Тәттіліктер тұлғаларының абыройын асқақтатты

0
25

Ия, «Өшпейтіндей артымда сөз қалдырсам» деген Асанбай Асқаров өшпейтін сөз де, өшпейтін іс те, өшпейтін із де, өшпейтін құрмет те, өшпейтін есім де қалдырыпты. Олай дейтініміз туғанына жүз жыл толып, бір ғасырлық мерейтойы республика, облыс, аудан көлемінде тойланып жатқан Асанбай Асқаровтың мерейтойын Тәтті ауылдық округінің тұрғындары атты жерге түсіп, жаяу таңдай қағып таңданатындай кең көлемде, арқа-жарқа, ақ пейілімен, шын ниетпен, ағыл-тегіл, ақ түйенің қарны жарылғандай етіп өткізді десек қателеспейміз.

Ағыл-тегіл дегенде ас мәзірін емес, кемерінен асып-тасып төгілген ризалықтан, ниеттен, шынайы ақжарма көңілден, аққудың қатар жүзгеніндей басы он екі қанаттан, сегіз ақшаңқаң киіз үйлердің тігілгенінен, анша-мұншаның қолы жете бермейтін асқақ айшықты сахнадан, теңіздей шалқыған пейілден, тіптен бәрі ойластырылған келісімдіктен, ынтымақтан, бірліктен-ақ байқауға болады. Оған қарақұрым, сансыз той қонақтарының жарқын дауыстары, әзілдері де сән беріп тұрды.
Бір сөзбен айтқанда ауыл болып қана емес, қабырғалы, сүбелі көпшіліктің қолынан келмейтінді тәттіліктердің ұйымшылдығы, елдің ынтымағы, ауылдың атпал азаматтары мен сыртта жүрген Атымтай Жомарттарының азаматтығы көтеріп кетіпті.
Қош деңіз. Сонымен жүргізушілер Асекеңнің түрмеде отырғанда жазған төрт жыр кітабының негізінде жасалынған сценарийде мерейтой иесінің жырларын төгілте көпшілікке жеткізіп, жиналғандарды тәнті етті.
Бес мәрте, ия, бес мәрте дегеніміз, Асанбай ағамыздың қарымды еңбегімен алған төрт Ленин орденін, Алматы облысы жеңіп алған Ленин орденің де ағаның іскерлігін аса зор ұйымдастырушылығына, тапқырлығына, еңбекқорлығына берілген орден деп бағалаймыз, сол сияқты екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін кеудесіне тағып, Кеңес Одағының Социалистік Еңбек Ері атағын алған, аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің ас-мерейтойы ауылдың имамы Асқат Көпбосыновтың бағыштаған құранымен, ауданда батагерлердің байқауында бас жүлдені еншілеп жүрген Белгібай Айнақұлов қарияның тәлімді батасымен бастау алды.


Одан соң сөз алған аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы да (суретте) шыңына жеткізе сөйлеп, аға тойының мәні мен мағынасына жастарға үлгі боларлық баға жеткісіз үлгісіне баса тоқталып, дәуір дарабозы Асанбай Асқаровтың жүз жылдық мерейтойы 15-қыркүйекте ауданда үлкен бағдарламамен өткізілетіні, мемлекет қайраткерінің, өзі қолымен тұрғызып, ұрпақтары есімін берген стадион алдындағы ескерткіші көріктендіріліп, қайта ашылатынын, №1 орта мектепке Асанбай Асқаровтың аты берілетінін, сол сияқты облыстық ақындар айтысы, Ғылыми практикалық конференция, үлкен гала концерт, «Асанбайдың аққайыңдары» атты спектакль қойылатынын, түрлі мәдени спорттық іс-шаралар өткізілетінін айтып, мүйізі қарағайдай ағаның мерейтойымен көпшілікті шын пейілімен құттықтап, алқалы тойдың жалғасына шақырды.
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, 2002 жылы ЮНЕСКО-ның «Жыл адамы» атағын алған, Қазақстанда бірден-бір аталған Халықаралық ұйымның профессоры, филология ғылымдарының докторы, атынан ат үркетін Намазалы Омашев Асекеңнің біз біле бермейтін сара жолдарын, дара тарихи істерін, жазушылығын, ғалымдылығын көпшілікке паш етті. Тартымды, тағылымды баяндаудың жалғасын аудандағы үлкен іс-шарада айтылатынын айтып, осындай кең көлемді мәнді, сәнді мерейтой өткізіп жатқан тәттіліктерге шексіз алғыс айтып, ризалығын білдірді.
Бұдан кейін сөз алған оннан аса шешен, Асқаровтың асқаралы істерін аспандап, ел құрметіне бөленіп тұрғанын жеткізді. Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарында әлі күнге дейін айшықты, тұғырлы істерін, әлі де ғұмырлы екендігіне тоқталды.
Ал сахнада шырқалған Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері, жерлестеріміз Оңал Азаматова, Индира Хамзина салған әндер, әсіресе Бақыт Шағырбаевтың баянды шырқаған Асанбай Асқаровқа, Дінмұхамбет Қонаевқа арнаған әндері Тәтті аспанын асқақтатып, әуезімен даласын тербетті. Бейбіт Шошабаев арнау шашу шашты, «Меркі әуендері», «Асыл мұра» топтары сызылта ән салып көптің көңілінен шықты.
Бір күн бұрын жалауын көтерген, он үш команда қатысқан көкпардың ақтық бәсекесі ақтоғандық «Шақшам Ата» командасымен «Жарас Ата» көкпаршылары арасында өтті. Тартысты, қызықты, қиқуы көп бәсекеде ақтоғандықтар 4:1 есебімен жеңіске жетіп бас жүлдеге, асыл тұқымды тұлпарға ие болды.
Екінші орындағы жарастықтар, ал үшінші орындардағы Шу ауданының командасы мен андасбатырлық көкпаршылар ірі қара мен шопан ата тұқымдарын еншіледі.
«Қызықтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей думанның көкесі он шақырымдық тоқ бәйге мен 35 шақырымдық аламан бәйгеде өтті. Тоқ бәйгеде 47 сәйгүлік жарыс жолына шығып, соңғы айналымға 19 ғана тұлпар тұяқ тіреді. Бірінші орынды иеленген Алматы облысынан Ақылбек Аманбаев 400 мың теңгені қанжығаға байлады, екінші орынды қордайлық Есбол Жаппасов, үшінші жүлделі орынды алматылық Жанқойлықовтар еншіледі.
Екінші, үшінші орынды бөліскен шабандоздар демеушілер дайындаған 200 мың және 100 мың теңгелік бәйгені олжалады.
Ал 35 шақырымдық жарыс жолына 57 тұлпар жер тарпып бәйге жолына шықты. Он бір айналымнан тұратын аламанда тағы да Алматы облысынан Құрманжан Бүргенбаевтың сәйгүлігі жеке дара келіп, «Лада» автокөлігіне ие болды.
Екінші орынды Алматы облысынан Данияр Қозыбаев, үшінші орынды өзіміздің Қордай ауданынан Жомарт Ділтанов, төртінші орынды тағы бір қордайлық Батырхан Рысбеков, бесінші орынды тараздық Нұрхан Егембердиев, алтыншы орынды байзақтық Жандос Мұратов және жетінші орынды Т.Рысқұлов ауданынан Думан Мақұлбековтар олжалап, басы бір миллион теңге, сонан соң түйе, жылқы т.б. төрт түліктің төрелеріне ие болды.

С.Құралбай,
«Меркі Ақиқат“

Comments are closed.