Чернобыль апатының жаңғырығы әлі естіледі

0
34

26-сәуір Чернобыль АЭС-де апат болғанына 36 жыл толды. Осы қайғылы оқиғаны еске алып, қайтыс болғандардың рухына тағзым етіп аудан жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері ескерткіш басына жиналып, гүлшоқтарын қойды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, Чернобыль-Семей қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахадур Адизбаев, осы қордың мүшелері, аудандық мәслихат хатшысы Мұрат Көкрекбаев, Меркі ауылдық округінің әкімі Ғазиз Байарыстан, мектеп оқушылары қатысты.
Алғысөзді Б.Бегалиев алып, мұндай жағдай елімізде қайталбауын, атом қаруынан қазақстандықтар алғаш болып бас тартқандығын тілге тиек етті.
Салтанатты жиын әрмен қарай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында жалғасын тапты. Онда аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақытхан Абжапаров сөз сөйлеп, Чернобыль-Семей апатының ардагерлеріне денсаулық тілеп, бағалы сыйлықтар тартулады. Ал осы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Б.Адизбаев өз кезегінде аудан басшыларына жылда елеп, ескеріп қатардан қалдырмағандарына алғысын білдірді.
Жалпы, Чернобыль апатында радиоактивті отынның тозаңы 160 мың шақырым аумақты жайылып, 17 миллион халықты улаған. Апатты аймаққа КСРО-ның 11 облысы кірген.
Чернобыль апаты он мыңдаған қазақстандықтардың түбіне жетті. Әлем тарихындағы алапат апаттың зардабын әлі күнге дейін шегіп келеді.
Осыдан 36 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз отан алдындағы борыштарын атқарды. Алайда АЭС сепкен ажал уынан құтыла алмады.
Апат зардабын жоюға нақты қанша қазақстандықтың қатысқаны әлі белгісіз.
Ақпарат көздеріне үңілсек, апатты залалсыздандыру жұмысына қатысқан 276 әскери бөлімнің бірі – Орта Азиядан жалғыз барған Қазақстандық 27 химиялық қорғау полкі екен.
Тағы бір ескерерлік жағдай, олардың құрамында запастағы әскерилердің, азаматтық саладағы мамандармен бірге әйелдер, студенттердің де болғаны туралы дерек бар. Оған басқа ел аумағында әскери міндетін өтеген отандастарымызды қоссақ – апатты залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың ұзын саны 40 мыңға жетуі мүмкін екен. Ресей ақпарат құралдарында жазылғандай, апатты залалсыздандыруға 1986-1992 жылдарда қатысқан адамдардың саны 600 мыңнан асқан екен. Олардың ішінде ресми тізімде 31 743 қазақстандық тіркелген екен.
Ядролық реактордың от жалыны 300 метрге дейін көтерілген. Одан шыққан атом отыны ауамен араласып, желмен бірге айналаға тараған. Жарылыс кезінде жұмыста 4500 адам болыпты.
Аталған 4 блоктағы өртті өшіруге сегіз күн кеткен. Апаттың алғашқы күні 80 адам қаза болып, зардабынан 2 мыңнан астам адам ауруханада көз жұмған.
30 шақырымдық апат аймағында 125 мыңға жуық адам болған. Апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болыпты. Улы сауле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған.
Жалпы, радиоактивті отынның тозаңы 160 мың шақырым аумақты жайылып, 17 миллион халықты улаған. Апатты аймаққа КСРО-ның 11 облысы кірген.
1995 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы есебі бойынша 9 миллион адам зардап шеккен. Оның 4 миллионы –14 жасқа толмаған балалар. Бүгінгі таңда апат зардабынан қаза тапқандардың саны 320 мыңнан асты.
Бұл қайғылы оқиғаның өткеніне 36 жыл болғанымен, жаңғыры әлі естіліп тұр, зардабы әлі біткен жоқ.

Л.Серікбай
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.