Ата-анаға ҰБТ кезінде баланы психологиялық дайындау бойынша кеңес
- Баланың ҰБТ-ден алатын балл саны туралы уайымдамаңыз және балаларды ҰБТ-ден кейін сынамаңыз. Балаға тестілеуден алатын балл саны оның мүмкіншілігін тексеретін толық көрсеткіш емес екендігіне сендіріңіз.
- ҰБТ қарсаңында баланы көп мазаламаңыз. Бұл – тестілеу қорытындысына теріс әсер етуі мүмкін. Ата-аналарының қобалжуы балаларға беріледі. Ал егер ата-анасы жауапты кезеңдерде өз эмоцияларына ие бола алмаса, жас бала тіпті де қажып, сынуы мүмкін. Балаларды сергітіп, олар орындаған әр жақсы істері үшін мақтау айтыңыз.
- Балалардың өз-өзіне деген сенімділігін арттырыңыз, себебі балалар сәтсіздіктен қорқа түскен сайын, қателіктер жіберу ықтималдығы да арта түседі.
- Балаңыздың көңіл-күйі мен денсаулығын жиі тексеріп, қадағалап отырыңыз, баланың жан дүниесін Сізден артық ешкім түсінбейді. Баланың қатты шаршап, қажуына жол бермеңіз.
- Баланың дайындық режимін қадағалап отырыңыз, бала дайындық арасында демалып отыруы тиіс.
- Үйден баланың дайындалуына қолайлы жер беріңіз, үйдегілердің ешқайсысы бөгет болмауын қамтамасыз етіңіз. Баланың тамақтануына үлкен көңіл бөліңіз: баланың оймен қарқынды жұмыс істеу кезінде оған сіңімді әрі әртүрлі витаминді тағамдар жеуі керек. Балық, ірімшік, дәндер, жаңғақ, құрма, т.б. тағамдар мидың жұмыс істеуіне жақсы көмектеседі.
- Балаларыңызға дайындық тақырыптарын әр күнге бөлуге көмектесіңіз.
- Баланы емтиханға дайындалу әдістемесімен таныстырыңыз. Барлық қажетсіз ақпараттарды жаттатқызудың қажеті жоқ, дәрістің негізгі керектілерін және логикасы мен мағынасын түсініп алу жеткілікті. Оқылған материалды қорыту үшін қысқаша схематикалық сызбалар мен таблицалар жасау өте пайдалы. Егер бала оларды жасауды білмесе, практикада жасап көрсетіңіз. Негізгі формула немесе анықтамаларды кереует қасына, үстел қасына немесе асханаға, т.б. іліп қоюға болады. Пән бойынша әр түрлі тестілер нұсқасын дайындаңыз (қазіргі уақытта тест тапсырмаларының неше түрлі жинақтары бар). Тесттермен жұмыс істеу маңызды болып табылады, себебі оқудың бұл түрі балаға үйреншікті болып табылатын ауызша және жазбаша емтихан түрлерінен өзгеше.
- Тестімен жұмыс істеу кезінде баланы алдын ала уақытты бағдарлау мен оны үнемдей білуге үйретіңіз. Сонда ғана бала қобалжымай, тестіге толық көңіл бөлуде тәжірибесі мол болады. Егер ол бұрын қолына сағат тақпайтын болса, оған тестілеу кезінде міндетті түрде сағат беріңіз.
- ҰБТ қарсаңында бала жақсылап демалып, ұйқысын қандыруы керек.
М.Ж.Қасымова,
Меркі ауданы білім бөлімінің әдіскері