Тазалық – мәдениет өлшемі

0
56

Әрбір адамның туған жерге деген сүйіспеншілігі тазалықтан басталуы қажет.

«Тазалық — табалдырықтан басталады» деген ұғымды әкеміз бен анамыз қаршадайымыздан-ақ санамызға сіңірген халықпыз. Күнделікті есіктің алдынан бастап қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орынға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналғаны белгілі.
Аудан — ортақ үйіміз болғандықтан, оның көшелерінің таза болуы әрбір тұрғынның жан-дүниесінің айнасы іспеттес саналады. Жыл сайын осыған орай, көктемгі және күзгі мезгілде аудан көлемінде тазалық айлығы жарияланып, аудан тұрғындары сенбілік шараларына белсене атсалысуда.
Ал осы жиналған қоқыстарды уақтылы тазарту жұмыстары қалай жүруде?
Осы мәселе бойынша көптеген аудан тұрғындары қайырылып жатады. «Қоқыс алынбады, иттер шашып кетті» деген хаттар жиі келеді.
Әрине, жиылған қоқыс уақтылы шығарылып жатса, ауданымыздың айнадай таза болатындығы ақиқат. Осы орайда аудандағы қоқыс тазалау компаниясының басшысы Ерназаров Қуат Алпысбайұлына жолықтық.
– Сіз басқарып отырған ұжым «Андас тазалық» қай кезден жұмысын бастады, қазіргі жұмыс барысы қалай?
– Біздің «Андас тазалық» мекемесі аудан тазалығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарын мамыр айынан бастады. Алғашқы үш айда біз он мыңға жуық аудан тұрғындарының ауласынан қоқыстарды уақытылы әрі тегін шығарып отырдық. Содан соң бұрынғы «Жасыл Меркі» ЖШС-мен келісім шартты бұзып, бізбен келісім-шартқа тұрғызу жұмыстарына кірістік. Қазіргі таңда 6 мыңнан аса тұрғын келісімге келді. Дегенмен, 85 мың халқы бар аудан үшін бұл өте аз.
– «Андас тазалық» ұжымында неше адам қызмет етеді? Материалдық базасы жеткілікті ме?
– Ұжымда 17 адам қызмет атқаруда. 9 арнайы техника бар. Тазалау жұмыстары уақытылы жүруде. Сіздің аудан тұрғындары қоқыс «уақытылы алынбайды» деген сауалыңызға жауап беретін болсам, ол екі ЖШС-нің ауысып жатқан кезімен тура келеді. Біз жаңадан жұмыс бастап, толыққанды жұмысқа кіріскенше ауданда біраз келеңсіз жайттар болды. Қазір жұмыс қалыпты жүруде.
– Аудандағы тазалықты қамту мақсатындағы қоқысты шығару кестесі бар ма?
– Әлбетте, мысалы Меркі ауылдық округіндегі қоқыстар күнделікті, тұрақты шығарылып отырылады. Ал, Ақтоған ауылы әр жұма, Андас батыр – дүйсенбі, сейсенбі, Гранитогорск –бейсенбі, жекелей аудандағы көшелер сәрсенбі күндері тазаланады. Ал таулы аумақтарда 5-6 жеке кәсіпкерлермен келісімге тұрып, жұмыстар жасаудамыз.
– Қоқыс шығару үшін қандай көлемде төлемақы алып жатырсыздар, жалпы қандай қиыншылықтар бар?
– Әрбір істі оңай деп айтуға болмайды. Өзіндік қиыншылықтары бар болатыны жасырын емес. Орта есеппен әр отбасына 400 теңге деп төлемақы белгіледік. Осы күнге дейін үш-төрт ай төлемей келе жатқан тұрғындар бар. 10 мыңнан аса отбасының 10 пайызы ғана тұрақты төлем жасап отырады. Қалғаны қарыз болып тұр. Енді қоқыс жинарда әрбір үйдің төлемақы жасағаны, жасамағанын тексеріп, қоқысын жинайтын боламыз. Егер төлемақы жасамаса, қоқысты да алмаймыз. Сонымен қатар, облыс-
тың тапсырмасына сәйкес бізбен 100 пайыз тұрғындар келісім-шартқа тұруы тиіс еді. Бізде 30% тұрғын келісімге отырды. Халықтың көбі көршісінің контейнеріне қоқысын тастап, өзін төлемақыдан сақтап, бізге жұмысты көбейтіп отырған жайы да бар. Күнделікті аудан аумағынан 20 тонна қоқыс шығарылады. Еңбекті бағалаған жөн деп ойлаймын. Өзгеден кінә іздемей, бір ел, бір халық болып тазалықты сақтайық. Ауданның көрікті әрі таза болуы әрбіріңіздің қолыңызда. Барша жұртты тазалық сақтауға шақырамын.
– Сұхбатыңызға рахмет. Әрине тазалық денсаулық кепілі. Өзімізді қоршаған ортаны қорғайық, табиғатты аялап, тазалықты сақтайық, ағайын.

Сұхбат жүргізген Л.Серікбай

Comments are closed.