Мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда
Аудан әкімдігінде мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде орта және шағын бизнеске арналған мүмкіндіктермен несие алу жолдарын кеңінен насихаттау және түсіндіру мақсатында жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақытхан Әбжапаров, Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Дамир Досалянов, «Даму» қаржылай қолдау АҚ-ы Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілі Еркебұлан Райымбеков, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Жамбыл облыстық филиалының өкілі Бауыржан Таджибаев және аудан тұрғындары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, кредиттер бойынша кепілдіктер беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, өндірістік инфрақұрылым жүргізу тетіктері бойынша сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында және әлеуметтік кәсіпкерлік субьектілерінің тізілімін жүргізу бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды.
Алғаш болып сөз алған Дамир Досалянов «Бизнестің жол картасы – 2025» осы жылдан бастап Ұлттық жоба аясында іске асырылып, инновациялық жобаларға берілетін қайтарымсыз гранттардың шарттарын түсіндірді.
Одан кейін Еркебұлан Райымбеков «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының» Ұлттық жоба және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлікті қолдау мақсатында атқарылып жатқан субсидиялау және кепілдендіру тетіктері туралы баяндады.
Оның айтуынша, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» тікелей қаржыландырмайды. Мысалға, кез келген кәсіпкер екінші деңгейлі банктен Ұлттық жоба арқылы 19,5% несие алатын болса, қолдау қоры арқылы 19,5% несиенің 12,5% субсидияланады, яғни кәсіпкер қалған 6 % ғана өтейді. Сонымен қатар, кепілдік мөлшері жетпей қалған жағдайда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» 85%-ға дейін кепілдік береді.
Сондай-ақ, Еркебұлан Райымбеков Ұлттық жоба бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы кепілдіксіз 5 млн. теңгеге дейін 6 пайызбен несие берілетінін және кепілдіксіз несиені алу үшін азаматтан жеке куәлігі, жеке кәсіпкер болып тіркелгені туралы талоны, жеке кәсіпкердің салық органдарынан арнайы декларациясы сынды 3 құжат қана талап етілетінін айтты.
Келесі сөзді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Жамбыл облыстық филиалының өкілі Бауыржан Таджибаев жалғастырып, аталған қордың «Іскер» бағдарламасы бойынша беретін жеңілдетілген несие шарттарымен таныстырды.
Бауыржан Таджибаев «Іскер» бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі 6%, ал көпбалалы болса 4%, кез келген бизнестің түріне 5 млн. теңгеге дейін, ал егін шаруашылығы болса 6 млн. теңге дейін несие берілетінін айтты.
Сонымен қатар, несие мерзімі – 3,5 жыл екенін, 5 млн. теңгеден жоғары несие алу үшін жайылым жер немесе қоражайы міндетті түрде болуы керектігін жеткізіп, несие пайызы 17% болса, оның 7%-ын ғана кәсіпкер төлеп, қалғанын мемлекет субсидиялайтынын, несие соммасы кепілдікке байланысты екенін баяндады.
Жиында аудан тұрғындары, оның ішінде кәсіпкер азаматтар өздерінің қызықтырған сұрақтар бойынша спикерлерге сауалдарын жолдап, нақты жауап алды.
Қазбек Камалов,
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі