Ұлағатты ұстаз туралы бір үзік сыр…

0
110

«Ұстазды алтын діңгекке балар едім» — деп, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқанындай, ұстаздық — тарихтағы ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті — ұстаздардың қолында.
Ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, отандық білім беру жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ұлағатты ұстаз жайында ой толғайтын болсам, білім берудің барлық сатыларынан өткен, тәжірибелі мұғалім, зерттеуші ұстаз, оқытушы, білікті маман, ұлағатты ұстаз, аяулы ана Мойынқұм ауданының төсінде дүниеге келген, ардақты ұстаз – Назира Акпарқызы жайында айтар едім. Бойынан осы қасиеттердің бәрі танылады. Ұстазға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.
Ол кісі көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келді. Мұғалім мамандығын таңдауына анасының ықпалы болған екен.
Мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз – аяулы ұстаз Алматы қаласы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетін 1994 жылы химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде»,-деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт. Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал, Назира Акпарқызын алатын болсақ, сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз. Аяулы ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Алған мақтау, марапат, алғыс хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Бірақ, адамның адамгершілігі марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері болмақ. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі болары сөзсіз. Әйел адам үшін қызметтік мансаптан басқа, дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеп жеткізу міндеті және бар. Міне, осындай аса жауапты қызметпен аналық парызын қатар өтей білген жан өзінің өмірлік жарымен 25 жыл отасып, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Ата-анасының сүйіспеншілігіне, қамқорлығы мен мейіріміне мейлінше қанық болып өскен 2 ұл бүгінде өмірден өз орындарын тапқан, халқына сыйлы, жұртына абыройлы биік белестерді бағындырған азаматтар. Атап айтсақ, Назира Акпарқызы –ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері төсбелгісімен марапатталған, сарапшы ұстаз, Меркі аудандық химия пәнінің мұғалімдерінің координациялық үйлестіруші қоғамының мүшесі. Қазіргі таңда Асанбай Асқаров атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында 1997 жылдан бері ұстаздық етіп келеді.
Әрине, кімнің де болмасын, жалпы адамзат баласының өлшеулі өмірі нәтиже беруді талап етеді. Бұл кез келген істің басты критерийі болмақ. Өмірде тындырған әр ісің нәтиже беріп жатса, бұл да өмірдің сыйы емес пе?! Ой салып қараған жанға бұл жолдар – бір адамның тағдыры, өмір тармағы, қайғысы мен қуанышы қатарласа жүретін батпандай бағы дер едім.
Кавказ халқында «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің»-деген мәтел бар. Ол – Назира Акпарқызына қатысты айтылғандай, өйткені, сол тау секілді өміріне үңілген пендеге биіктей түсетіндей. Оны сіз бен біз жақсы білеміз. Қастерлейміз, құрмет тұтамыз және мақтан етеміз!
Алла тағала бәрі адамға бірдей әдемі қартаюына және өмірдің өзі соншалықты сұранысқа ие болуына мүмкіндік бермейді. Әлі күнге дейін шаршауды білмейтін, табиғатынан шығармашылық дарыны еш сарқылмаған Назира Акпарқызы өзінің өмірлік ұстанымын мынадай өлең жолдарымен өрнектейді әрі басқаларға да ұсынады:
Жел үрлесе бетіңе иілме сен,
Мығым бол қайғы деген құйын мекен.
Есіктер жабық болса қаға білгін,
Тірліктің алам десең сыйын көкем.
Қорқақтар үндемесе айқайла сен,
Қуансаң – ән сал, сол да бұйым ба екен?!
Бәрі жақсы болады өзіңе сен,
Өз-өзіңмен болуға бейімдесең!
Аяулы ұстаздардың еңбегін ұмытпау – біздің парызымыз.
«Адамды тіріде тек бағалайық,
Ардақтап аялайық, ағалайық» — деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай, бақытын ұстаздықтан тапқан Назира Акпарқызы көкжиегіңіз кестелі, көретін қызығыңыз дестелі болсын-демекпін!
Ұстаздың берген білімін тәрбиемен алған шәкірт – ұстазынан асар деп бекер айтпаған. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару — екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.
Қорытындылай келе айтатыным-«Шәкірттің жүрегіне жол таба білген Ұлағатты ұстаздар» көп болғай !

Ержан Оразбаев
Асанбай Асқаров атындағы ЖОББМГ-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маман

Comments are closed.