Жүзден жүйрік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жыл «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің былтырғы бастамасы – «Балалар әдебиеті жылы» биыл да жалғасын тауып отыр.
2022 жылдың 19 сәуір күні Меркі ауылдық балалар кітапханасында «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласын насихаттау мақсатында көркем әдебиет туындыларын ең көп оқитын оқырмандар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» жобасы аясында «Совет Әлімқұлов оқулары» атты аудандық байқау өтті. Байқауға аудандық, ауылдық кітапхана оқырмандары қатысты.
Мақсатымыз балалар ақыны Совет Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығын балаларға терең оқыту; балалар мен жасөспірімдер арасында кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру; оқу мәдениеттілігі мен сауаттылығын нығайту.
Іс-шара ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және «2022 – Балалар жылына» орай балаларға арналған әдебиеттерді насихатау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Меркі ауылдық балалар кітапханасында оқу залында жылдағы дәстүрлі түрде өтетін «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ең көп оқитын оқырмандар арасындағы облыстық байқауына қатысушыларды іріктеу басталды.
Байқауға аудандық, ауылдық кітапхана оқырмандары болып табылатын 8-12 жасқа дейінгі балалар қатысып, бақтарын сынады. Байқаудың әділ қазылар алқасы: Д. А. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызмет көрсету секторының меңгерушісі Шымырбаева Айнұр
Джанатовна; Д. А. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Пірімқұлова Күлімкөз Құлмаханқызы; Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Суюмкулова Жанат Батырбекқызы Қатысушылардың өнерін бағалау кезінде оқырманның шығарманы таңдау талғамына, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, жан-жақты біліміне, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеттілігіне назар аударылды. Байқауға 8 үміткер қатысты.
Байқау 4 кезең бойынша өтті.
- “Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын” өзін-өзі таныстыру;
- Балалар ақыны С. Әлімқұловтың өлеңін жатқа оқу немесе сахналық қойылым;
- “Портрет галереясы” портреттегі жазушының кім екенін табу;
- “Әдеби бәйге” С. Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беру; Жүзден жүйрік болып, аудандық іріктеуден облыстық байқауға №15 ЖББМ оқушысы Мұратқызы Айгерім жолдама алды. № 21 ЖББМ оқушысы Құрманғали Ұлдана –І орын, № 18 ЖББМ оқушысы Күздеубай Арайлым – ІІ орын және № 20 ЖББМ оқушысы Жапаберген Ақшолпан – ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар байқауға қатысушы жас оқырмандар Алғыс хаттармен марапатталды. №2 балалар музыка мектебінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.
Осындай байқауды ұйымдастырған кітапхана ұжымына алдағы уақытта да іс-шаралар жалғасын табатынына сенім білдіреміз. Сонымен қатар байқауға қатысушы барша жас оқырмандарға және № 2 балалар музыка мектебіне КММ алғысымызды білдіреміз. Қанаттарың талмасын.
Т. Керимкулова,
Меркі ауылдық балалар кітапханасының әдіскері