Ораза ұстаудың пайдасы мен ережелері

Алла Тағала адамдарды дене бітімі, сана-сезімі, рухы жағынан басқа тіршілік иелеріне қарағанда ерекше етіп жаратқан. Осы пенделерінің бақытты, бақуатты өмір сүрулері үшін жер бетіне Мухаммед пайғамбарды (с.ғ.а) елші етіп жіберіп, оған 23 жылда Құран Кәрімді түсіріп, сол арқылы ислам дінін енгізуді, насихаттауды парыз еткен. Ал осы қасиетті кітаптың бір бөлігі әмірлерден, бір бөлігі тыйымдардан, біразы өсиеттерден тұрады.
Осы Құран Кәрімде : «-Ей, мұсылмандар, күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге ораза ұстау парыз етілді», — деген. Және де: «Әр адам ішіп-жеуін мен үшін доғарады. Ораза мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды мен ғана өлшеп, мен ғана беремін», — деген.
Ораза ұстау адамның денсаулығына игі ықпалын тигізеді. Қазақ атам айтқан ғой, «ауру астан, дау қарындастан» деп. Сондықтан дүйсенбі, бейсенбі күндері, Ережеп, Шағбан айларында, айдың толыса бастаған күндері үш күннен, Рамазан айында отыз күн ораза ұстауға шамасы келген адамдардың денсаулығы ораза ұстамаған адамдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Алла разылығы үшін ораза ұстаған адамның денсаулығы жақсы болса ол өзі де разы. Пендесі разы болса, Алла да разы.
Ораза кезінде адамның жүрегінде мейірімділік сезімі оянып ашуланшақтықтан, дегбірсіздіктен, сабырсыздықтан тыйыла бастайды.
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» демекші, адам ораза ұстап жүрген күндері тұрмыс деңгейі төмен, бір күн аш, бір күн тоқ жүргендердің хал ахуалын тереңірек түсіне бастайды. Жанашырлық танытуға, басқаларды өзіндей түсінуге бейім болып, жүрегі мейірлене түседі.
Жыл он екі ай толассыз тамақ жеудің салдары әртүрлі ауруларға әкеліп соғады. Ал ораза кезінде адамның ас қорыту ағзалары дем алып, тазаланып, денсаулық жақсарады.
Тіпті дендей бастаған көптеген аурулардан жазылып кеткен жағдайлар да кездеседі.
Ораза сонымен қатар мінез-құлықты түзейді. Пейілімізді, жүрек сарайымызды тазалайды. Аузы берік адамға өсек
айтуға, біреулерді ғайбаттауға, жаман істерге баруға болмайды. Мұндай жағымсыз әрекеттерді тіпті ораза ұстамаған күндері де жасауға болмайды. Нағыз мұсылман – нәпсісі тыйылған адам.
Күні бойы аш жүрген адамның бойында сабырлылық, шыдамдылық, төзімділік сезімдері нық беки бастайды. Мұндай қасиеттер адамның алдына қойған мақсаттарына шаршамай, шалдықпай, төзімділікті ту етіп ұстап жетуіне көмектеседі.
Ораза кезінде адамның ауыз қуысының дәм сезгіштік қасиеті оянады. «Ашыққан кезімде жеген қойдың құйқасының дәмдісін –ай,» деген екен баяғыда біреу.
Сәресіде береке бар. Ауыз бекіту деген күн шықпай тұрып тамақтанып алу. Ал ауыз ашу күн ұясына батқанда басталады. Алдымен бірнеше ұрттам су немесе құрма жеуден бастаған дұрыс. Құрманың санының тақ болуы абзал. Қаласа ауызды бір шымшым тұзбен де ашады. Оразаны мұсылман, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасқа толған, денсаулығы көтере алатын, сол елді мекеннің тұрғылықты тұрғыны болған жағдайда ұстауға болады.
Мысалы ораза кезінде адам сырқаттанып қалса, немесе жолаушылап кетсе, әйел баласының аяғы ауыр немесе ол бала емізетін жағдайда болса, аштық пен шөлді көтере алмай тала бастаса, қатты қартайып немесе әлсіреген жағдайда оразаны тоқтата тұрып, кейін жағдайы келгенде қарызын өтеуге рұқсат етілген. Ал егер оразаның қазасын өтей алмаса оразаны ұстамаған әр күніне підия береді. Підия деген Рамазан айында тұта алмаған оразаның өтемі. Оны қаржы, немесе азық-түлік ретінде мешітке, немесе жағдайы төмен бір немесе бірнеше мұсылман отбасына бөліп беруге болады.
Ораза ұстардың алдында ниет ету өте маңызды. Ниет адамның шын жүрегінен шығуы керек. Мысалы, «қасиетті Рамазан айында таң азаннан кешке дейін Алла разылығы үшін ауыз бекітуге ниет еттім» деу. Сонда адамның түйсігі санасына тапсырма беріп оразаның еш қиналыссыз, жеңіл өтуіне себін тигізеді. Себебі, адамның әрбір ойлаған ойы, пиғылы, ниеті, сөзі жаратушымызға періштелер арқылы жетіп отырады. Ал Алланы сүйеніш тұтқан адамға көмек көп күттірмей келеді. Бұған сеніңіз. Сенім-мұсылмандықтың бастапқы белгісі.
Ораза күндері ауыр жұмыс істеуге, дәрі-дәрмек, емдік қасиеті бар шөп тұнбаларын, белсенді биологиялық қоспаларды ішуге, ине салдыруға болмайды. Абайсызда, ұмытып кетіп ауызға тамақ салып қойса оны шығарып, ауызды шайып, оразаны ары қарай жалғастыра беруге болады. Намаз оқитындарға дәретті толық алу қажет. Ауыз берік күндері тамаққа, құлаққа, мұрын кеңсірігіне су кетіп қалмайтындай етіп шомылуға, өзіне ыңғайлы уақытта ақырын аяңмен жаяу жүріп серуендеуге, хош иісті гүлдерді иіскеуге болады. Жемесе де тамақтың дәмін татуға, түкірікті жинап жұтуға болмайды. Ораза ұстап жүрген әйелдерге жанұя мүшелері тағамның тұзының дұрыс емес екенін айтса, онда, дайындап жатқан тамақтың дәмін татып көргесін оны жұтпай, түкіріп тастап, ауызды сумен шаю керек.
Ал ораза екенін біле тұра әдейілеп тамақ ішсе оның қазасын әрі кәффаратып өтейді. Кәффарат дегеніміз екі ай бойы үзбей ораза ұстау.
Ауыз ашқанда қомағайланып көп тамақ жеуге болмайды. Ас мәзірінің пайдалы дәнді дақылдардан, жеміс-жидектерден болғаны дұрыс. Ал сусынды ауыз ашқасын қалағаныңша ішуге болады. Себебі адам ағзасының 70-80 пайызы судан тұрады.
Ауыз бекіткенде де, ауыз ашқанда да Аллаға ризашылық білдіретін дұғалар адамның рухын биіктетеді. Ораза айында таң ертең ауыз бекіткесін барып намаз оқиды.
Рамазан айындағы пітір садақаны әрбір мұсылман тұрғылықты жеріндегі мешітке өткізуі тиіс. Қартайған, кәмелетке жасы толмаған немесе мүгедек адамдар үшін бұл міндетті сол жанұяның бас көтерер бір азаматы атқарады.
Бүкіл жанұясымен ораза ұстаған жанұялардың ынтымағы, берекесі арта түседі. Оразаларыңыз берік болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, әр адамға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Көп ұлтты еліміздің ынтымағы берік, болашағы жарқын болсын!
Нұрбек Жанықұлов,
Меркі ауданының Бас имамы