Жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің алдын алу

0
92

Әлемде қазіргі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырған – бұл жасөспірімдердің, балалардың зорлық – зомбылыққа ұшырауы. Барлық балалар үйінде, мектепте және басқа да қоғамдық мекемелерде күнделікті қатыгездікпен және зорлық – зомбылықпен ұшырасып отырады. Баланың болашақта қандай азамат болуы оның мектепте, отбасында қоршаған ортада алған тәрбиесіне байланысты. Бала өз ата – анасының тәрбиесін алуға, өз қызығушылықтарын жан – жақты дамуын қамтамасыз етуге құқылы. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 137-бабы кәмелетке толмаған баланы ата-анасының немесе осы міндет жүктелген басқа адам, сонымен қатар педагог немесе оқыту, тәрбиелеу, емдеу не кәмелетке толмаған баланы қадағалау міндеттелген басқа да мекеменің қызметкері тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін атқармағаны үшін шара қолдануды қамтиды.
Зорлық – зомбылық, буллинг, кибербуллинг тақырыбы мектепте тәрбие сағаттарында қаралып, ата-аналар үй жағдайында баласының есіне сала отырып, оқушыларға зорлық – зомбылық туралы мағлұмат беруі, ол адамның ең жаман қасиеті екенін түсіндіріп отыруы қажет. Адамның ең басты құндылығы оның бостандығы, олай болса оқушыларға адамзаттық құқықтары мен бас бостандықтарын қорғауы туралы санасына сіңіріп, тәрбиелеуі аса маңызды іс. Зорлық –зомбылық адам ағзасына тікелей әсер ететінін, жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстап, ондай әрекеттерге бармауға тәрбиелеу немесе ондай әрекеттерден сақтандыру адамгершілігі мол саналы азамат болып өсуіне ықпал жасау барлығымыздың міндетіміз.
Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы. Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – Конституциялық заңдылықтың басты талабы. Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.
Зорлық балалардың денелік және психологиялық денсаулықтары және жан-жақты дамулары үшін ауыр машақат болып табылады. Әсіресе, өмір жағдайында түрлі соққылар, зорлық – зомбылық жағдайы көп кездеседі. Балаларға қатысты зомбылықтың алдын алу және бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік жұмыстарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Адамға зорлық көрсетудің екі түрлі жағы бар. Олар: Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру, тағы басқа. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін.
Жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Көп уақытта балалардың өміріне балта шаппау мақсатында, олардың кішігірім қылмыстарын жауып тастауға, ешкімге айтпауға тырысамыз, бірақ, қазіргі қоғамның қажеттілігі сол жағдайлардың айтылып, оқушының түпкілікті бақылауға алынуын қажет етеді.
Азаматтық – патриоттық тәрбие мен зорлық – зомбылық екеуін қатар қарауымыз керек. Егеменді елдің азаматын тәрбиелеуде әр тәрбиешінің, әр ұстаздың ең басты мақсаты – дені сау, ұлттық сана – сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениеті, парасаты, ар – ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында игі қасиеттері бар адамды тәрбиелеу болса, бүгінгі қоғамда жас ұрпақтың бойында зорлық – зомбылық жасауына жол бермеу, өзін – өзі қорғай білуін қалыптастырудың, оқушыларға осы патриоттық сезімдерді жеткізе білсек, оқушының көкейіне патриотизм туралы ой сала білсек, үлгі көрсетсек, онда заманға сай, қоғамға керекті азамат, отан сүйгіш, елін сүйгіш азамат, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз .

М.Ж.Касымова,
Меркі ауданы білім бөлімінің әдіскері

Comments are closed.