Кітапханада оқырман саны артуда
Қашан барсаң да іші жылулық пен тазалыққа бөленген орталық кітапханада түрлі іс-шаралар өтіп жатады. Мұндай шаралардың, әдеби кештердің оқырмандарға беретін тәрбиелік маңызы зор. Ал орталық кітапхананың оқырмандар саны жыл санап артуда.
Қазіргі таңда 40 мыңнан астам кітап қоры мен 4500-ге жуық оқырманы бар кітапханада өткізілген іс-шаралдардың көлемі санаусыз десек те болады.
Мәселен күні кеше «Қазақтың қабырғалы қаламгері» атты Әлжаппар Әбішевтің — 115 жылдығына арналған әдеби кеш өткізілді. «Үлкен жолда», «Тұлпар», «Тамұқтағы таң», «Серт», «Сәуленің күлкісі», «Саржан», «Oтан үшін», «Нұpлы жаңбыр», «Нaйзaғaй», әңгімелері мен повестері, «Мұзбалақтар», «Мен өлмеймін», «Мансап пен ұждан», «Мәди», «Қыран торғай», «Күншілдік», «Көлеңкелер қалай жоғалады», «Қолға түскен шайтандар», «Кім менің әкем?», «Көк дауыл», «Кім кінәлі?», «Қайран әкелер», «Жолдастар», «Жер астындағы майдан», «Жас түлектер»,«Достық пен махаббат», «Бір семья», «Белгісіз батыр», «Армандастар», «Арман болған ағалар», «Араша», «Әке үкімі», «Әке мен бала» және «Намыс гвардиясы» сияқты т.б пьесалары туралы өрелі оқырман қауымға шолулар жасалды. Орталық Қазақстанның шырақшысындай болған айтулы тұлғалардың бірі Әлжаппар Әбішев 1907 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Аспантау деген жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Мектеп есігін кешірек ашқан Әлжаппар Әбішев 19 жасында ауыл мектебін бітіріп, жиырма жасында 1927 жылы үш айлық мұғалімдер курсында оқиды. Одан кейінгі жазушы жолы өз бетімен оқып білім көтеру, үздіксіз қажымай-талмай еңбектену, іздену арқылы бойындағы әдеби дарынын ұштау, жетілдірумен жалғасты.
1927 жылдан бастап Ә.Әбішев сауатсыздықты жою курсының мұғалімі болып істейді. Жазушылық қызметін Қарағанды кен орындарында шахтер болып істеп жүрген кезінде бастайды. Шахтадан кейін «Қарағанды пролетариаты» газетінде әдеби қызметкер болып істейді де белсенді тілшісі атанады. 1935 жылдан бастап Ә.Әбішев «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, «Әдебиет және искусство» журналында жауапты хатшысы, редактордың орынбасары болды. Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың өкшесін баса өсіп, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендермен қатарласа жүрді. Қазақ әдебиетін, өнерін, драматургиясын дамытуға солармен бірлесе күш салған, «алыптар шоғырының» ізін баса жүріп, солардың өнегесі өлшеусіз мектебінен өткен. Шәкіртке тән ілтипатпен ізгі тәрбие алған Әлжаппар өзінің құдірет тұтар, құлшылық етер қазақ әдебиетіне өзіндік әуен-нақышымен келген.Ә.Әбішев 90 жасқа толғанда өзінің туған жері Қарқаралы өңіріне келіп, елдің жағдайын көріп, біліп, кіндік қаны тамған Аспантаудың баурайындағы ата қонысына аунап, анасының басына құран оқытып қайтқан еді.
Жазушы «Oктябрь ревoлюциясы», Еңбек Қызыл Ту, Халықтаp дoстығы, «Құpмет белгісі» оpдендерімен және медальдарымен марапатталған.
Республикамыз тәуелсіздік алған соң Президентіміздің пәрменімен Ә.Әбішев алғашқылардың бірі болып «Халық жазушысы» құрметті атағына ие болды. 24 тамыз 2001 жылы Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиеті ақсалдарының бірі Ә.Әбішев 94 жасқа қараған шағында фәниден бақиға өтті.
Қолына қалам алып халқы үшін ерен еңбек еткен ұлы қаламгердің өмір жолы аяқталғанымен, өскелең ұрпақ, кітапхана оқырмандарының есінде таңдамалы шығармаларымен ғасырлар бойы қала бермек.
Б.Сәрсенбиева,
ақпараттық-библиографиялық бөлімнің кітапханашысы