Жарқыра, самға, жарық жұлдыз
Меркі аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы барлық дарынды, талантты оқушылардың жетістіктерін паш етуге арналған мерекелік, салтанатты «Жарқыра, самға, жарық жұлдыз!» атты, аудандық, үлкен форум орталық Мәдениет үйінде өтті. ХХІ ғасыр- білімділер ғасыры.Осы білімділер ғасырында ауданымыздың ой-өрісі жоғары, бәсекеге қабілетті, зерделі, білімді, өнерлі, спорт сүйер жас дарындар құрметпен осы форумға шақырылды.Рухы биік еліміздің ертеңі- бүгінгісінен де жарқын болуы-өрісі биік, білімді де талантты ұрпақтарының қолында. Оқушылар «Үміт» сарайының ұжымы осы шараны өткізуге жұмылып, ауданның барлық мектептерінен жиналған үздіктердің үздігін қошеметпен таныстырып, сахна төріне шығарды. Дауысы саңқылдаған жүргізушілер, пәндік олимпиада жеңімпаздарын, Елбасы медалінің иегерлерін, жас математиктерді, ғылыми жоба жеңімпаздарын, жас ақындарды, көркемсөз оқудың шеберлерін, өнерлі жұлдыздарды, Халықаралық, Республикалық түрлі байқаулардың жеңімпаздарын ортаға шақырды.Балабақша бүлдіршіндерінен бастап шақырылған қонақтар, ата-аналар – зал көрермендерге толды, ине шаншар орын болмады. Елбасының 2019 жылғы талантты, белсенді, жастарды қолдау мақсатында өткізілген «Ел үміті» жобасына қатысып, «Елбасы медалін» алған оқушыларды аудан әкімінің орынбасары Б.Д.Бегалиев, пәндік олимпиада жеңімпаздарын аудандық білім бөлімінің басшысы Ә.А.Алтынбаева, зерттеуші жас ғалымдарды, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Б.Асанжанова, жас ақындарды Ш.Мамасерікова, спортшыларды Е.А.Бадашев, өнертапқыштарды Б.Т Әлмейізова, жас сахна жұлдыздарын Р.Қ.Жантаев, «Жұлдызай» байқауының жеңімпаздарын Т.А.Алтынбаев құттықтап, гүлшоқтарын, сыйлықтарын табыс етті.Форумға қатысушыларға арналып «Елім менің», «Нағыз қазақтың ұлымын», айтыстан үзінді, оригиналды жанрындағы қойылым, «Ты Супер» әндері айтылып, «Жібек Жолы» би тобының мың бұралған билерінен тартуланды. Сахна төрінде Лэд экраннан форумға қатысушы үздіктердің фотосуреттері, жетістіктері слайд арқылы көрсетілді. Мәдениет үйінің кіреберіс фойесінде дарындылардың әртүрлі байқауларға қатысу барысындағы жетістіктерін паш ететін, көрме ұйымдастырылды. Жас жеткіншектер үшін форум — нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанып, үлкен әсер алып қайтты. Форум соңында отшашулар жанып, балаларға балмұздақ үлестірілді. Жетекшілерімен бірге естелікке фотоға түсіп, бүгінгі құрмет жаңа белестерге шақыратынын түсініп, тарасты. Осындай шараны ұйымдастырған аудандық білім бөліміне алғысымыз шексіз.
Ә.Боранқұлова,
Оқушылар «Үміт» сарайының қосымша білім беру педагогы