Қант заводы қарқын алып келеді немесе жұмысы қатты, өнімі тәтті дақыл

0
96

Дана халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты, санатты сөз бар. Бұл сөздің өміршеңдігін «Меркі қант» заводының бүгінгі бас директоры Қарғабаев Нұржан Қуанышбек-ұлымен, елімізде бірден-бір жұмыс істеп тұрған, төрт қант заводының біреуі, бірегейі десек те болатын үлкен өндірістің директорымен сұқбаттасқан кезде көз жеткіздік.

Негізгі бұйымтайымыздың жайына көшпей тұрып, жас басшының осы бір қиын мамандықты таңдағанының себебін білгіміз келгенін жасырмаймыз. Сөйтсек,
Нұржан Қуанышбекұлының әкесі Шу қант заводының Бас директорлығына дейін көтерілген, еті мен сүйегіне дейін «сахарник» болған айтулы, ғұмыры дария, бүгіндері ғибратты қария екен. Шу қалалық атқару комитетінде төрағаның орынбасары қызметін атқарған біздің бүгінгі кейіпкеріміздің әкесі, Алматы Жоғарғы Партия мектебін бітіріп келіп, Шу қант заводының Бас директоры, «Шекер» АҚ-ның Президенті, зейнетке шыққанға дейін облыстық «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы ААӨ-ның» Шу бөлімінің бастығы болып ондаған жыл қызметтер атқарыпты. Сол кезден балаң бозбаланың қант заводына деген құлшынысы басталыпты.
Нұржан Қарғабаев үйдегі ұлдың кенжесі болған соң өз жолын өзі таңдапты. Алдымен Алматы қаласындағы «Энергостройтельный» техникумының «Паро-турбинные установки» мамандығы бойынша диплом алып, энергетик болып шығады. Техникумның жолдамасы бойынша Алматы қаласындағы «ТЭЦ-2» -де қалу керек бозбаланы әкесі өз заводына ауыстырып алыпты.

Келген соң әкесі басқаратын Шу қант зоводындағы ТЭЦ-ке құрал-жабдықтарды жөндеу цехының слесары болып орналасады. Одан Бішкек қаласында Қырғыз Мемлекеттік Ұлттық Университетін бітіріп заңгер мамандығын алады. Солай болса да әке жолымен өзі де әкесі сияқты «сахарник» маман болып толысады. Талдықорғандағы «Көк Су», «Ақ Су», «Қара бұлақ», Алматының Бұрындайдағы заводтарда бас инженер, директордың орынбасары, тіптен біздің «Меркі Қант» заводының да бір кездері бас директоры қызметтерін атқарып, бір ғұмырына жетерлік тәжірбие жинақтапты
Осы әнгімелердің куәсі болған мені, Нұржан Қуанышбекұлының екінші қайтара Меркі қант заводына басшы болып келгені қызықтырып, сұрақпен қайрылдым
– Ия, қайта құру кезінде көп қиындық болды ғой. Бұдан бұрын осы заводқа басшы болып келгенде Инвесторлар тарапынан қысым көп болды, әрі қаржы да тапшы болды. Есіңізде болса Меркі, Қордай, Байзақ аудандары қызылша шаруашылықтарының миллиондап қаржыларын өтей алмадық. Сол себептен «қожайындарға» жақпай, келісе алмай қош айтысуға тура келді.

Одан соң ТОО «Qazsugar» фирмасы Шу ауданында бұрынғы қант заводы негізінде жаңа қант заводының жобасын жасауға, негізін қалауға шақырды. Ол жұмыс қарқынды басталып, аяғы сұйылып кеткен соң, инвестор компания Меркі қант заводын сатып алып, жаңа «Меркі қант» мекемесін құрып бас директорлығын ұсынды. Міне енді сол жұмыспен қарқынды айналысып жатырмыз. Инвестор компания 1 млрд 400 миллион қаржы жұмсап, негізгі ТЭЦ-тің, заводтың шатырларын түгел жаңалап, жаңа құрал-жабдықтар, қондырғылар, жүк тиегіштер, камаздар т.б. алып жұмысты бастап кеттік.
– Бастап кеттік дегенде міне жаңылмасам төрт ай тростникпен-қант құрағымен жұмыс істеп, науқанды аяқтадыңыздар. Оның үстіне елімізде қант, шекер мәселесі үлкен абыржулар туғызып, үкімет бұл салаға көңіл бөле бастады. 2025 жылға дейін рес-
публика тұрғындарының қантқа деген сұранысының 70 пайызын өзіміз өндіреміз деп отыр. Естуімше қант құрағы Бразилиядан жеткізіледі екен. Осының жағдайын газет оқырмандарына түсіндіріп берсеңіз?

– Ия. Қант тәтті болғанымен, жұмысы өте қатты, тіптен ащы десе де болатын сала.
Алдымен сіз айтқандай шикізат шынымен Бразилиядан келді. Біз төрт айда 40 900 тонна қант құрағын алып, одан 39 700 тонна шекер өндірдік. Бұл айтқанға ғана оңай.
Болмаса Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс барлық саланы қиындатып, жұмыстың басын бапан, аяғын сапан етіп жіберді ғой.
Шикізат бізге Ресейдің Новороссийск темір жолы арқылы келеді, мына жағдайдан кейін шикізат, қиын жолмен Грузияның Поти порты арқылы, Прибалтиканың Лепаи қаласындағы порт, темір жолдар арқылы қилы-қилы қиын жолдардан өтіп, «шаршап» көп бас аурулармен бізге әрең жетті. Сындарлы, еңбектің, тіптен Үкіметтің жәрдемімен түпкі мақсатымызды жүзеге асырдық. Қазақ халқының дәстүрі бойынша шикізатты өңдеп біткенімізге байланысты «сабан той» жасап, жиырмаға жуық озаттарымызға грамота тапсырып, шамалы болса да қаржылай сый да көрсеттік.
– Бұларыңыз орынды дүние екен. Енді міне қант қызылшасын қабылдап жатырсыздар. Кезекте тұрған балтамыр толы тіркемесі бар камаздарды көріп, біз де қауанып жатырмыз. Жаңа науқанға дайындықтарыңыз қалай?
– Сізге алдымен мынаны айтқым келеді. Біздің мамандар алдын ала облыс бойынша егілген алқаптарды аралап, 150 000 тонна балтамыр қазылып алынады деп жобалап отыр. Көп болса өте жақсы, мүмкін көрсеткіш сәл төмен де болар. Дегенмен қант қызылшасын қазу қарқынды жүріп жатыр. Жаңағы сіз «кезекте тұрған» деген сөзге байланысты айтарым, олар түнімен Байзақ, Т.Рұсқұлов т.б. сияқты аудандардан келген көліктер. Кезек көп уақыт алмайды. Себебі жаңа технологияларды енгізуімізге байланысты таразылар электронды жүйеге көшірілген. Жүк көліктері таразыға шығады, бұрынғыдай қолмен емес таразы автоматты түрде салмақты көрсетеді. Ол көрсеткіш есеп бөлімінен, бас кеңседе көрініп, есепке алынады. Сол сияқты зертхана да электронды жүйеге көшірілген. Көлік жүгімен зертханаға кіргенде, автоматты түрде кір-қоқысы, топырағы қанша, таза салмағы қанша, қанттылығы қанша адамның қатысуынсыз зерделеп автоматты түрде анықтап береді. Ол көрсеткіш те компьютерден есеп бөлімінде тіркеліп, көрініп, қадағаланып, есепке алынып тұрады. Бұл жерде бұра тарту деген болмайды. Енді бір назар аударатын буртоукладчик-қағаттау деген бар. Жұмысқа қол байлау болмас үшін Ақсу заводынан 18 миллион теңгеге екі буртоукладчикті жалға алып келдік. Екі қондырғының да мамандары өзімен бірге келді. Олар ай сайын 250 мың теңге жалақы алады. Өзіміздегі екі қондырғымен төрт комплекс жемісті жұмыс істеп жатыр. Бұл да көліктердің кептелісін болдырмай жұмысты сапалы, әрі тездетуге үлкен жағдай туғызып тұр.
– Шындап келгенде заводтарыңызда жаңа технологияларды енгізу де сындарлы, қатарластырыла жүргізіліп жатыр екен ғой. Тағы қандай жаңалық жобаларыңыз бар?
– Жаңалық дейміз бе, жаңаша жұмыс істеу дейміз бе, өткен жылы Тараз қант заводының қант қызылшасын қабылдау алаңын жалға алып, көп шығынға ұшырадық. Оны жіктеп айтып оқырмандарды жалықтырмай-ақ қояйын.
Биыл Байзақтық қызылшашылар өнімдерін тікелей бізге тасып жатыр. Өзара келісім бойынша әр кило қант қызылшасына тасымалы үшін 4 (төрт) теңгеден қосымша ақы төлеп жатырмыз. Бұл екі жақты өте тиімді тәсіл деп ойлаймын.
Ал жаңалыққа келсек, Белоруссиядан төрт центрифуга алып, оны сол елдің мамандары келіп орнатып жатыр. Ол құрал қант сірнесінен патоканы ажыратады. Былайша айтқанда қанттың, шекердің аппақ болуы осы құрылғыларға байланысты. Сол сияқты упаковка-орау, қаптау цехын да жаңа тәсілге, автоматтандыруға көшіру де жобада тұр. Оны уақыт көрсетеді.
– Енді бір сұрақ қойғым келеді. Бұл сұрақ газет оқырмандарын да қызықтырады деп ойлайын. Қант заводы Меркіде болғандықтан меркіліктер жергілікті өнімді қалай ала алады, бағасы қанша, ол қолжетімді бола ма?
– Бұл сұрағыңыз өте орынды. Біз биыл меркіліктерге аудан әкімдігінің өтініш-сұранысымен 120 тонна шекер 440 теңгеден босаттық.
Ал қант қызылшасы шекеріне келер болсақ, міне бір ғана апта болды Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінде болып, сауда министрлігі, бірқатар өкілетті комитеттер, республика бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өкілдері болып меморандумға қол қойып, бірнеше жақты келісімге келдік. Ол қант қызылшасы өнімінің бағасы 390-500 теңге аралығында деп келісілді. Меркіліктер де осы бағамен тәтті шекерді тұтынады деп ойлаймын.
– Негізінен серіктес сауда орындары бар шығар?
– Бар. Олар «Рахат» кондитерлік фабрикасы, «Шинлайн», «Маслодел» т.б. үлкен-үлкен компаниялар.
– Ия, Нұржан Қуанышбекұлы! Өзіңіз айтқандай жұмысы қатты, өнімі тәтті өнімдеріңізді көптеп шығарып, ел алғысына бөлене беріңіздер дегіміз келеді. Барлық цехтағы шынайы тазалық, үйлесімділік, тәртіп сіздердің жұмыстарыңызға жеміс, табыс, қалыпты ырғақ әкеледі деп ойлаймыз.
Республика күні мерекесі құтты болсын!

С.Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.