Қызықты саяхат
Ел Президенті Қ.Тоқаев, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін, барлық жағдайды жасау қажет екендігін айта келе, үстіміздегі 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. «Балаларға әрдайым ерекше назар аудару керек, себебі олардың амандығы — Мемлекетіміздің тұтастығы мен жарқын болашағының сенімді кепілі» , -деп айтқан болатын. Осыған байланысты, Меркі аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясындағы жоспарға сәйкес, білім беру ұйымдарының 50 қызметкерлері және олардың балалары үшін, Шымкент қаласындағы зоопаркке және ары қарай Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, сол сияқты Керуен сарайы кешендеріне әсерлі, қызықты саяхат жасап қайтты. Саяхатқа барған балалардың қуанышында шек жоқ екенін көріп, көңіл қуанды. Жаңа Түркістан қаласындағы керемет жаңалықтарды өз көздерімен көріп, ата-аналарымен бірге жан-дүниелерін рухани байытып қайтты.Барлығы да алғыс білдіріп, осындай саяхатты ұйымдастырушыларға үшін рахмет айтты. Саяхат барысында жаңа Түркістан қаласындағы жақсы жаңалықтармен таныса отырып, Керуен сарай кешеніндегі тарихи- сахналық қойылымдарды көрді. Этноконцерттерді тыңдап, фонтан -шоуларды тамашалады. Меркі аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің алдағы уақыттағы жоспарларында, мұндай игі істер жалғасын табады. Тарихы бай, тағылымы терең Түркістан қаласының еліміз үшін алар орны әрқашан да бөлек. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі және күллі қазақтың тарихы. Жас өрендеріміз Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және ер түріктің бесігі атанған қаланың бұдан да өзге қасиетті орындарында болып, тарихи жәдігерлермен жақынырақ танысып, түрленген Түркістанның бүгінгі тіршілігіне куә болып қайтты. Киелі орындарда балаларға тарихи-танымдық ақпараттар берілді. Сонымен қатар, жас саяхатшылар Түркістан қаласының жаңа келбетін көріп, кешкі шоу бағдарламасын тамашалап қайтты. Сапар барысында Жамбыл, Шымкент, Түркістан облыстарының жол сақшылары оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жас ұрпаққа тарихымызды танытып, рухын оятып, мәдениетін көтеретін осындай саяхаттар өз жалғасын табары сөзсіз.
Ә.Боранқұлова
Оқушылар «Үміт» сарайының қосымша білім беру педагогы