Жарқын болашаққа бәріміз бірге!
Меркі ауданының білім бөлімінің «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 30-тамыз «Конституция күні » және 1-қыркүйек Білім күні мерекесі және «2022 жыл — Балалар жылына» орай «Жарқын болашаққа» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараны салтанатты түрде Мемлекеттік Әнұран айтумен басталып, мекеме меңгерушісі Утешова Гүлнар Срайлқызының алғысөзімен жалғасын тапты. Мекеме басшысы «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің» атқарған жұмыстарына тоқтала келе, қазіргі таңда 172 бала осы мекеме қызметкерлерінің көмегіне жүгінсе, 21 бала биылғы жылы мектеп табалдырығын аттағалы тұрғанын айтты. Сонымен қатар, Гүлнар Срайлқызы мерекелік кешке келген қонақтармен: Меркі ауылдық округінің әкімі Ғ.Байарыстан, Меркі ауданының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы А.Малдыбайқызы, «Евразиялық» банкінің басшысы А.Турлыбаева, ПМПК меңгерушісі М.Жубаева сынды қонақтармен таныстырып, оларға өз тілектерін, ниеттерін білдіру үшін сөз берді.
Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеп, түзетіп-оқытып, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстарымен айналысып отырған түзету кабинеті мамандарының еңбегі ерен, жемісі мол.
Мұнда логопед мамандары, деффектолог, психолог мамандары балалармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Мәселен, балаңыз кейбір дыбыстарды, әріптерді дұрыс айта алмаса немесе тілі тым кеш шығып жатса осы мекеменің мамандарының көмегіне жүгінсеңіздер болады.
Сонымен қатар, балада білім алуда, қоршаған ортасын тануда назарының, қызығушылығының жоқтығы байқалса, мұндай кезде де білікті, арнайы білімі мен көпжылдық тәжірибесі бар ұстаздар сіздерге қол ұшын берері анық. Мұнда моториканы дамыту, логикалық ойындар, ойыншықтармен баланың санасын дамыту, т.б әдістер қолданылады.
Айтулы мереке күні баланың жеке қасиеттерін дамыту, ашу арқылы танылған өнерпаздар ортаға шығып ән айтып, би де биледі.
Ал, салтанатты іс-шараға арнайы келген қонақтар мен ата-аналар мекеме ұжымына алғыстарын, ізгі тілектерін айтып, тарқасты.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»