Жомарт түлек деп Бауыржанды айт

0
135

Ия, осыдан бір ай бұрын аудандық «Меркі Ақиқат» газетіміздің №50 нөмірінде «Туған жерге туын тіккен Бауыржан» деген материал жариялап, бүгіндері Қарағанды қаласында кәсіппен айналысып жатқан Бауыржан Әділұлы жалпы көлемі 165 шаршы метр болатын, Ақарал ауылындағы кезінде Сыпатай Батыр атамыздың аты беріліп соғылған Мешіттің жанынан 120 орындық асхана құрылысын бастағаны туралы сүйінші материал жариялаған едік.

Онда құрылыс прорабы Ербол Өміралиев «Бауыржан бауырымыз игілікті іс бастап, ауылға керекті құрылысты жабылып жүргізіп жатырмыз. Ауыл қариялары, тұрғындары қолдау көрсетіп, «асар саламыз, сенбіліктер ұйымдастырамыз, қолдан келген жәрдемді береміз» деп қолдау көрсетуде. Құдай қаласа көптің көмегімен күз айында бұл асхананың қызығын көріп қалармыз» деп еді.
Енді өткен аптаның жұмасы күні «Ақарал ауылындағы асхана пайдалануға беріледі, әрі Бауыржан анасы Оңласын Тұрғанбай қызының жылын өткізеді» деген шақырту қағаз алғанда, сенерімізді де, сенбесімізді білмей дүдәмал көңілмен ат басын түзедік. Ия, шақырту қағаз жалған емес екен. Айналасы 41 жұмыс күнінде эуростильдегі 120 орындық асхана, ғайыптан пайда болғандай бар сәнімен бой түзеп тұр.
Таңданысымызды жасыра алмай, жұма намазының басталуына әлі уақыт барын пайдаланып Сыпатай бабамыздың атындағы мешіттің имамы Бақытбек Құрамаев мырзаны әңгімеге тарттық.
– Ия, өзіңіз іргетасын құйып жатқанда көрген құрылысыңыз ауыл тұрғындарының, қарияларының әсіресе он сегіз бен елу жас аралығындағы жастардың ересен күшімен қырық бір жұмыс күнінде міне мына өзіңіз көріп тұрғандай асарлатып бой түзеп, көз алдыларыңызда тұр.
Бұл асхананың құрлысыда бүкіл ауыл тұрғындарының қолдарының ізі, маңдайларының тері бар десе болады. Асарға үш жүз адамдай көпшілік кезек-кезегімен қол ұшын берді. Ауыл қариялары, тұрғындары асарға келгендерге кезектесіп тамақтарын дайындап тұрды. Уақыты болмағандар екі мезгіл асқа қалталарынан қаражаттарын шығарып берді,-дейді жүзі жайнаған, қуаныштан көңілі жай Бақытбек имам. Біз не айтарымызды, білмей, «көп түкірсе көл, көп біріксе қол екен ғой» дегенге тоқтадық.
Ал, сәні де, салтанаты да келіскен асхана шынымен «ұзатылатын қыздай» керіліп, көз қарып тұр. Бір қуаныштысы Бауыржан Жомарт түлек асхананың керек жарақтарын, орындық, үстелдеріне дейін, ыдыс-аяқтары, қасық-шанышқысына дейін, қазан-ошағымен, ыдыс-аяқ қоятын шағын қоймасымен түгел «төрт көзін» түгелдеп беріпті.
Бай жұмада ауыл тұрғындарының қатысуымен асхананың Салтанатты ашылуы болды. Онда ауыл қариялары бата беріп, игі тілектерін жеткізді. Бауыржанға денсаулық, жақсылық тіледі.
– Менің Ақарал округіне әкім болғаныма төрт жыл болды,-деді ауыл әкімі Ораз Жантайбеков салтанаттың ашылу сәтінде сөйлеген сөзінде. – Бұл бір керемет бастама, керемет іс болды. Мұндай серпілісті бірінші рет көріп қуанып отырмын. Елдің, үлкеннің, кішінің басын біріктірді. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ауылдың ынтымағы мен бірлігі артты.
Ия, шын мәнінде Ақарал ауылының күн сайын, күн-түн құрғатпай білекті сыбанып асарда асыр салып жүрген азаматтарына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Халқымызды «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген бар. Бірігіп, бірлік жасағанда қай істің болса да асығы алшысынан тұратынына көз жетті.
Жұма намаздан соң Дәлі ата ұрпақтарына, Бауыржанның Әділ әкесіне, анасы Тұрғанбайқызы Оңласын Дәлікелінің әруақтарына арналып дастархан жайылып, құран оқылды.
Дана халқымыздың «батаменен ер көгереді» деген ұстанымымен аталар Бауыржан Әділұлына арнайы бата беріп, ауыл жастарына шынайы алғыстарын білдірді.
Біз «Жомарт түлек деп Бауыржанды айт, асар деп Ақаралдағы асарды айт» деп, риза көңілмен тарқастық.

Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.