АУАСЫ ТАЗА, ЕМІ ШИПА «МЕРКІ ШИПАЖАЙЫ»
Алатаудың бөктеріне орналасқан республика халқының сүйікті демалыс орнына айналған «Меркі шипажайы» меркіліктердің мақтанышы деуге болады. Бұл шипажай алғаш, яғни 1958 жылы «Меркенка» демалыс үйі болып құрылды. Кейінірек шефтік қамқорлыққа алған «Қазсоветкурорт» сауықтыру орнының аяғынан тік тұруына әрі жұмысын жандандыруға көп көмегін тигізді.
1981 жылы «Меркенка» демалыс үйі «Меркі шипажайы» болып қайта құрылды. Қазір бұл шипажай жыл бойы жұмыс істейді. Бір мезгілде 430 адам ем қабылдай алады. Мұндай өзгеріске осынау таулы өңірдің ерекшеліктері, табиғи емдік қасиеттері, себепші болды. Мәселен, географиялық және климаттық жағдайы емдеу-сауықтыру мақсатына қолайлы, аудан орталығынан 12 шақырым асфальт жол қатынасы бар. Ең бастысы, мұнда радонға бай минералды су көзі бар. Жер астынан төрт жерден ұңғыма арқылы /тәулігіне 217300 литр/ шығып жатқан шипалы судың температурасы 21-23 градус. Судың құрамындағы радон газы /1400-1800 эман/ оның емдік қасиеті өте жоғары, суы тұщы, минералдығы 300 мг/л. құрамында натрий, хлор, сульфат фтор, кремний қышқылы бар. Шипалы судың сапасы мұқият зерттеліп, оны еліміздегі өте жоғары шипалы судың қатарына жатқызды.
Ғалымдардың анықтауынша радон адам организміне тері, жұқа шеміршектер /слизистые/ арқылы еніп, радон «депосын» түзеді. Одан әрі ол ыдыраған кезде пайда болған бөлшектер терідегі нерв нүктелеріне, сол арқылы бүкіл организмге әсер етеді.
Шипажайда жылдың қай мезгілінде болмасын емдеу қалыпты өтеді. Мұнда көктем ерте шығады. Қар тез еріп, тау бөктерлері жасыл барқыт жамылып, алқызыл гүлге оранады. Жиі-жиі нөсер, ақ жаңбыр жауады. Шілденің аптапы күндерінде де мұнда ыстық болмайды. Ағып жатқан өзен мен тау самалы ауа райын салқындатып тұрады. Міне осындай жер жаннаты Меркінің төсінде дем алған әрбір адам пейіштің төрінде жүргендей сезінеді.
Мамандығың журналист болған соң, жүрген-тұрған жеріңізден көпшілікке хабар беруге ұмтылып тұрады екенсің. Онда да жүрген жеріңізде адамды сүйсіндіретіндей өзгеріс болып жатса тіпті шабыттанасың. Іргесінде тұрсақ та «Меркі шипажайына» көптен бері бас сұқпаппын. Аудандық аурухананың Меркі шипажайын бастамасымен ашылған оңалту орталығында биыл, сәуір айында ем қабылдап, едәуір сауығып қалғаным үшін аурухана және шипажай басшылығына айтар алғысым шексіз. Шетелдегідей мұнда да кіріп келген бойда алдыңыздан қызмет көрсетушілер қарсы алып, тіркеуден өткізген соң, жатын бөлмеңізге дейін ілесе барып, ішкі тәртіпті түсіндіреді. Бұрындары мұндай қызмет көрсету болмаған. Екі адамға арналған бір бөлмеде тоңазытқышы, жазу столы, душы, санузелі бар. Оңалту орталығы болған соң, ертеңді-кеш қан қысымын өлшеп жүрген дәрігерлер мен медбикелердің қызметіне риза боласың. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға ерекше қамқорлық көрсетіп, дәрі-дәрмектерін беріп, уколдарын салып жатқанын көріп, олардың қызмет көрсетуіне риза болдық. Оңалту орталығына келіп, ем қабылдағандардың барлығы, арнайы жолдамамен (путевкамен) келіп демалып жатқандар қандай ем қабылдайды, сол емнің барлығын қабылдауға мүмкіндік берген. Төрт мезгіл тамағы бар. Радон суын және басқа да бөлмелерде ем қабылдап жүрген, ертеңді-кеш серуенге шыққан адамдардың көңіл-күйіне қарап-ақ, мұнда көпшілікке қызмет көрсету өз деңгейінде екенін байқайсыз. Бұрындары біз көрмеген неше түрлі апараттар қойылған, сол арқылы дәрігердің нұсқауымен ем қабылдап жатқандар жетіп-артылады. Бір мезгілде 68 адам ем қабылдап, 3 айда 722 адам сауығып шығыпты. Оның басы-қасында дәрігер Мұхаева Анеля Құрманғазықызы бастаған медбикелер емделушілерге өздерінің медициналық кеңестері мен нұсқауларын беріп отырғанына аудан тұрғындары ризалық көңілмен алғыстарын білдірді.
Ия, «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді халқымыз. Соңғы екі жылдың төңірегінде Мақажанов Серік Амангелдіұлы «Меркі шипажайы» АҚ-ның бас директоры болып келгеннен бері бірқатар игілікті істер атқарылыпты.
Осы шипажайдың бас директорының орынбасары Марат Қасыммен әңгімелескенімізде ол: — Менің мұнда келгеніме бір жарым жылдан енді асты. Серік Амангелдіұлы екеуміз ортақ тіл табысып, ұжымдағы 200-ге тарта қызметкерлерімізді ортақ іске жұмылдырып, демалушыларға тиімді қызмет көрсету үшін қолдан келген барлық мүмкіндіктерді пайдаланып келеміз. Серік Амангелдинұлы осында келгелі ұжымдағы 200-ге тарта қызметкердің айлық табыстарын екі мәрте көтеріп, ең төменгі айлықты 100 мың теңгеге дейін өсірді. Бұл ең негізгі мәселе екенін ол жақсы түсіне біліп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына назар аударғандығы деп түсінуге болады. Сол сияқты бұрын бұл шипажайда болмаған, 8-10 адамдық сақ моншасын салып, пайдалануға берді. Үш столы бар бильярд бөлмесін жасақтады, нысананы көздеп машықтанатын Тир ашқызды, орыс банясына қосымша бассейн салғызды, тау беткейіндегі жабайы талдарды кескізіп, орынына 630 түп жеміс ағаштарын отырғызды, балық (форель) шаруашылығын қамдауда-дейді ол өз сөзінде.
«Меркі шипажайы» жоғарыда айтып өткеніміздей ондағы радон суының емдік қасиеті өте жоғары екенді бүгіндері белгілі болып отыр. Бұл емдік сумен адамның буын-буындарын, ревматизм, тері аурулары, гинекология, неврология, урология, тыныс органдары, асқазан, ішек ауруларына мың да бір ем деп есептейді дәрігерлер. Осы ауруларға қарсы ем жасайтын мұндағы дәрігерлер Әлия Тасжүрекова, Алибек Ахметов, Әнуар Қыстаубаев, Әсия Қуатова, Нұрлан Өмірбеков, Рүстем Темірбаев, Қайрат Рүстембековтер әр адамның денсаулығын жіті тексеріп, тиісті ем-домын жасауға тиімді кеңестерін беріп отыратын білікті мамандар. Ал осы дәрігерлермен бірге демалушыларға медициналық қызмет көрсететін медбикелердің де еңбегі ерекше. Атап айтар болсақ, өзінің іскерлігімен, тапсырылған міндетті жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарай біліп, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген медбикелер Құлбаева Майра, Әбдікеримова Еңлік, Мұңайтпасова Райхан, Ашамай Ұлбосын, Қайрақбаева Жұпар, Тәкенова Гүльнар, Онбаева Аида, Жүнісалиева Нұрсұлуларды атауға болады.
Атын атап, түрін түстеп айтып отырған медицина қызметкерлерінің қай-қайсысы болмасын өздеріне жүктелген міндетті жұмыстарына тиянақты қарап, демалушыларға тиісті медициналық ақыл-кеңестерін айтып отырады. Сондықтан да олар ұжым мүшелері ортасында абырой-беделге ие жандар екендігі басшылар тарапынан берілген бағадан анық байқалады.
«Сырт адам — сыншыл» дейді халқымыз. Мен демалушының бірі ретінде сыни көзбен қарайын деп, «Меркі шипажайының» іші-сыртын түгел араладым десем де болады. Ондағы жатын бөлмелер мен ем қабылдайтын бөлмелердің іші-сыртына қарап, риза боласыз, әр зат өз орнында, жарасымды орналасқан. Ем қабылдайтын радон суы мен бөлмелердің алдында кезек күткендер жоқтың қасы деуге де болады. Әр демалушының қолындағы карточкасына сағаты белгіленіп берілгендіктен уақтысында келіп ем қабылдайтын ережені бекітіп қойған.
Асханада қызмет ететін аспазшылар да демалушыларды жайдары көңілмен қарсы алып, ас мәзірін дәмді де нәрлі етіп дайындайтынынның куәсі болғанымызды ашық айтқанымыз жөн болар. Шаруашылық меңгерушісі Тамара Садірмекова, аға аспазшылар Гуля Сағымбекова, мен Жұмақыз Амиреева өз ісінің нағыз шебері. Олардың дайындаған ас мәзіріне демалушылар ризалық пейілін білдіріп, алғыстарын айтады.
Сол сияқты, әсіресе таңертең серуенге шығатындардың қатарында мен де болам, (бұл мезгілде кейбір демалушылар ұйқыда жатады, күн ұясынан әлі шықпаған мезгіл), сондағы менің байқағаным, шипажайдың ауласын көгалдандырып, егілген тал-шыбықтар мен шыршалардың, неше түрлі гүл шоқтарының түбін қопсытып, айналасына шыққан арам шөпті отап, суғарып жүрген қызметкерлерді көріп, риза болдым. Олар кешкітұрым да солай жұмыс істейді. Бұл ненің белгісі, бұл тәртіптің белгісі, жұмысты ұйымдастыра білетін басшының іскерлігінің белгісі.
Таңертең әсем әуен үні аясында денешынықтырумен айланысып жатқандарды көрсеңіз, кешқұрым шипажайдың ауласындағы жазғы би алаңында билеп жүрген жастарды байқайсыз.
Алдағы уақытта да «Меркі шипажайының» ұжымы демалушылардың алғысына бөлене берсе екен дегіміз келеді.
Бектұрған Жамбабаев,
ардагер журналист, Меркі ауданының «Құрметті азаматы»