Беделді білім ордасына — 50 жыл

0
152

Елімізде халық игілігі мен жарқын болашақ үшін сансыз игі істер атқарылып, оң нәтижесін беріп отыр. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ауданымызда білім саласында да көптеген оң өзгерістер болып, мектептер салынып, күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілуде.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, №44 жалпы орта білім беретін мектеп те заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, биылғы оқу жылында пайдалануға берілді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған, есік — терезелеріне дейін жаңартылған білім ошағы бүгінде сәулетімен алыстан көз тартады. Оқу кабинеттеріне соңғы үлгідегі жиһаздар мен интербелсенді тақталар, ноутбуктер қойылып, вирустан сақтану шаралары да басты назарға алынған. Осы қасиетті шаңырақта балалар терең білім нәрімен сусындап, өздеріне жасалған қамқорлық пен жүрек жылуын сезініп, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басуда. Ұжым атынан мектептің күрделі жөндеуден өтуіне ықпал еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, аудан әкімі қызметін атқара жүріп, білім саласына да көп көңіл бөлген іскер, жанашыр азамат Өмірбек Мейірхан Азатұлына шексіз алғысымды білдіремін.
Елу жыл бұрын 640 оқушыға арналған киелі білім ордасының құрылысы аяқталып, 1971 жылы пайдалануға беріліп, алғашқы мектеп директоры болып А.И. Иванникова тағайындалады. Тынымсыз ұстаз мектептегі оқу мен тәрбие ісін басты назарға алып, абыроймен қызмет етті.
Кеңес Одағы кезеңінде ауданымызға танымал болған тұлға В.Т.Лавриненко алғашында осы мектептің құрылысымен айналысып, кейіннен 1975 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарды.
1975-1982 жыл-дар аралығында Абашев Еренсіз Абашұлы мектепке басшылық етіп, білікті кадрларды қалыптастырып, қажыр — қайратын білім саласына арнады.
Сол сияқты мектепті 1982-1984 жылдар аралығында Олжабаев Тұрсыналы Досекеұлы басқарып, білім саласына айтарлықтай үлесін қосты. Мектеп алаңына талдар отырғызылды, спорт кешені жасалынды, акт залына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
1984-1994 жылдар аралығында білім ошағын Абдыхалықов Көлбай Абдыхалықұлы басқарды. Осы жылдары №2 түрік тілі, №17 лингофонды кабинеті және кітапхана кешені жасалынып, мектеп сырты мәрмар таспен қапталды.
1994 жылдан 2010 жылдар аралығында мектепті Әлмейізова Базаркүл Темірбайқызы басқарды. Бұл кісі басшы болған жылдары көптеген кабинеттер жасалынды, №12 құқық негіздері, компьютерлік кабинеттер ашылды. 1998 жылы оқушыларға арнайы киім шешетін бөлме жасалып, мектептің барлық шатыры жаңадан жаңартылды. 2001-2002 жылдары мектептің жылыту қазандық жүйесі салынды және ауыз су құбырлары толық жөнделді. Мультимедиялық кабинеттер алғаш рет ашылды. Базаркүл Темірбайқызы жеке тұлғаның қалыптасуына бағытталған мектептің тәрбие жұмысына да үлкен көңіл бөлді.
Бексұлтанова Мадина Болатқызы 2010 жылдан 2011 жылға дейін білім ошағын басқарды.
2011 жылдан қазіргі кезге дейін де мектепте көптеген өзгерістер болды. Жылыту жүйесі сұйық отын газға қосылды. Оқу ісі орынбасарлары кабинеттері, мұғалімдер бөлмесі және пән кабинеттері қайтадан талапқа сай жаңартылып, кеңейтілді. Мұғалімдерге арналған демалыс бөлмесі жасалып, мектеп асханасына қажетті жаңа асхана құралдары алынды. Мектептің айналасына көгеріштендіру жұмыстары жүргізілді. Акт залы сахнасы әрленіп, жаңа орындықтар қойылды. Кейбір кабинеттерге, акт және спорт залдарына қосымша жылыту жүйелері жасалынды.
Ауданымыздағы озық мектептердің бірі саналатын қасиетті шаңырақта өз өмірін білім саласына арнаған, мамандығын жан — тәнімен сүйетін, еңбекқор, асыл ұстаздар шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруден еш жалықпады. Өзгеге үйретуден шаршамайтын, жаңашыл, талапшыл, тәжірибелі ұстаздар аудан, облыс, республика көлеміне еңбегімен, дарынды шәкірттерімен де танылып жатты. Талай жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған, білім саласына аса зор еңбек сіңірген, облыс көлеміне танымал білікті, іскер ұстаз, қазіргі таңда зейнеткер Б.Т.Әлмейізова, математика пәнінің мұғалімі М.Батиева, география пәнінің мұғалімі, бүгінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Т.Ә.Жақсымбетов, физика пәнінің мұғалімі Г.В.Калиниченко, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің мұғалімі Г.Қ.Дәулетова, тарих пәнінің мұғалімі Л.Н.Киер, география пәнінің мұғалімі
Г.М.Найзабекова тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында білім беру жүйесін дамытуға және және білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталса, директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г. Д. Шадыбаева «Директордың үздік орынбасары-2018» атты республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Ұжымдағы ұлағатты жандар тынымсыз еңбек етіп, бар қажыр- қайратын, білімі мен күш — қуатын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап, ел алғысына бөленуде. Бүгінгі таңда мектепте тәуелсіздік құрдастары да ұстаздық етіп, білім саласына айтарлықтай өз үлестерін қосуда. Олар тәуелсіздік құрдастары екенін мақтанышпен айтып, өздеріне зор міндет жүктелгенін жауапкершілікпен сезінеді.
Ұжым білім ошағының биылғы 50 жылдық торқалы тойын зәулім, келбеті әсем мектепте аса қуанышты жағдайда қарсы алып отыр. Ұстаздардың қажырлы, абыройлы еңбегіне табыс, береке, жетістіктер мен сәттілік тілеймін. Тәуелсіздігіміз баянды, заманымыз тыныш, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болсын.

Ниетқали Конкабаев,
№44 жалпы орта білім беретін мектеп директоры

Comments are closed.