Алтын ұя мектебім, асыл ұстазым

Мен оқитын №39 Т.Қожакеев атындағы мектеп аудандағы іргелі, білімді де, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеп отырған киелі шаңырақ. Біздің мектеп оқушылары аудандық, облыстық және республикалық байқаулардан әрдайым жеңісті орындарға ие болып келеді. «Білімдіге дүние жарық» демекші мектепте оқып шыққан шәкірттер – аға, апайларымыз да жоғарғы оқу орындарында алған білімдерінің қызығын көріп, Халықаралық жарыстардан жеңіспен оралуда.
Мәселен, «JULDYZAI» XVII Республикалық балалар Фестиваль- байқауының облыстық кезеңінде вокал, хореография, аспаптық орындау аталымында 5 «Г» сынып оқушысы Парахат Асел қатысып, облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің ұйымдастыруымен Қожакеевтің туғанына 95 жыл толуына орай «Темірбек Қожакеевтің сатиралық және әдеби мұрасы таным мен талғам табиғаты» атты Қожакеев оқулары аясында өткен байқауда «Ең Үздік ғылыми жоба» номинациясында 11 сынып оқушысы Темірболат Жұлдызай I Дәрежелі дипломға ие болды. Ал, ұстаздар арасында өткен «Математикалық регата» атты олимпиадасына біздің мектептің ұстазы Ф.М.Нурланкулова да қатысып қайтты. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен «Математикалық регата» математика пәні мұғалімдерінің облыстық олимпиадасына облыс аумағынан 16 математик мұғалім қатысыпты.
Олимпиаданың 4 кезеңінен сүрінбей өткен Ф.М.Нурланкулова ІІІ орынды иеленді.
Білім мен спортты қатар алып жүрген мектеп оқушыларының спорттық жарыстарда да алған белестері көп. Мен білім ордасындағы волейбол үйірмесіне қатысамын. Жаттықтырушым Даулет Ибақовпен бірге аудандық бірнеше жарыстарға қатысып, ауданның екі дүркін чемпиондары атандық. Соңғы жарысымыз 23 сәуір күні №17 И.Трубицын атындағы мектепте өтті. Оған №1, 17, 20 мектептерден командалар қатысты. Біз осы сындарлы сайыста бас жүлдені жеңіп алдық.
Мектептік волейбол командасы құрамында менің сыныбымнан 4 оқушы қатысады. Күнделікті жаттығуларға қатысып, тәжірибе жинақтаймыз. Әр сенбі күндері басқа мектептерден волейбол командалары келіп, достық кездесу өткізіп тұрамыз. Даулет ағайымыз құрама командаға өз қаражатынан спорттық формалар де алып берді. Біздің жаттықтырушымызға айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, жаттығуға мүмкіндік жасап, ақыл-кеңесін айтып отыратын сынып жетекшіміз Талпакова Алмакул Сыздыққызының да еңбегі оразан зор. Ол Педагогика мен психология пәнінің мұғалімі және тәрбие ісінің әдіскері болғандығынан, ұстаздық жолындағы 34 жыл еңбегінің, тәжірибесінің арқасында сыныптағы оқушылардың көңілінен шыға білді. Біздің сүйікті ұстазымыз Алмакүл Сыздыққызының берген тәрбие, білімінің арқасында мектепте үлгілі сынып атанып жүрміз. Мектепке Қызылордадан келгеніне бір жыл ғана болғанымен, шәкірттерін жылуымен, мейірімімен баурап алды. Ол өз ісінің нағыз майталманы. Міне, мен оқитын мектеп, менің ұстаздарым осындай. Ал мен өз мектебімді, ұстаздарымды мақтан етемін. Өзімнің осында алған білімім арқылы келешекте биік белестерге шығып, оларға да мақтан тұтарлық шәкірт болуға тырысамын.
Рамина Бауржанқызы,
7 «А» сынып оқушысы