Еңбектен бақыт тапқан Батыр Ана
Ардагер — құрметті, ардақты, қадірлі адам деген мәнді білдіретін этикалық ұғым. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық ардагер деп жоғары бағалайды. Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер болады.
Осы ретте осындай ерен еңбек иелері – аға ұрпақтың еңбек дәстүрін жастардың санасына жеткізіп, оларды аянбай еңбек етуге тәрбиелеудің мәні өте зор. Еліміздің бастан кешкен тарихына зер салсақ, алдыңғы өткен аға буынның еңбек жолында қалыптасқан ізгі дәстүрлері халқымыздың жалпы ұлттық мұрасы, мақтанышы екеніне көз жеткіземіз. Себебі еңбек – өмір өзегі, бақыт кілті. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзі құнын ешқашан жойған емес, жоймайды да. Біздің еліміздің алға қойып отырған мақсаттарының бірі – қоғамымыздың рухани жаңғыруына қол жеткізудің бір бағыты осындай адал еңбек етудің адам үшін, қоғам үшін, ел үшін алатын орнын дәріптеу, жастардың санасына сіңіру, іспен үлгі болу. Сондықтан жастарды еңбекке баулу арқылы аға ұрпақтың еңбек дәстүрлерінің лайықты ізбасарларын тәрбиелеп, жаңа буын тұлғаларды қалыптастыруға атсалысатынымыз анық. Өнегелі іс өміршең келеді, ол қоғамның дамуымен үндесіп жатады. Осы реттегі әрбір тағылымдық шара жастарды еңбексүйгіштікке, өз мамандығы бойынша шеберлікке үйретуге, олардың бойында игі қасиеттерді қалыптастыруға, ерік-жігерлі болып, білім мен ғылымды игеруге, халқымыздың өнері мен мәдениетін дамытып, ата салтын, ата дәстүрін алға апаратын ұрпақ тәрбиелеуге зор пайдасы тиері сөзсіз. Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Осы орайда қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деген мағыналы сөзін біз де құптаймыз. Қазіргі кезде еңбек ардагері, соғыс ардагері деп атаймыз.Алайда адамды адам еткен — еңбек! Ол — дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы. Оның айғағы — қазіргі қоғамда өзіндік орны бар шаруақор жандар. Ұзақ жылдар бойы еткен ерен еңбегінің жемісін көріп, жас ұрпаққа үлгі болып отырған Сыпатай батыр ауылының тау тұлғаларының бірі ұлағатты ұстаз – Мәкен Маханқызы десек артық айтқанымыз емес. Еңбек ерендерінің еңбегін елі ешқашан елеусіз қалдырмайды. Кейіпкеріміздің биыл жары Сүгірбек атамызбен отау құрғанына — 60 жыл. Бір ауылда тұрып, бір қызметте істеген еңбер ардагерлері, – екі баланың тірегі. 80-нің сеңгіріне шықса да, қазыналы қарттарымыздың қимылы — ширақ, санасы — сергек. Сүгірбек атай зейнетте болса да зейіні мықты. Құстың қос қанатындай болған Сүгірбек атай мен Мәкен әжейді Сыпатай өңірінің тұрғындары түгел біледі. Ауыл ғана емес, есімдері тұтас елге танылса да еш артықтық етпейді. Қазыналы қариялар қандай құрмет-қошеметке болса да әбден лайық. Себебі, олар – ел ертеңі үшін тер төккен Еңбек ардагерлері! Биыл еліміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуде. Осы айтулы шараның аясында Мәкен апамыздай аңыз адамның өмір жолын, еңбек жолын кейінгілерге үлгі етіп, еңбектің қадір-қасиетін дәріптеудің, еңбек арқылы құрметке бөленген өнегелі өмір иелерін ұлықтаудың маңызы зор. Мұны «Әлемнің әміршісі – еңбек!» деген қанатты сөздің мән-маңызын жаңарған әлемде жастар жадына құя берудің зор мүмкіндігі деуге болады. Ана қашанда ақ тілегін ұрпағынан, елінен аямайтыны анық, сол үшін де ананың тұғыры биік, шұғыласы шуақты! Мәкен апа бір естелігінде аналық мейірбан жүрегімен: «Аллаға мың қайта шүкіршілік етеміз. Қиын күндерден кейін жарқын заман туды. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Дініміз де оралды, діліміз де тазаруда. Ендігі арманымыз келешек ұрпақ бейбіт өмір аясында бақытты ғұмыр кешуі. Иманды болып, Отанын, отбасын шексіз сүйіп, құрметтеуі. Біздіңше, барлық Аналардың тілеуі осы!» деп тілегін ақтарудан шаршамайды.
Г.Абдыкалыкова,
Сыпатай ауылдық кітапханашысы