қатысқан елші де болған. 1771-1774 жылдары қырғыздармен болған қақтығыстардың мәмілегерлікпен аяқталуына атсалысқан. Абылай хан өмірінің соңына дейін жанында болып, айнымайтын тірегі саналған Жауғаш батырға жоңғарларға қарсы соғыстарда көтерген қасиетті жеңіс туын аманат етіп тапсырған. Сол ту батырдың ұрпақтарының қолында күні бүгінге дейін сақтаулы. Тудың мирас болып Жауғаш батырға өтуі былай болған:
«Жауғаш Жоңғар жойылып, Қытаймен келісім жасалып, тыныштық орнаған заман туған соң, елдегі қартайған әке-шеше, туған-туысқандардың тұрмыс жағдайлары, олардың өріс-қоныс мәселелерін шешу әрекеттерімен айналысу үшін Абылай ханнан елге қайтуға рұқсат сұрайды.
– Жауғаш, еңбегің еліңе сіңді. Жаныңа ненің бататынын сеземін. Қазақтың тұтастығы үшін алда да атқарылар іс болса, аянбайтыныңа сенімдімін. Үш тілегіңді айт,– дейді хан.
– Хан ием, он жыл жаныңызда болып, талай рет туыңыздың астында әліміз келгенше жаумен шайқастық. Менің бірінші қалауым – өзім талай ұстаған туыңыз. Сол туды Талас, Шу бойына қадасам деймін.
Екінші қалауым – өзім қолға түсірген Жөлкем сұлуды қисаңыз,– деп үнсіз қалады.
– Екі қалауың да орындалады. Үшіншісін айт.
– Хан ием, осы екеуін де өзім көпсініп тұрмын,– деп үшінші тілегін айтпапты».
Аңыздарға қарағанда, Жауғаштың үшінші тілегі есебінен оны Жөлкем сұлудың жақын апасы, ханның қалмақ әйелі Топыш орындаса керек. Ол Жөлкемнің жасауы ретінде алтын жалатқан босағалы, күміс керегелі киіз үй беріпті Қазір Абылай хан берген дейтін тудың айшықты ұшар басы Жауғаш ұрпақтарында сақтаулы. Ал алтын босағалы, күміс керегелі үйдің алтын босағасы Түркістандағы Әзірет сұлтан мұражайында.
Денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің ішінде, Абылай ханның қасына жерленген».

Меркі аудандық
«Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі

Comments are closed.